• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2024

Елімізде азаптау мен қатыгездіктің алын алуға бағытталған мәселелер талқыланды

82 рет
көрсетілді

Бүгін, 18 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің, «Талдықорған құқық қорғау орталығы» ҚБ, «Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы» Өкілдігінің және «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ қатысуымен «Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігін жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Дөңгелек үстел» жұмысына құқық қорғау, арнайы және сот органдарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің, адвокатура институтының, құқық қорғау ҮЕҰ, білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының, БАҚ-тың өкілдері, сондай-ақ құқықтанушы ғалымдар қатысты.

Жиынға қатысушыларға Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Йоханнес Баур мырза, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, Талдықорған құқық қорғау орталығы директорының орынбасары Жанар Нұрмұханова, «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ директорының орынбасары Роза Ақылбекова құттықтау сөз сөйледі.

«Дөңгелек үстелде» Қазақстанда азаптауды және жабық мекемелердегі қатыгездіктің басқа да түрлерін болдырмауға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) нығайтудың өзекті мәселелері, Қазақстандағы ҰАТ институтының тиімділігін талдау нәтижелері, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға және Азаптауға қарсы конвенция мен оның Факультативтік хаттамасы ережелеріне сәйкес ҰАТ институционалдық әлеуетін нығайту жөніндегі ұсынымдар талқыланды.

Жиын барысында Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша елде азаптаумен және қатыгездіктің басқа да түрлерімен байланысты құқық бұзушылықтарды жою бойынша қажетті және шұғыл шаралар қабылданғанын, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап прокуратура органдарына азаптауларды тергеу бойынша заңнамалық деңгейде айрықша тергеу жүргізу құқығы берілгенін атап өтті.

Бұдан әрі ол дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын Азаптауға қарсы конвенцияның Факультативтік хаттамасы нормаларына сәйкес ҰАТ қатысушыларының жабық мекемелердегі азаптауды болдырмау жөніндегі тиімді алдын алу шараларына аударды.

Айта кету керек, еліміздің барлық өңірлерінде арнайы мобильдік топтар құрылды, олар азаптау туралы белгі түскен кезде қылмыс жасалған жерге барып, шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізеді.

2023 және 2024 жылдары прокурорлар азаптау туралы тергеп-тексерілетін істер шеңберінде ҚПК-нің 200-бабы тәртібімен уәкілетті органдардың атына қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 107 ұсыныс енгізді.

БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің 2023 жылғы 10 мамырдағы Қазақстанның төртінші кезеңдік баяндамасын талқылау нәтижелері бойынша шығарылған қорытынды ескертулерін іске асыру шеңберінде Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдар Комитеттің ұсынымдарын іске асыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Мәселен, мемлекеттік органдар азаптауды айқындау бөлігінде заңнаманы жетілдіру жөнінде шаралар қабылдап жатыр, Парламент Мәжілісінің қарауына «Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы енгізілді.

БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің ұсынымын іске асыру шеңберінде және азаматтардың құқықтарының қорғалу кепілдіктерін арттыру мақсатында Қазақстанның құқық қорғау органдарының басшылары қылмыстық процесте және жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітті.

Жиынға қатысушылардың баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде халықаралық құқық нормаларын одан әрі имплементациялаудың, сот төрелігі жүйесі мен соттан тыс құралдарды қоса алғанда, Қазақстанда адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдірудің өзекті мәселелері қозғалды.

Сарапшылар Азаптауға қарсы конвенцияның Факультативтік хаттамасының ережелеріне сәйкес Қазақстандағы азаптауға қарсы қолданыстағы ұлттық алдын алу тетігі институтын жетілдіруді ұсынды.

Жиында сөз сөйлеген сарапшылар құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерінің, сондай-ақ барлық жабық мекемелер қызметкерлері мен ҰАТ қатысушыларының адам құқықтары саласындағы біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыру бойынша тұрақты жұмыс істейтін оқыту курстарын өткізудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.