Мәтіні мен әуені үйлесім тапқан әннің жүрекке жылы тиетіні бар. Кейде әр адам өзінің бозбалалық шағын, балалық кезін аңсайтын, сағынатындай көрінеді. Көңілдің түкпірінде қалып қойған ескірмейтін шығармалар сағымға айналған сол бір мөлдір жылдардың естелігін есіңе салатын секілді. Ішкі жан дүниеңде беймәлім бір аласапыран күй ойнап қоя береді. Жаныңды тыныштандырғың келіп, ретроға айнала бастаған әндерді тыңдайсың...
Зымырандай зулаған уақыттың көшін кері қайтаратын, балалық шаққа сапар шектіретін қайрат ешкімде жоқ. Сырты тотыдай таранып тұрса да, түрлі музыкалық тәсілмен сырлап әрлесе де, мәтінінен мән кеткен әндер көңілдің қошын келтіре алмайтыны анық. Содан да болар, алыста қалған арман жылдарға сапар шегіп, сол кездің өшпес туындыларымен жаныңды емдегендей күй кешесің.
Иә, 2005–2006 жылдары қазақ эстрадасында кішігірім «төңкеріс» жасаған жігіттер аз болған жоқ. «Азия» секілді өзге де бірнеше топ шырқаған әндер әлі күнге санадан да, жүректен де өшпеген сыңайлы. Өйткені олар құдіретті өнерге деген адалдықтың антынан тайған емес. Тереңіне тарта түсетін тамаша шығармаларды сағынатындар әлі де аз емес-ау. Оны автокөлік жүргізушілерінің талғамынан да байқап жүрміз. Бүгін де таксиде отырып, ескі әндердің бірін тыңдап, жаураған жанымызды жылытқандай болдық.
«Өзіңмен қалсам кезігіп,
Ғажайып бір күй туатын.
Екеуміз ғана сезініп,
Екеуміз ғана ұғатын»,
деп басталатын лирикалық ән көңіл қатпарындағы беймәлім сезім алауын тұтатып жібергендей болды. Әннің басталуынан да, қайырмасынан да романтикалық сарын есіп тұр. Біреуге аз, біреуге көп шығар... Ол жағын кім білсін? 18-20 жыл бұрын хитке айналған шығарма біздің замандастарға үшін дидарына дақ түспейтін махабаттың гимніндей болған еді. Сөзі мен сазы үйлесім тапқан ән расында да ойыңды онға бөліп, көңіл түкпіріндегі құпия сандықтың құлпын ашып жіберетіндей құдіретке ие ме дерсің. Әдемі әуенге тартымды сөз жазған ақынның шеберлігі де байқалады.
Шалқыған көңілмен ғаламторды аштық, пернетақтаны бастық. Есті әннің сөзі көкейімізде сайрап тұрса да, мәтін авторы кім екеніне осы күнге дейін назар аудармаппыз. Енді білдік. Тамаша туындының сөзін белгілі ақын Баянғали Әлімжан жазған екен. Қысқасы, түсінгендей болдық. Сүйегіне сөз қонған адам жазған соң шығар, «Ғажайып күй» әні әлі күнге дейін жанымызға ғажайып жылу сыйлап тұрғаны.
Әуенді жазған айтулы ақын Баянғали Әлімжановтың ұлы –Нұрлан Әлімжанов. Актерлігі мен әншілігінен композиторлығы да кем түспейтінін байқадық. Осылайша, кездейсоқ ізденіс арқылы ғаламат әннің әке мен ұл арасындағы шығармашылық тандем нәтижесі екенін білдік. Содан да болар, бұл шығарма нағыз ретроға айналып кетті.
«Айтуым керек болса да,
Сөз табу қиын мұндайда.
Айым-ау мені қинамай,
Айтқызбай білсең болмай ма?
Алаулап нұрың жүзіңнен,
Ботадай көзің мөлдіреп.
Жарқ ете қалған кезіңде,
Кетеді жаным елжіреп»,
деп келетін әннің қайырмасындағы тармақтар да жадымызда жатталып қалған. Дәл осы шумақтарды «Азия» тобының орындауында тыңдаған кезде, өзіңнің де жаның мен жүрегің елжіреп кететіні даусыз. Бір сөзбен айтқанда, ән, әнші, ақын үштігі бір-бірін айна-қатесіз тапқанына ешқандай күмән келтіре алмайсың.
Біздің буынның есінен кетпейтін «Ғажайып күй» әнін орындаған әншілер аз емес екен. Мұны да сол интернеттен көріп, көңіл толқыды. Әйткенмен, біз үшін «Азия» тобының орындауы бөлектеу көрінетін секілді. Құлағымызға солардың үні сіңіп қалды ма, кім білсін...
Ғажап шығарманың қайырмасында жазылғандай, «сөз табу» қиынға айналса да, жан дүниеміздің түкпірінен шыққан сөзді айтып отырмыз. Әрине, әр адамның өз талғамы бар. Қалай десек те, есті тыңдарман барда, ескі әннің табиғатындағы әуен ешқашан өшпейтін секілді. Өйткені біздіңше «Ғажайып күй» – шоқтығы биік туынды.