• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тәрбие 19 Қыркүйек, 2024

Экологиялық тәрбиенің орны ерекше

155 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауында қоғамның сан-саласына қатысты өзекті жайттарды қозғап, нақты мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың шешілу жолдарын нұсқап, тиісті органдарға, Парламент пен Үкіметке тапсырма берді. Бүгінгі тыныс-тіршілікке де, келешекке де бағытталған жобаларға тоқталды.

Осы Жолдаудан көңілге тоқыған дүнием – Президенттің тәрбие бағытындағы айтқан сөздері. Елімізді өркендету бағытындағы жоспар-жобалардан білім саласы да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Ел болашағы жастардың қолында екені айтпаса да түсінікті, сол себепті бүгінгі өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбиемізді сіңіріп, құқық бұзушылыққа қарсы рухта тәрбиелеу жағына көп көңіл бөлінді. Оған қоса мемлекет тарапынан жастарымызды қолдау, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отба­сы мәселесі де мемлекеттік сая­саттан шет қалмайтынын жеткізді, Ұлттық қордан бала­лар­дың болашақ игілігіне деп қаржы беру бастамасын жандандыруға мән берілді.

Бұған қоса Мемлекет басшысы мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн екенін де атап өтті. Бұл ретте мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлуді өте орынды айтты.

«Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық бас­қару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орын­дарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталы­сы жақсы, оны жалғастыру қажет», деп Мемлекет басшысы білім саласына барынша көңіл бөлініп отырғанын аңғарт­ты.

Ал тұтас халықты бірлікке ұйыстыра алған берекелі бас­тама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында елімізде көктемнен бері көп шаруа атқарылды. Президент Жолдауда аталған акцияға бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат қатысқанын атап өтті. Мыңдаған үйдің ауласы тазартылып, 1 миллион тоннадан аса қоқыс жиналыпты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Әлі де болса акцияны тоқтатпай, осы рухта жалғастыра берген абзал. Расында, бұл бастама бізде жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келе жатқанын көрсетеді.

«Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек», деген Мемлекет басшысы «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін шегелеп айтты. Десе де әкімдіктің үйлестіру жұмыстарына жұмылып, айнала төңіректің таза болуына бір кісідей атсалысу – әрбір адамның азаматтық борышы. Тазалық жинаған жерде емес, оны сақтаған жерде болатыны, ата-бабамыздан ықылым заманнан бері өнеге-өсиет болып келе жатқан қағида емес пе еді?

Қорыта айтсақ, Президенттің тазалық мәдениетін қалыптастырып, «Таза Қазақстан» акциясын одан әрі жандандырып, табиғатқа деген жанашырлығымызды, тазалыққа деген жақындығымызды да біздің қонақжай­лы­ғы­мызбен қатар аталар қасиетке айналдыру туралы ойы өте құптарлық. Әрине мектептің оқу бағдарламасында өскелең ұрпақты тазалық мәдениетіне баулу ісі кенде қалып жатқан жоқ. Түрлі акциялар, тәрбие сағаттары өткізіліп тұрады. Оқушыларды мұндай мемлекетшілдік бағытта тәрбиелейтін үлкен бастамалардан барынша тыс қалдырмауға тырысамыз.

 

Светлана ИСАЕВА,

мұғалім

 

Талдықорған