• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Қыркүйек, 2024

Спортты бақталастық көгертпейді

105 рет
көрсетілді

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпар додасынан финалдық тартыс Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қырғызстан ұлттық құрамасы арасында өтіп, 5:4 есебімен біздің көкпаршылар этноспорт Олимпиадасының чемпионы атанды.

Осы сыннан кейін қырғыз тарапы «ойын ережесі өрескел бұзылды» деп, тіпті финалдық тартыс кезінде «ереженің бір емес, 14 мәрте бұзылғанын» мәлімдеді. Содан кейін 1 қарашада Қырғызстанда өтетін «Бірлік» турниріне көкпардан сайысқа шақырды. Ұлттық құраманың аға бапкері Нұрдәулет Момынов ереже бұзған ойыншының алаңнан қуылып, «қара нарға» кеткенін айтты. Бірақ қалай болғанда да көкбөріден ғана емес, көкпардан да чемпиондық атақты қанжығалауға келген көршілер реніші әлі басылар емес.

«Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Көкпар мен көкбөріден қырғыз бауырларымыз Түркияға аттарды апаруға ұшақты бірге жалдаймыз деп бізді сендірді. Жол жүретін күн таяғанда түрлі сылтау айтып, ақыры бізден бұрын жетіп, түрік тарапы ұсынған аттардың арасынан таңдап-таңдап, белді жүйріктерді өздеріне бөліп алыпты. Ал бізге көкпарға емес мінуге жарамайтын аттарды ұсынды. Бірақ Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың тікелей қолдау көмегімен Түркияның басқа аймағынан аттарды алдырып сайысқа қатыстық. Қырғыз құрамасын көкпардан жеңіп, жігіттер чемпион атанды.

2016 жылы ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Қырғызстанда өткенде көкпардан ұлттық құраманың капитандық міндетін арқалап алаңға жігіттерді өзім бас­тап шықтым. Ойынның басталғанына 4 минут өткенде біздің көкпаршы Әбуғали Әбдіжаппаров тақымына серкені басып, доданың арасынан шығуға ұмтылғанда сонадайдан құйындатып келген қырғыз ойыншысы Манас Ниязов бар екпінімен қасақана қақты. Құлап, аттың астында қалған Әбуғали ауруханаға түсті. Сонда біздің құрама мүшелерінің кейбірі жеке өміріне қауіп төнетін болса, бас тартайық деді. Құраманың капитаны ретінде барлығына рух беріп, соңына дейін  барымызды сала тартыстық. Рас, жеңіліп, күміс медаль бұйырды. Бірақ олардың осындай адам өміріне қатер төндірген әрекеті үшін біз марапаттауда медальды шешіп, тұғырдан түсіп кетпедік, Қырғызстанның мемлекеттік әнұранына құрметімізді таныттық», деген Н.Момынов көршілердің қарымта тартысқа шақыруы орынсыз екенін жеткізді.