• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Тағзым 20 Қыркүйек, 2024

Халық ақынына құрмет

94 рет
көрсетілді

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Қазақстанның халық ақыны, сатирик, сазгер, журналист, қоғам қайраткері Қонысбай Әбілдің 70 жылдығына арналған «Әй-әй» ақын әлдиі» атты еске алу кеші өтті. Мазмұнды мәдени іс-шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.

Қарт Торғайдың төсінен түлеп ұшқан тұғырлы та­лантқа өнердің қай түрі де жат болған емес. Бала кү­нінен өнерге ғашық болып өскен өрен алғаш оқыр­мандарға шымшы­ма әзілі бар сықақ өлеңдерімен, мұңлы әсем әндерімен танылды. Әсіресе автордың сатира жанрында жазыл­ған «Бастау», «Алаңғасар», «Көршілер» «Жетпіс же­тінің жігіттері» атты жинақ­тары сыншылар тарапы­нан жоғары бағаланды. Қона­ғаң журналистика саласын­да да айшықты із қалдыр­ды. Алғашқы еңбек жолын аудандық газеттен баста­ған қаламгер облыстық «Торғай таңы», одан кейін сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») га­зетінің меншікті тілшісі болып, қоғамдағы сан ­алуан өзекті мәселені батыл көтерді. Кейін қалалық «Ар­­қалық таңы» газеті мен Тор­ғай облыстық телерадио компаниясын басқарды.

Ел талантына сүйсін­ген асыл азаматтың тағы бір қыры – суырыпсалма ақын­дығы. Ол сонау 80-жыл­­­­дар­дың басынан хал­­қы­мыздың ғажайып мұ­ра­сы – айтыс өнерінің қайта жан­­дануына қомақты үлес қосты. Қонысбай аға басына үкі таққан бөркісі­мен сахнаға шыға келген­де көз ал­дымызға қазақ сал-се­рілерінің бейне­сін елес­тететін. Айтыста «Тор­­ғайдың топжарғаны» Нұр­хан Ахметбековті пір тұт­ты. Әсіресе арқалы ақын­ның Көкен Шәкееев, Көк­бай Омаров, Әселхан Қалы­бе­кова, Әсия Бер­ке­нова, Қа­ти­молда Берді­ғалиев, Шын­болат Діл­де­баев, Ерік Ас­қаров секілді ақ­таң­гер­лермен айтысы төл өнері­міз­­дің үздік үлгілеріне айналды.

Сондай-ақ Қонысбай Әбіл Астана – бас шаһар болған жылдардан бастап, елордада мемлекеттік тілді дамыту ісінің негізін қалап, ана тілімізді өркендету жолында бел шешіп еңбек етті.

Ақынды еске алу ке­ші өзгеше форматта өт­ті. Бұл жолы сахнада қа­лам­гердің туындылары ғана сөйледі. Тек қана Қона­ғаң­­ның жақын серігі, көр­некті ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет досы туралы жы­лы естелігімен бөлісті.

«Адам өмірі мазмұны бөлек кітап секілді. Әркім­нің де жүрек кітабы бар. Қонысбай аузын ашса жү­регі көрінетін жігіт еді. Жа­нының кеңдігі бірде сайын далаға, енді бірде асқар тау­ға ұқсаушы еді. Оның са­тирасы да, лирикалық жыр­лары да керемет. Қай шы­ғармасы болмасын, өмірдің өзінен ойып алынғандай оқырманға әсер етеді. Сан қырлы талант иесі болатын. Кез келген музыкалық аспапта шебер ойнайтын. Туған жері – Торғайды ерекше жақсы көрді. Астанаға қоныс аударғаннан ке­йін мемлекеттік тіл­дің мерейін көтеруге бар күшін жұм­сады. Шындығын айт­қанда, Қоқаңның қалаға сіңірген еңбегі ерекше. Сондықтан елорданың бір көшесіне Қонысбайдың есімі берілсе, артық емес», деді ол.

Кеш барысында ақын­ның өзі шығарған ән­дері мен сөзіне жазылған шығармаларын Қазақстан­ның Еңбек сіңірген қайрат­керлері Нұрлан Өнер­баев, Айгүл Қосанова, Клара Тө­ленбаева және Пе­ризат Тұрарова, Шах­ризат Сейдахмет, Өзгеріс Ше­рікбай секілді дарынды өнерпаздар нақышына кел­тіріп орындады. Сон­дай-ақ Арқалық қала­сын­дағы Қонысбай ағаның ізін жалғаған ақындар мек­тебінінің өкілдері – Айбек Қалиев, Тоба Өтепбай, Батыр­лан Сағынтаев ұс­таз рухына арнап жыр төк­ті. Ал Жастар театры мен Ә.Мәметов атындағы мем­лекеттік драма және коме­дия театрының актер­лері қаламгер шығар­малары­нан шағын көрініс қо­йып, көрермендерді жылы әсерге бөледі.