• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2024

Сарыкемердегі қоныстой

257 рет
көрсетілді

Өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған мыңдаған азаматтың мәселесін мүмкіндігінше жеделдетіп шешуге басымдық беріліп отыр. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, облыс бойынша жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 750 мың шаршы метрге жеткізу үшін тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

Жергілікті атқарушы билік аудан орта­лық­тарында тұ­ра­тын халықты пәтермен қам­та­масыз ету мақсатында да ауқым­ды жұмысты қолға алғанын айта кеткен жөн. Мәселен, біршама уақыт бұрын Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылындағы «Арай» шағын ауда­нында көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған азаматтар жаңа пәтердің кілтін алып, марқайып қалды.

Күні кеше Байзақ ауданы­ның орталығы саналатын Сары­кемер ауылында 240 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Жаңа пәтер ие­ле­рін қуанышымен құттықтай бар­ған өңір басшысы Ербол Қара­шөкеев кезекте тұрған тұр­ғын­дардың баспана мәселесін шешу негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын тілге тиек етті.

«Дәл бүгін отбасымызбен бірге зор қуанышқа кенеліп отырмыз. Он жылға жетеғабыл уақыт бойы тұрғын үй кезегінде тұрдым (Алланың қалауымен). Бүгін үш бөлмелі пәтер кілтін алып, көңіл көкке ұшып, мар­қайып отырған жайымыз бар. Ауыл халқының мәселесін ше­шуге ықпал етіп отырған бас­шы­ларға айтар алғысымыз шексіз. Бұл – көпбалалы отбасылар үшін үлкен демеу», дейді сегіз баланы тәрбиелеп отырған ана Нағима Еділханқызы.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жү­гінсек, әл-Фараби шағын ауданында бой көтерген 4 тұрғын үйде 1 бөлмелі – 80, 2 бөлмелі – 80, 3 бөлмелі 80 пәтер бар екен. Жергілікті атқарушы билік бірінші кезекте көпбалалы, толық емес отбасылардың, сондай-ақ ата-анасының қам­қорлығынан тыс қалған бала­лардың және бюд­­жет­тік сала қызметкерлерінің өтіні­шін қана­­ғаттандыру туралы шешім қабылдаған.

Жалпы алғанда, облыс орта­лы­ғының іргесінде орналасқан Байзақ ауданында 3 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр екен. Олардың мәселесін ке­зең-кезеңімен шешу мақсатын­да ауқым­ды жұмыс атқарылып жатыр.

Жергілікті жұртты баспанамен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 4 тұрғын үйдің құрылыс жұмысы қолға алынса, осы жылы 120 пәтер сатып алу көзделген. Бұдан бөлек, бірнеше жыл бұрын аудандарда басталған «Асарлатып үй салу» жобасы да тоқтамақ емес. Сол жоба аясында 15 азаматқа баспана салу бойынша жұмыс қарқын алған.

«Өңір халқын баспанамен қамтамасыз етудің маңызы орасан зор екені белгілі. Сол үшін де жергілікті атқарушы билік өкілдері тынымсыз еңбек етіп жүр. Қазіргі кезде құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан 2 909 пәтерлі 56 тұрғын үйдің 51-ін осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Жергілікті жастардың пәтерлі болуына да мүмкіндіктер қарас­тырылған. «Әулиеата жастары» бағ­­дар­ламасы осы жылы да жал­­­­­ға­сатынын айта кеткен жөн. Нақ­­тырақ айтсақ, биыл 140 жас ма­ман қоныстойын тойлайды. Өткен жылы да біраз жас тұрғын үймен қамтылған болатын.

Облыс бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізуге, пә­тер сатып алуға 40,8 млрд тең­ге қа­ражат қарастырылған. Бұл көр­­­­сеткіш өткен жылмен салыс­тыр­­­­ғанда екі есеге артып отыр.

Облыс орталығы Тараз қала­сынан бөлек, Сарысу, Тұрар Рысқұлов, Шу аудандарында 5,9 млрд теңгеге 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұ­мысы жүргізіледі. Түсінгенге бұл аз жұмыс емес. Көпбала­лы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын бас­панамен қамту мақса­тында облыс бойынша 23,5 млрд теңгеге 1 575 пәтер сатып алу­ды жос­парлап отырмыз», дейді өңір басшысы.

Расында да, кейінгі жылдары кезекте тұрған өңір халқын баспанамен қамту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқаны көңіл қуантады. Байзақта болсын, қай жақта болсын, қолға алған бұл жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы