• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 24 Қыркүйек, 2024

Жақсылардың ізіндей киелі шаңырақ

122 рет
көрсетілді

Құрылғанына 120 жыл толған Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжі – еліміздегі педагог кадрларды даярлаған тұңғыш оқу орны. Ашылғаннан бастап, білім беру саласына сапалы маман даярлап келе жатқан іргелі оқу ордасы – көненің көзіндей шежірелі, жақсылардың ізіндей киелі шаңырақ.

ХХ ғасырдың басында еліміз пат­шалық Ресейдің шеткері отар өлкесі саналса да, сол кездегі әлемдік қарқынды даму үдерісінен тыс қалмады. Әсіресе капиталистік нарық қатынасының өзіндік заңы осы үрдісті жеделдетті. Сонымен қатар бұл өзгеріс қоғамдық дамудың түрлі саласына, оның ішінде білімді маман мен кәсіпкерлікке сұраныс туғызды.

Алғаш рет Далалық өлкеге ғана емес, Батыс Сібірдің көптеген аймағына бас­тауыш мектеп оқытушыларын даяр­лау мақсатында Семей қаласында мұға­лімдер семинариясын ашу туралы мә­селені Батыс Сібір оқу округінің қам­қоршысы П.Лаврентьев көтерді.

1903 жылы 23 қыркүйекте Семейде мұғалімдер семинариясы ашылды. Бұл ресми түрде – «Бастауыш сынып оқытушыларын даярлауға арналған мұғалімдер семинариясы» деп аталды. Аты айтып тұрғандай, бұл семинария бастауыш училищелер мен бастауыш орыс-қазақ мектептеріне және ауылдағы қазақ мектептеріне мұ­ғалімдер даярлады. Семей мұғалімдер семинариясының тұңғыш директоры болып Санкт-Петербор университетінің түлегі Александр Владимирович Белый тағайындалды. Ол оқу орнын 1906 жылдың 1 тамызына дейін басқарып, семинарияның қалыптасуына зор үлес қосты. Содан бері сақталған құжаттарға зер салсақ, семинария алғаш ашылғанда оқуға түсуге талапкерлер Том, Тобыл, Воронеж, Орел губерниялары мен Семей, Жетісу облыстарынан өтініш берген.

А.Белыйдың кейін Санкт-Петербор тарих-филология институтының түлегі Михаил Николаевич Березников 12 жыл директор болды. Сонымен қатар мұнда таңдаулы жоғары оқу орындарын бітірген озық ойлы педагогтер еңбек етті. 1905 жылы 1 шілдеде Семей мұғалімдер семинариясына қырғыз (қазақ) тілі оқытушысының қызметі енгізіліп, бұған Нұрғали Құлжанов қабылданды. 1906 жылы маусымда мұғалімдер семинариясының алғашқы 15 түлегі бітіріп, оларға бастауыш училищенің мұғалімі куәлігі табыс етілді. 1914 жылы оқу орнына императордың тақ мұрагері Алексей Николаевичтің есімі берілді. Сондай-ақ мұнда оқушыларға ерлі-зайыпты Нұрғали, Нәзипа Құл­жановтар, ағайынды Н.Белослюдов, А.Белослюдов, И.Малахов, В.Попов сияқты білікті ұстаздар сабақ берді.

Қазақтың дарынды жастары оқыған Семей мұғалімдер семинариясы шәкірт­теріне жан-жақты білім берумен бірге олардың рухани-эстетикалық дамуы­на да ерекше көңіл аударды. Олар қалада түрлі мәдени іс-шара мен ұлттық ойын-сауық кешін ұйымдастырды. 1914 жылы Семейде Абайдың қайтыс болуы­на 10 жыл толуына арналған әдеби-этнографиялық, музыкалық өнер кешін өткізуге ерлі-зайыпты Құлжановтармен бірге семинарияда оқитын қазақ жас­тары ұйытқы болды. Бұл туралы «Ай­қап» журналының 1914 жылғы № 4 са­­­нында мақала жарияланған. Семей об­лы­сының сол кездегі әскери губернаторы Ф.Чернцов пен қала жұртшылығы қатыс­қан осы кеште Нәзипа Құлжанова губер­натордың өзін таңғалдырып, таза орыс тілінде Абайдың өмірі туралы баяндама жасаған. Осыдан-ақ еліміздің қаншама буынын тәрбиелеген оқу орнының ел тарихындағы алатын орны зор екенін көреміз.

Мұғалімдер семинариясында Ә.Сәт­­баев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ж.Ай­­мауыт­ұлы, Қ.Нұрмұхамедов, Б.Сәр­сенов, Ә.Марғұлан секілді айтулы ұлт зия­лы­ларының алғашқы ағартушылық, қайрат­керлік, жазушылық жолы қа­лыптасты.

Қазақ әдебиетінің классигі, оқу ор­нының түлегі Мұхтар Әуезов 1915-1920 жылдары мұғалімдер семинария­сында оқып жүріп, алғашқы шығармаларын жазды. Сонымен бірге болашақ даңқ­ты жазушы «Ярыш» футбол коман­дасының белсенді мүшесі болып қана қоймай, Ж.Аймауытұлымен бірге 1918 жылы «Абай» журналын шығарды. Халқымыздың ұлттық санасын оятатын мақалалары «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттерінде жиі жарияланды.

1914-1919 жылдары семинария шә­кірті Жүсіпбек Аймауытұлының шығар­машылық таланты жарқырап көрінді. 1915 жылдың 13 ақпанында Семейде өткен тарихи кеште «Біржан мен Сара» айтысының сахналық нұсқасын жасап, оны қойған Жүсіпбек болатын. 1916-1917 жылдары жазушының «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рәбиға» сынды пьесалары жарық көрді.

Сондай-ақ оқу орнының тарихы – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, аса көрнекті академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен де тікелей байланысты. Мұнда 1914-1919 жылдары семинария директорының 14 семинариске стипендия тағайындау туралы Семей облыстық басқармасына жазған қатынас-хаты сақталған. Соның ішінде айтулы ғалымның да есімі бар. Оқуын тәмамдағаннан кейін Қ.Сәтбаев мұғалімдер семинариясы жанындағы қазақ мұғалімдеріне арналған екі жыл­дық педкурста жаратылыстану пәні­нен сабақ берген. Тағы да белгілі тұл­ғаның бірі – Семейдегі Алаш милиция­сын құрып, оның алғашқы командирі болған, 1918 жылы 6 наурызда совдептің қызылгвардияшылары атып өлтірген, семинарист Қазы Нұрмұхаметұлы.

Мұғалімдер семинариясында оқыған санаулы қазақ жастары өзге ұлт өкілдері арасында оқуға деген зор ынталарымен ерекшеленген. Семинарияда 1903-1920 жылдары аралығында Құрманбай Мұздыбаев, Әбікей Сәтбаев, Ахметолла Барлыбаев, Қасымбек Әуезов, Ахметбек Сейсембаев, Тәуекел Нуркин, Әбіш Хасенов, ағайынды Биахмет және Жанах­мет Сәрсеновтер, Рақымбай Сапақов, Имамағзам Әлім­беков, Мұстафа Шан­тин, Әбдікәрім Дүйсебаев, Қасымхан Бе­ке­наев сияқты қазақ жастары білім алған.

1919 жылы кеңес өкіметі орнағаннан кейін жаңа билік өкілдері білім беру ісіне де баса назар аударды. Алдымен олар халықтың әртүрлі тобы ара­сындағы сауатсыздықты жоюды күн тәртібіне қойды. Осы маңызды істе Се­мей мұғалімдер семинариясына үлкен міндеттер жүктелді.

Аталған семинария 1920 жылдың қыркүйегінен бастап, «Семей халыққа білім беру практикалық институты» деген жаңа атаумен қызметін бастады. Ал 1922 жылы аталған оқу орнының негізінде екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылды. 1922 жыл­дың 1 желтоқсанында Семей қазақ пе­дагогикалық техникумының дирек­торлығына Ә.Сәтбаев тағайын­далды. Әбікей Зейінұлы бұл қызметті 1927 жылдың шілдесіне дейін атқарды. Қазақ педтехникумында осы кезеңде белгілі алаш қайраткерлері – Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Сейтбаттал Мұстафин, Тайыр Жомартбаев, Ғалиақпар Төребаев, Мәннан Тұрғанбаев сабақ берді. Сонымен қатар Б.Герасимов, Н.Белослюдов, Е.Мертвецов секілді білікті ұстаздар қызмет істеді. Ә.Сәтбаевтан кейін Семей­дегі қазақ педтехникумы мен училищесін 1930-1940 жылдары А.Жиенғалиев, Ш.Мұ­хаметов, К.Хамитов, Т.Жайықбаев, Т.Мусин, М.Муртазин сияқты азамат­тар басқарды. Осы қазақ педтехникумында оқып, білім алған танымал тұл­ғалардан: академик Әлкей Марғұланды, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұсатай Ақынжановты, Қазақ КСР Оқу министрі, педагогика ғылымда­рының докторы, профессор Әбдіхамит Сембаевты, Қазақ КСР Ішкі істер ми­нистрі Шырақбек Қабылбаевты, пе­дагог, ақын Ахат Құдайбердиевті, Со­циа­­листік Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Жа­­қия Шәйжүнісовті, саяси қуғын-сүр­гін құр­баны, ақын, журналист, педагог Тұр­лыхан Қасенді ерекше айтуға бо­лады.

Орыс педагогикалық техникумы мен училищесін 1922-1950 жылдары А.Михаилов, В.Бобошкин, Н.Чурсин, А.Микешин, П.Хомутов, Л.Тюрин сынды қабілетті директорлар басқарып, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтты. Сондай-ақ оқу орнында А.Малахов, А.Чурсина, Т.Стюхин, Л.Усачева, П.Попов сынды тәжірибелі ұстаз­дар еңбек етті. Ал орыс педтехнику­мын бітірген түлектер арасынан ғалым, ұстаз Л.Перелыгин, Социалистік Еңбек Ерлері М.Носова, Д.Парий, Кеңес Одағының батырлары В.Бунтовских, В.Шулятников секілді тұлғалар шықты. 1937 жылы екі педтехникум негізінде қазақ және педагогикалық училищесі құрылды. Қазақ педучилищесінеАбай Құнанбайұлының, орыс педучилищесіне К.Ушинскийдің аты берілді. 1953 жылы аталған екі оқу орны біріктіріліп, К.Д.Ушинский атындағы педагогикалық училище деп аталды. 1953 жылы педаго­гикалық училищенің 50 жылдығы кең көлеме атап өтілді. Қазақ КСР Ха­лық ағарту министрлігінің 1953 жыл­ғы 10 қыркүйектегі бұйрығымен А.Кра­сильникова, Н.Гечелло, Н.Бельская, М.Шаяхметова, З.Хомутова, В. Назирова, А.Цикунова сынды ұстаздар мемлекеттік наградамен марапатталды. 1950-1960 жылдары оқу орнын Г.Уразалин, Т.Ақа­жанов, А.Бартыков, У.Әбішев, Ж.Дәукеев секілді іскер директорлар басқарды.

1957 жылы Қазақ КСР Халық ағар­ту министрлігінің «Педагогикалық училищелерді тарату туралы» бұйрығына сәйкес Семейдегі педагогикалық училище қызметін тоқтатып, оның материалдық құндылықтары Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына берілді. Бірақ педучилищені жабудың қателігін уақыттың өзі дәлелдеді. 1963 жылы Семей педагогикалық учи­лищесі қайтадан ашылды. Оның дирек­торлығына іскер басшы, білікті педагог А.Бекбаев тағайындалды.

А.Бекбаевтың бастамасымен Мұхтар Әуезовтің туғанына 70 жыл толу құрме­тіне орай үкіметтен оқу орнына аса көрнекті жазушының атын беру туралы ұсыныс жасалды. 1967 жылы 6 жел­­тоқсанда Қазақ КСР Министрлер Кеңе­­сі төрағасының № 628 бұйрығымен білім ордасына заңғар суреткердің есімі берілді. Училище 1970 жылы наурызда Ш.Уәлиханов көшесіндегі бұрынғы ғимаратына оралып, оқу орнына арнайы 400 орындық жатақхана салынды. 1987 жы­лы М.Әуезовтің 90 жылдық мерей­­тойы қарсаңында байырғы ғимаратқа жапсарлас жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Осы жұмыстардың бәрі сол кездегі ұлылардың ізі қалған шаңырақты басқарған Асылхан Табылдыұлының кезінде жүзеге асты.

1992 жылы оқу орны педагогикалық колледж болып қайта құрылып, басшы­лығына философия ғылымда­рының кандидаты Н.Қалиев келді. Ол қазақ тілінде оқитын топтарды ашуға көп көңіл бөлді.

Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж – қазіргі заманауи инновациялық технологияларға сәйкес құрылған, дағды мен құзыреттің кең түрін меңгерген білікті мамандарды даярлайтын оқу орны. Педагогикалық ұжым болашақ мамандардың сапалы білім алуымен қатар олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық ар-ұжданын тәрбиелеуге баса назар аударады.

Колледждің кірсе шыққысыз оқу ғимараттары, ондағы бай кітапхана, электронды оқу залы, компьютерлік, мультимедиялық-лин­гофондық, ин­терактивті оқу кабинеттері интерактивті панельмен, «smart» тақта және заманауи модификациядағы жиһаздармен жабдықталған, спорт залдары талапқа сай. Эргономикалық интерьермен ерекшеленетін дәліздер, коворкинг орталығы, студенттер жатақханасы – білім алушылардың сапалы білім алуы мен демалуына қолайлы орта. Осының бәрі келген адамды таңғалдырмай қой­майды. Колледж ауласындағы қабырғаға оқу орнын әр кезеңдерде бітірген, тарихта аттарын қалдырған тұлғаларға арналған тағзым тақталар ілінген.

Халқымызда «Жақсының жақсылы­ғын айт, нұры тасысын» деген бір тамаша аталы сөз бар. Ондай тәмсіл, өзінің саналы ғұмырында халқының игілігі үшін күш-жігерін аямаған, соның жақсысына қуанған, жаманына күйінген, қалдырған іздері сайын даланың төсінде, қоңыр жоталарда сайрап жатыр дейтіндей жандарға айтылатыны аян. Жұртшылық сондай жанның бірі деп, қасиетті қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Алдамжарқызы Жанаеваны атайды.

Қазір бағаналы білім ордасын­да оқып, қызмет жасаған, елдің ер­теңіне темірқазықтай бағыт берген тау тұлғаларға арналған 38 атаулы дә­ріс­хана, электронды-ақпараттық зал, интернет зал жұмыс істейді, соның 20-сы ұлтжанды азаматтардың, белгілі меценаттардың қаржыландыруымен жабдықталған. 2013 жылы оқу орнының тарихы жайындағы тұңғыш кітап – «Алаштың білім ордасы» атты танымдық-ғылыми сипаттағы жинағы, 2018 жылы оқу орнының 115 жылдығына орай «Алаштың білім ордасы» томдығының 2-кітабы, биыл «Алаштың тұңғыш білім ордасы» кітабының ІІІ томдығы жарық көрді. Биылғы оқу жылында колледждің 120 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Ес-Аймақ» жастар рухани орталығы ашылды.

Сондай-ақ оқу орнында әр педагог­тің қызмет жағынан кемелденіп, жоғар­лауына мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, «Жалпы биология» оқу құралдарының авторы Б.Қалкенова республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңім­пазы атанған. Сонымен бірге 4 оқы­­ту­шы «Талап» КеАҚ штаттан тыс тре­нері, 9 оқытушы ЖББМ шеңберінде ЖББП оқыту бағдарламасы бойынша штаттан тыс аймақтық тренер. Ал педа­гог-шебер З.Алқанова кандидату­расы «Кіші сы­ныптарда оқыту» құзы­рет­тілігі бойынша «WorldSkills» Ұлт­тық чемпио­натының бас сарапшысы ре­тінде ұсы­нылды. Оқытушылар үздік­сіз кәсіби шығармашылығын дамытумен қатар студенттердің зияткерлік әлеуеті­нің өсуі­не ықпал жасап, ғылыми-практи­калық кон­ференциялар, пәндік олимпиада­лар мен кәсіптік байқаулар жиі өтеді. Айталық, колледж студенттері «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чем­пионатында екі дүркін жеңімпаз болды.

2022 жылы Абай облысына келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М.Әуезов атындағы колледждің жұмысымен танысып, жетістіктерін көрді. Ұжыммен еркін әңгімелесіп, ризашылығын білдірді.

Бәсекеге қабілетті, терең білімді, биік рухты, кәсіби шеберлікті шыңдай білетін мамандарды даярлауда колледж ұжымының атқарып жатқан қызметінің ауқымы барынша кең. Тарихи тағылымы мол еліміздегі педагогикалық арнайы оқу орындарының тұңғышы – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің іргесі биік, тұғыры мығым.

 

Мұхтарбек КӘРІМОВ,

Шәкәрім университетінің профессоры