Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Нәтижесінде өзара Мәдениет күндерін өткізу туралы келісім жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
2024 жылғы 24-26 қыркүйек аралығында Астанада Әзербайжан Республикасының мәдениет күндері өтеді.
Бүгін, 24 қыркүйекте «Физули-530» кітабының тұсаукесері және этно-джаз концерті ұйымдастырылады.
25 қыркүйекте Қазақстан мен Әзербайжанның ұлттық кітапханалары арасында меморандумға қол қою, Эльмира Ахундова кітабының тұсаукесері, сонымен қатар «Әзербайжан өнерінің жауһарлары» көрмесінің ашылуы және би ансамблінің концерті өтеді.
Ал 26 қыркүйекте Әзербайжанның заманауи өнері және Томирис иконографиясы туралы дәрістер өткізіледі.
Басты іс-шара 26 қыркүйек күні Қ. Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық-драма театрында өтеді. Гала-концертте Әзербайжанның халық әртістері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында Әзербайжанның Баку қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өткен еді.