Өңірдегі құрылыс жұмыстарының қарқын алуына дем беріп отырған іргелі кәсіпорынның бірі – «Көкше Цемент» серіктестігі. Кәсіпорын 400 маркалы цемент шығарады. Алдағы уақытта сапаны арттырып, өнім көлемін көбейтуге мүдделі.
Тығырықтан жол тапты
Серіктестік директоры Болат Оспановтың айтуына қарағанда, цемент зауыты үшін ең керегі – шикізат. Негізгі цех ең басты шикізат – клинкерді өндіреді. 19 сәуірде ең үлкен электр двигателі істен шығып, зауыт жұмысы кілт тоқтаған. Ол өзі – салмағы 19,5 тонналық, Германияда дайындалған құрылғы. Өскемен зауыты жөндей алмайтынын айтқан. Қытайдан, Ресейден іздестірген. Ақыр соңында Германиядан тапқан. Құны – 400 млн теңге. Дайындауына да көп уақыт кетеді. Зауыт ол уақытта қаңтарылып тұра алмаса керек-ті. Болат Ыбырайұлы барлық маманды жинап, кеңес өткізген. Өздерінде шағындау екі цемент диірмені бар. Солардың электр двигателін Семейге апарып, жөндеуден өткізіп, жұмысқа жарамды жағдайға жеткізген. Бұл туралы тәптіштеп айтып отырғанымыз, кәсіпорын мамандарының шынайы шеберлігін көрсету. Олар тығырықтан шығар жол тауып, шетел мамандары ғана жасайды деген қасаң түсінікті бұзып, өздері де қолда барды кәдеге жаратып отыр. Кәсіпорындағы желіні жөндеуге 70 адам жұмылдырылған. Ауыр еңбектің нәтижесінде маусым айында зауыт қайтадан жұмыс істей бастады. Шілде айында 75 мың тонна клинкер дайындалды.
Цемент диірменінің біреуі ғана жұмысқа жарамды болғандықтан өнім көлемі де өткен жылдың көрсеткішінен төмендеу. Жыл басынан бері 187 мың тонна цемент дайындалған. Кәсіпорын жыл ішінде 500 мың тонна клинкер дайындауды жоспарлап отыр. 300 мың тонна цемент өндірілмек. Іргедегі Астана, Көкшетау, Павлодардан сұраныс жиі түседі.
Инфрақұрылым назар аударуды талап етеді
Құрылыс жұмысы жаз маусымында өрістейді. Күн сайын мың тоннаға жуық цемент сатылады. Кәсіпорынның өзінде жүк тасымалдайтын 100 вагон бар. 140 вагонды жалға алып отыр. Жаз бойы өнімнің басым бөлігі автокөлік арқылы тасымалданды. Бұл бір бейнеті көп шаруа. Жол әбден бұзылып, жарамсыз болып қалған. Отыз шақырымнан сәл ғана асатын жолдан біз де өттік. Тұп-тура 2,5 сағат жүрдік. Белден асқанша беліміз үзіліп қала жаздады. Кеңес заманында салынған, одан бері күрделі жөндеу көрмеген жолдың құр сүлдері қалыпты. Отыз-қырық тонналық ауыр жүк көліктері биылғыдай жауынды, ылғалы мол жылы қара жолдың бойын қазан шұңқыр етіп ойып-ойып тастаған.
– Ірі компаниялар да тапсырыс береді, – дейді Болат Ыбырайұлы, – егер олар екі мыңнан бес мың тоннаға дейін өнім сұраса, теміржол арқылы жөнелтеміз. Теміржол – Ерейментау бағытында. Сол арқылы Астанаға апарады. Алдағы уақытта жол болмағандықтан Көкшетау қаласына жеткізіп, сол жерде сатсақ деп ұйғарып отырмыз. Қиындықтан шығар жалғыз жол осы. Әйтпесе, бірнеше тұтынушымыздан айырылып қалдық.
Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания
Кәсіпорында қазір 570 адам жұмыс істейді, орташа табыс – 230 мың теңге. Кәсіпорынның өрт сөндіру командасы бар. Өткен жылы төңіректегі елді мекендерге өрт қаупі көп кезде қорған болған. Кәсіпорын іргесіндегі Заозерный селосының тұрғындарына ауызсу тасымалдап береді. Өткен жылы осы жұмысқа 2 млн теңге қаражат жұмсаған. Елді мекенді абаттандыруға 1,5 млн теңге бөлген. Қыста Кеңащы ауылына дейінгі жолды қардан тазартады. Жол тазалауға бір маусымда 4 млн теңге қаражат жұмсаған. Заозерный ауылының тұрғындарына өткен жылы 8 млн теңге көлемінде көмек көрсетсе, биылғы жарты жылдықта 7,7 млн теңгенің қайырымдылық шараларын жүзеге асырған. 487 млн теңге салық төлеген. Өткен жылғы салық көлемі – 1 млрд теңгеден астам.
1 млрд теңгеден астам салық төлеген
Зауытта кадр жетіспейді. Кадр бөлімінің қызметкері Жанар Әмірғалиеваның айтуына қарағанда, 158 жұмыс орны бос тұр. Негізінен, жүк көлігінің жүргізушілері, жөндеуші слесарьлар, электр монтерлар, жүкшілер қажет екен. Кәсіпорында жақын маңдағы елді мекен тұрғындары еңбек етеді. Жұмыс вахталық әдіс бойынша ұйымдастырылған.
Кәсіпорын директоры жұмысшыларға барлық жағдай жасалғанын айтады. Жайлы жатақханалары бар, жұмыс киімі беріледі, тегін тасымалдайды. Бір ауысым кезінде 240 адам еңбек етеді. Тек бір әттеген-айы – көктемгі, күзгі маусымда диқандардың еңбекақысы өскен кезде жұмысшылар уақытша болса да табысы мол жерге кетіп қалады.
Болашағын ойлаған кәсіпорын кадр даярлауға көбірек көңіл бөледі. Облыстағы бірнеше кәсіптік-техникалық оқу орнымен меморандум жасалған. Оқушы жастарды тәжірибеден өткізіп, жұмысқа тарту жағы қолға алынып жатыр.
Қытайлық инвестор келуі мүмкін бе?
Бір жақсысы, шикізат өздерінің кен орындарында өндіріледі. Сырттан көмір, гипс, темір рудасын және жанар-жағармайды ғана сатып алады. Зауыттағы барлық құрылғы Дания мемлекетінен әкеліп орнатылған. Сол себепті, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету мәселесі қиындау. Қажетті тұрбалар Түркиядан алынады. Жеткізудің өзі бір машақат. Егер өз елімізде қажетті бөлшектер өндірілсе, көптеген кәсіпорындағы өндіріс өрісі кеңейе түсер еді.
Ең басты мәселенің бірі жол екенін жоғарыда айттық. Кеңащы ауылынан Степнякқа дейін – 25 шақырым. Осы жол бөліктерін жөндеу туралы мәселе көтерілгенімен әлі күнге шешімін таппай тұр.
– Біз жыл сайын 1 млрд теңгеден астам салық төлейміз, – дейді серіктестік директоры, – жолды жөндеу зауыттың міндеті емес. Өз қолымыздан келген шаруамызды атқарып, қолғабыс тигізіп отырмыз. Осы кәсіпорын 2017 жылдың 17 қыркүйегінде ашылды. Содан бері жол жөнделген емес. Егер сапалы жол салынса, көлік салмағы кесірін тигізе алмас еді. Қазір Алматыдан да тапсырыс түсіп жатыр. Алыс-жақын шетелдерден де өтінім бар. Алдағы уақытта теміржол арқылы тасып, Астанадан цемент сататын сауда базасын ұйымдастырғымыз келеді. Облыс орталығында бетон дайындайтын құрылғы орнатып, жылына 2 000 тоннаға жуық бетон өндірсек деген жоспарымыз бар.
Ендігі бір мәселе – электр энергиясының қымбаттауы. Зауыт айына электр қуаты үшін 150 млн теңге жұмсайды. Егер бұрын кәсіпорын электр энергиясымен қамтамасыз ететін бір ұжыммен жұмыс істесе, бүгінде олардың саны бесеуге жеткен. Өнімнің өзіндік құны да осы себептен өсіп отыр. Таяуда кәсіпорынға қытайлық мамандар келген екен. Тиімді ұсыныстар да айтқан көрінеді.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы