ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Түркістан облысына барып, облыстық штаб мүшелерімен бірге Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығы, білім, медицина салаларының қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуге қатысушылар аграрлық саланың қазіргі жағдайы мен даму келешегін, мамандар даярлау, аудан халқының денсаулығын жақсарту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жайын талқылады.
Сенатор атом энергиясы электр қуатын өндірудің сенімді және үнемді көзі ретінде ауыл шаруашылығының тиімді жұмыс істеуі, оның ішінде суару жүйесі мен жылыжай және басқа да саладағы өндірістерде маңызды екенін атап өтті. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа қолжетімді бағамен сатылатын болады.
«АЭС құрылысы булану газдарының шығарындысын азайтуға және экожүйенің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан уран өндіруде әлемдік көшбасшы болғандықтан атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндігі бар. Бұл бизнес үшін де, халық үшін де экологиялық және экономикалық пайда әкеледі», деді Әли Бектаев.