• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2015

Елбасы Назарбаев Университетінің түлектеріне диплом беру рәсіміне қатысты (фото)

323 рет
көрсетілді

АСТАНА. 15 маусым. Елбасы Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом беру рәсіміне қатысты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Жиналғандарға сөз арнаған Мемлекет басшысы түлектерді, олардың ата-аналарын, Қамқоршылық кеңесінің мүшелерін, басшылықты, профессорлар мен университет қызметкерлерін алғашқы лектің бітіруімен құттықтады, сондай-ақ, меценаттарға алғыс айтты. Нұрсұлтан Назарбаев диплом тапсыру рәсімі университет қана емес, бүкіл республика үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті. «Тарихымыздағы алғашқы халықаралық деңгейдегі ғылыми және білім беру орталығының – жетекші жоғары білім беру орнының тұңғыш түлектері енді бүкіл Қазақстанның өміріне араласқалы отыр. Еліміз жас, жан-жақты даярланған, білікті мамандардың жаңа буын өкілдеріне ие болды. Бұл әсіресе, Ұлт жоспары негізінде мемлекетті жаңғырту жөніндегі терең өзгерістерге кірісіп жатқан қазіргідей кезде айрықша маңызды», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Астанада осындай университет ашу арқылы жаһандық білім берудің қуатты жаңа ошағы қалыптасқанын атап өтті. «Ол біздің экономикамыз бен өмірімізді біліммен, ғылыми жаңалықтармен, инновациямен еселейтін болады. Азаматтарымыздың өмірін жақсы жағына өзгертіп, олардың бойына бастамашылық пен отаншылдықты, үздіксіз оқу мен кәсіби өсудің машығын орнықтырады Бұның бәрі Қазақстанның тұрақты және жаһандық тұрғыдан дамыған мемлекет ретінде өмір сүруі үшін, өз мемлекетімізді жаңғыртып, нығайту үшін, Отанымыздың беделі мен әлемге танымалдығын арттыру үшін жасалуда. Сіздерге өмірлік жолдама беру арқылы біз осы көкейтесті мақсатымызға қарай жақындай түстік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті түлектерге университеттің тарихи тізімінің басында тұру мәртебесі бұйырып отырғанына назар аударды. «Университеттегі даярлық деңгейін сіздер арқылы, сіздердің істеріңіз арқылы бағалайтын болады, бұл – айрықша жауапкершілік. Мен сіздердің әрқайсыңыздан зор құлшыныс пен кәсіби деңгей күтемін. Сіздердің оқуларыңыз алғашқы дипломды алумен аяқталмайды. Ол өмір бойы жалғасады. Ең басты өмірлік тәжірибені оқудан кейін меңгересіздер. Оған қалай қол жеткізуді сіздерге бес жыл бойы оқытты. Егер мамандықтарыңыз бен еңбектеріңіз өмірлік сүйікті істеріңізге айналмаса, жатталған нәрсе тез ұмытылуы мүмкін. Өз ісінің нағыз кәсіпқойы тек біліп қана қоймайды, білгенін нақты іске асыра да алады. Университеттің барлық түлектері осындай кәсіпқойлар болатынына сенемін», – деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев түлектер өз ісінің шебері ғана болып қоймай, Қазақстан қоғамының адамгершілік құндылықтарын да жан-жақты нығайтып, өз Отанына қызмет етудің биік үлгісін танытатынына, халқымыздың материалдық, рухани және мәдени құндылықтарын еселеу ісіне зор үлес қосатынына айрықша сенім білдірді. Қазақстан Президенті еліміздің білім беру саласындағы бірқатар жетістіктеріне тоқталып өтті. «Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған Адами капиталды дамыту индексіне сәйкес, Қазақстан бір жылда бірден 8 орынға көтеріліп, 37-орынға шықты және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше Португалия, Грекия, Испания, Чили, Мексика, Түркия, сондай-ақ, Малайзия, Қытай, Бразилия сияқты елдерден озды. Елдің сауаттылық деңгейінің рейтингі бойынша Қазақстан 33-орынды иеленді, ал білім беру жүйесінің сапасы жөнінен бірден 9 тармаққа көтерілді. Бұл табыстарға сіздердің университет те зор үлес қосты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы университет түлектері мемлекетіміздің жаңа буын элитасының негізі екенін атап айтты. «Елді дамытып, халықты бақытқа, бақ-берекеге жеткізу ісі сіздерге жүктеледі. Мұның қаншалық қиын іс екенін мен жақсы білемін. Бүгінгідей жаһандану жағдайында сіздерге тұрақтылық пен даму қарқынын ұстап тұрудан да артығырақ мақсатқа ұмтылу қажет болады. Сіздерге «Бастан асып секіре алмайсың» деп қанша жерден нықтаса да, биік меже қоюға тура келеді. Егер сіздерде қазір бекем әрі батыл амбиция болмаса, онда кейін табысқа жету үшін күш-жігер табу қиын болады», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев университеттің диплом иегерлерін жұмысқа қабілеттілік, тапқырлық, ширақтық танытуға шақырды. «Мен бізде басқарушылардың, мемлекеттік қызметкерлердің, бизнесмендер мен қоғамдық көшбасшылардың жаңа шоғыры өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Көп ұзамай Қазақстан мамандары, ең алдымен, осы университеттің түлектері бүкіл әлемге өзінің жаңашылдығын, бәсекеге қабілеттілігін және қажеттілігін көрсетеді деп сенемін. Әлемнің жетекші университеттерінің тарихы – ең алдымен оның түлектерінің табысының тарихы. Бұл университетте де оның түлектері атқарған ұлы істердің жаһандық айшықты тарихы болатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бұл күндері бүкіл еліміз бойынша мыңдаған қазақстандық студенттің диплом алып жатқанына назар аударды. «Жоғары оқу орындарының барлық түлектерін құттықтаймын, оларға өмірден лайықты орындарын табуын, сәттілік және бақыт тілеймін. ЮНИСЕФ-тің бағалауы бойынша, Жастардың дамуының жаһандық индексінде Қазақстан 27-орын алып отыр. Бұл Франция, Түркия және Швеция сияқты елдердің көрсеткішінен жоғары. Біз қазіргі атқарып жатқан істеріміздің бәрін сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз үшін жасап жатырмыз. Бүгінде сіздердің алдарыңыздан бүкіл әлемге жол ашық. Сіздер қызықты кезеңде өмір сүріп, болашаққа қарай қарыштап қадам басқан елмен бірге ержетіп келесіздер. Осының барлығы біздің қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың арқасында. Сондықтан сіздердің басты миссияларыңыз – елдегі бірлік пен келісімді нығайту. Баршаға бейбіт заман мен игілікті өмір жолын тілеймін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Студенттер мен оқытушылар университеттегі жасалған жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, күш-жігерлерін елдің бұдан әрі даму жолына жұмсайтындарын жеткізді. *** Назарбаев Университетінің тұңғыш түлектері қатарында 446 студент оқуын бітірді. Оқу орнының құрылған кезінен бері білім алып келе жатқан жастардың жалпы саны 2 800-ге жетті. Оқуға түсу емтихандарының қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізген талапкерлер студенттің университеттегі барлық оқу кезеңіндегі шығындарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты арқылы оқиды. Грантқа жыл сайын 500 адам ие болады. Студенттердің басым көпшілігі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, инженерия, ғылым мен технология мектептерінде, сондай-ақ, білім беру, мемлекеттік саясат және бизнестің жоғары мектептерінде оқиды. Оқушылардың арасында компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, роботты техника және мехатроника, білім беру ісін басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия, сондай-ақ, құрылыс инженериясы мамандықтары мейлінше сұранысқа ие болып отыр. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.