Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысында жергілікті бизнес өкілдері және ірі кәсіпорындардың қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенатор «Атамекен» ҰКП ұжымымен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесуде энергетика саласындағы реформалардың маңыздылығына тоқталды. Энергия ресурстары жетіспей отырған қазіргі жағдайда атом энергетикасын дамыту – талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
«Ауқымды реформаларды іске асыру үшін референдум өткізу жоспарланып отыр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес келеді. Халықты атом энергиясын пайдаланудағы артықшылықтар мен қауіптер туралы хабардар ету – мемлекеттік органдардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Өз кезегінде отандастарымызға түсіндіру шаралары мен ашық диалог өткізу – ашықтық пен өзара сындарлы іс-қимылға негізделген жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалауға көмектеседі», деп атап өтті сенатор Нұғманов.
Депутат сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» АҚ Ақтөбе басқармасының қызметкерлерімен де кездесті. Жүздесу барысында жасыл энергетиканы дамыту келешегіне қатысты мәселелер талқыланып, компания қызметкерлерімен ашық диалог жүргізілді. Кездесуге қатысушылар сауалдарын қойып, референдум туралы бастамаға қолдау білдірді.