• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Талбесік 25 Қыркүйек, 2024

Аршаты – Алтайдың төрі

797 рет
көрсетілді

Шыңында таутеке ойнақтап, қар барысы жортқан Алтайдың төріндегі тұмса табиғатты Аршаты орманшылығының инспекторлары мен орманшылары қызғыштай қорып, тау-тасын торып жүр. Жалама шыңдарда фототұзақ құрып, көзге түсе бермейтін түз тағыларын суретке түсіретін де осылар.

Аумағы 86 мың гектарға жуық Аршаты орманшылығының бір шеті Қытаймен шектессе, енді бір жағы Ресеймен шекаралас. Төрінде Бұқтырма көлі мөлдіреп жатыр. Ақ көбігін бұрқ-сарқ шашқан Бұқтырма өзені де осынау орманшылықтың аума­ғындағы Шындығатайдан басталады. Аңның жыртқышы да, тұяқтысы да қиыр шеттегі осынау қалың жыныс пен құзар шыңдарды мекен қылады. Күз бен көктемде санақ жүргізіп, оларды түгендеп отыратын орманшылықтың әккі мамандары. Еліміздің ең шеткі ауы­лы – Аршатыдағы бұл мекемеде 21 инспектор, екі орман шебері, бір орманшы және оның көмекшісі жұмыс істейді. Өрт қауіпті кезеңде өрт сөндіру автокөлігіне штаттан тыс жүргізуші, өрт сөндіру жасағы уақытша жұмысқа алынады. Орманшылардың айтуынша, жалақының төмендігіне байланысты өрт сөндіру көлігіне жүргізуші табу қиындық туғызатын көрінеді. Десе де, басқа ауылдардан шақыртып, тығырықтан шығып отыр. Аршаты орманшылығы филиалына Әділжан Қасымханов басшылық етеді.

Түнеугүні Аршатыға бір жол түскенде Таутекелі аңғарында орманшылармен азды-көпті әңгімелескеніміз бар. Катон­қарағай ұлттық табиғи паркіндегі ең үлкен орманшылықты қорып жүрген аршатылық орманшылардың атқарып жатқан жұмыстары ерекше, ерен. Неге дейсіз ғой?! Сіз әлеуметтік желіде таң-тамаша болып, көріп жүрген қар барысын, таутекелерді, өзге де аң-құстарды фото, бейнетаспаға түсіріп алатын осы орманшылар. Таутекенің тұяғы тиген жер­мен адам оңай жүре алмайтынын ескерсек, талмай фототұзақ құрып жүрген маман­дардың еңбегін ерекше бағалаған жөн.

«Аршаты орманшылығы Бұқтырма өзенінің оң жағы, сол жағы болып бөлінеді. Ұлттық парк аумағындағы аң-құстың барлық түрі бар. Аю, қасқыр, құну, бұл­ғын секілді жыртқыштардан бастап, аша тұяқтылардан елік, марал, күдірге дейін кездеседі. Құстардың да түрі көп. Сақалтай да ұшады. Қазір соны суретке түсіруге кірістік. Ұя салып, балапан басты ма, жоқ па, зерттейміз», дейді орманшы Жомарт Аманбаев.

Айта кетейік, «Қызыл кітапқа» енгізіл­ген қар барысы Шығыс Қазақстанда ең алғаш Аршаты орманшылығында суретке түсірілген. Мысық тұқымдас сабаншы дей-тұғын жыртқыш та тұңғыш рет осы өңірдегі Сарыбетте фототұзаққа ілінді. Биыл Алматының зоология институты құр­ған фотоқұрылғының бейнежазбасына түсті.

Аршаты орманшылары қар барысын 2012 жылдан бастап зерттеп келеді. 2008 жылы Жомарт Аманбаев, Нұр­лан Қа­рабаев, Азамат Мүбараков және Марқакөлден мамандар жиналып, Ресей­дегі үлкен қорықтардың бірінде онкүндік семинарға барып қатысқан. Сол жерде фототұзақтың тілін үйреніп, білімдерін шыңдаған. Естеріңізге салсақ, қар барысы 2014 жылы желтоқсанда түсірілген. Алайда алғашқы сурет 23 қара­шада түнде тартылған. Бұл Ұлттық парк үшін ғана емес, күллі еліміз үшін де үлкен жаңалық болғаны шындық. Одан кейін де қар барысын зерттеу тоқтаған жоқ.

«Аяқтан таусылып фототұзақ құру оңай дейсің бе? – деп, желке тұстағы беткейге көз жіберген Манарбек Омаров әңгімесін әріден бастады. – Баспалап бара жатқан барысты өз көзіммен де көрдім. Аршатының тауларында табаным тимеген жер жоқ. Анау қар басқан шыңды көрдің бе? – деді көк тіреген шыңға қарай қол соза. «Иә» дегенше болған жоқ, – сондағы қар бетімен сырғанап түстім».

Манарбек құйрығымен жер сызып бара жатқандағы барысты осы маңнан көріпті. Қолда фото болмаған соң, көп ешкімге тіс жара қоймаған. Кейін суретке түсірген соң ғана дәлелді болған. Орманшылардың сөзіне қарасақ, фототұзақ құрудың бейнеті көп. Қорым тастарға дейін атпен шықса, одан арғы асқарға жаяулап шығады. Ша­ғыл тасы егіліп жатқан беткейлерге шығуың да, түсуің де бейнет. Тауешкі мен барыстың жымына жету де оңай емес.

«Осыдан он жыл бұрын Аршаты орманшылығында барыс фототұзаққа ілінген соң, өзіміз де қызыға бастадық. Тау басындағы тұзақтарды әр тексерген сайын жаңалық ашсақ екен дегендей ниетпен барамыз. Жаздың күні аз ғана фототұзақты аю қиратып кетті. Құрылғы көбірек болса дейміз. Қуаты таусылғанда барып ауыстырып отырамыз. Оны құру, шешу жұмыстарына өзім тікелей араласамын. Манарбек Омаров, Ақберен Құсманов сынды сенімді, мықты жігіттермен бірге кейде тау асып, ондаған сағат жаяу жүреміз. Қызықты әрі қиын жұмыс», дейді Ж.Аманбаев.

Ондаған сағат тасты тауда жүрген орманшылардың керзі етіктерінен не қалар дейсің. Аяқтан тозып жүріп небір өсімдік түрлерін де кездестірген. Жалпы, Алтай тауларында көк бүлдірген, ит бүлдірген, қарақат, алтын тамыр секілді емдік шөп пен жемістің сандаған түрі бар. Жомарт Аманбаев бірде тау аралап жүріп, Қоралы шатқалында ерекше бұтақты көзі шалған. Бір емес, бірнеше рет кездес­кен. Ең қызығы, жаз болсын, қыс болсын, жапырақтары түспейді екен. Бұл нендей құдірет деп, бір бұтағын сындырып, Ұлттық парктің ғылыми бөліміне өткізіпті. Анықталғандай, ол тасты беткейлерге бітетін ледебура деп аталатын бұта екен.

Аршаты орманшылығының жартысынан көбін орманды алқаптар алып жатқандықтан, көшет егу жұмыстары жиырма жылдан бері енді ғана жүргізіле бастапты. Бұған дейін 2003 жылы 20 гектар жерге көшет отырғызылған екен. Былтыр мамандар топырақты зерттеп, біраз жерге көшет еккен. Оның 70 пайызы жерсініп, тамырланыпты.

Орманшылардың дәл қазіргі атқарып жатқан жұмыстары – жануарлардың қамы. Қыста тұяқтыларды қосымша азықтандыру үшін, қайың бұтағының 320 дана бумасын дайындаған. Оларды тағылардың жолына қарай 21 айналымға қояды. Желтоқсаннан бастап қосымша дайындаған 22 тонна шөпті бөледі. Ал жаздың күні туристерге жолсеріктік қызмет атқарады. Ғылыми қызметкерлерге де жол бастайды. Аршатыдан 16 шақырым жердегі қорық аумағына кіреберісте, өткізу бекетінде туристерді тізімдеу, нұсқаулық беру жұмыстары жүргізіледі. Шын­дығатайдағы Раджан Батырханов атындағы шекара заставасы сарбаздарымен бірлесіп, рейдтер жүргізеді. Өрт қауіпті кезеңде тілсіз жаудың алдын алу үшін әр түрлі шаралар ұйымдастырады.

Орманшылардың сөздеріне сүйенсек, ең үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Ауылда жетпістей ғана үй қалған, мұнда жастардың тұрақтануы қиындап барады. Мектепте де бала азайған. Ауыл тұрғындарының барлығына 500–600 текше метр отындық ағаш бөлініп отыр. Кәделік ағаштар да беріледі. Айрандай ұйыған Аршаты ауылының орманшылары – нағыз еңбектің азаматтары.