Уақытында меншігіне алып, игеруге икемі келмегендер мыңдаған гектар жерді қаншама жыл уысында ұстап отырды. «Маған да, саған да жоқ» деп ұлан-ғайыр алқапты заңсыз иеленіп келгендердің дәурені өткен секілді. Президент тапсырмасы аясында бірнеше жыл бойы жұмыс істеген комиссия мыңдаған гектар алқапты мемлекет мүддесі үшін кері қайтарып алды. Бұл жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес.
Жамбылда биыл 87,5 мың гектар жер қайтарылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрнағы жылы жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында игерілмей жатқан жерді қайтару жұмысы толассыз жалғасатынын айтып, шенеуніктерге нақты міндеттер жүктегені баршамызға мәлім. Содан кейін бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде қыза түсті.
Жамбыл облысында да ілкімді істер атқарылды. Талай мықтының меншігінде болған мыңдаған гектар алқап Президент пәрменімен мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, игерілмеген жер елдің игілігіне пайдаланылады. Ал ел дегеніміз – халық. Жердің де иесі – халық.
Президент тапсырмасы аясында Жамбыл облысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Кейінгі екі-үш жылдың бедерінде өңірде қанша мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды? Алдағы уақытта тындырылатын тірлік ауқымы қандай болмақ? Осы сұрақтардың төңірегінде облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек біраз мәліметті алға тартты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, игерілмей жатқан жерлерді қайтару бойынша өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Баянды бастаманың ел дамуында да айрықша рөлге ие екеніне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Қолға алынған жұмыс кейінгі жылдары өз нәтижесін беріп отырғаны даусыз. Мәселен, 2021 жылы мемлекет мүддесі үшін 106,3 мың гектар кері қайтарылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 201 мың гектарды құрады. Ал өткен жылы 201,2 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жылға арналған жоспар 80 мың гектар болып бекітілген еді. Алайда алғашқы 8 айдың қорытындысымен 87,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерді өңір экономикасын дамыту мақсатында қайта айналымға енгізу жұмысы жолға қойылған. 2021 жылы – 60,2 мың, 2022 жылы – 46,9 мың, 2023 жылы – 66,1 мың, 2024 жылдың 8 айында 46,9 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, – дейді Ә.Тамабек.
Жайылым мәселесі жүйелі шешіледі
Еліміздің қай қиырында болсын, жайылым жер көкейкесті мәселеге айналғаны мәлім. Біршама уақыт бұрын облыс бойынша 40-тан аса ауыл жайылымға жарымай отырғаны туралы ақпарат тараған еді. Әрине, аз емес.
Жер қатынастары басқармасы келтірген дерекке сенсек, өңір бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3,6 млн гектарды құрайды. Ауылдардың айналасында – 741 мың, орман қоры үлесінде – 1,7 млн, босалқы жер қорында 942,5 мың гектар жайылым бар екен. Жалпы алғанда бұл көрсеткіш облыс аумағының 58,2 пайызын құрайды.
Төскейде төрт түлік малын өргізген шаруалар үшін жайылым жер жылдар бойы бас ауруға айналды. Кейінгі жылдары ондаған ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасының шарапатын көре бастады. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып жатқандардың ішінде мал шаруашылығына ден қойғандар да аз емес. Ірі шаруаларды айтпағанда, жаңадан іс бастағандардың есебінен де ауылдарда мал саны артып жатқаны даусыз.
Жоғарыда келтірген дерек өңірдегі жердің жартысынан астамы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер екенін айғақтап отыр. Соған қарамастан ондаған елді мекен әлі күнге дейін жайылымға жарымай отыр екен. Шаруа біткен жайылымға зәру екенін айтып-ақ жүр. Расында, соншалықты зәрулік бар ма? Мұның сыры неде? Мамандардың айтуынша, ауыл халқы төрт мезгілде де төрт түлікті ауылдағы ауласында ұстайды. Қыста қыстауға, көктемде көктеуге шығарып жатқандар жоқтың қасы. Соның салдарынан елді мекен маңында жайылым жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр.
Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 3,4 млн төрт түлік бар. Бір белгілісі, шаруалардың төрт түлікті аулада ұстауы салдарынан жайылым жетіспеушілігі анық сезіледі. Әрине, жайылым жер қорын молайту мақсатында облыста ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Әйтсе де, көкейкесті мәселені толыққанды шешуге әжептеуір уақыт керек секілді.
– «Жайылымдар туралы» заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық ауданында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдері мен жайылымдарды пайдалану жоспары бекітілген. Қазіргі кезде 40-тан аса ауыл бойынша жайылым жетіспеушілігі байқалады. Бұл 56,7 мың гектар жерді құрап отыр. Мәселені шешу мақсатында жауапты мамандар жұдырықтай жұмылып жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі кезде босалқы жер қорынан 22,9 мың гектар елді мекендерге қосылды. Осы уақытқа дейін босалқы жер қоры есебінен ауылдарға 378 мың гектар жер қоса берілген еді. Алтын бесік ауылдарда тұратын ағайынның мәселесі қай кезде де назарымыздан тыс қалған емес. Қазіргі кезде елді мекендерге қанша жер қажет екені зерделеніп жатыр. Мемлекет мұқтажы үшін 36,9 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Сол жердің есебінен өзекті мәселенің бір бөлігі шешімін таппақ, – дейді облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тәжіков.
Расында, жайылым мәселесі төрт түлік мал өсіріп отырған ағайынның жанына бататыны белгілі. Біраз уақыт бұрын өңірде 683 мың жайылым жетіспейтіні туралы мәлімет тараған еді. Қазіргі кезде облыс аумағында көптің көкейіндегі проблеманы шешу бойынша жергілікті атқарушы билік қолдан келгенше әрекет етіп жатыр.
– Жоғарыда айтқанымдай, осы жылы игерілмеген 88,2 мың гектар жер анықталды. 8 айдың қорытындысымен 87,5 мың гектар мемлекет мүддесі үшін қайтарылған еді. Бұл жердің барлығы да елді мекендерге қосылып берілетіні анық. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 359,9 мың ірі-қара мал бар. Сондай-ақ 2,8 млн қой мен ешкі, 165,9 мың жылқы, 7,2 мың түйе тіркелген. 40-тан аса ауыл жұрты жайылым жетіспеушілігін сезініп отыр. Жалпы, облыс бойынша босалқы жер қорынан берілген жер есебінен елді мекендердің жері 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайған еді. Алдағы уақытта өңірдегі 40 елді мекеннің 25-інде жайылым жетіспеушілігі оң шешімін табады. Кейінгі деректерге зер салсақ, 17 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі болмай тұр. Бірқатар ауданда халықтың тығыз және қала маңы аймағына жақын орналасуы, сондай ақ жалпы жердің басым көпшілігі егістік жер болуы себебінен бұл мәселе шешімін таппай тұрғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде, жетіспеушілік 29,7 мың гектарды құрап отыр. «Жайылымдар туралы» заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық ауданында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдаланудың жоспары мен жүйесі қайта қаралып, 5 жыл мерзімге бекітіледі», дейді облыс әкімінің орынбасары Ә.Тамабек.
Қалай десек те, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде мыңдаған гектар жер мемлекет мүддесі үшін кері қайтарылды. Жұрт көкейіндегі жайылым мәселесін біртіндеп шешу бойынша да жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Бұл бағытта қолға алған тірлік алдағы уақытта да жалғасатыны анық.
Жамбыл облысы