• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2015

Демократияны нығайту жолындағы маңызды қадам

325 рет
көрсетілді

Кеше «Думан» қонақ үйінде орналасқан баспасөз орталығында Президент сайлауының өтуін байқауға Америка Құрама Штаттарынан келген сарапшы Ричард Вайнц, халықаралық «Салықтар және инвестициялар» орталығының президенті Дэниел Витт және сарапшы Влад Сокор журналис­тер алдына келіп, өз байқауларының қорытындысын жариялады. Алдымен сөз алған Д.Витт  өзінің Қазақ­стандағы сайлауларға осымен бесінші рет байқаушы болып келіп отырғанын жеткізді. Одан әрі әріптестерінің келісімімен өздері жасап, бәрі де қол қойған қорытындыны мәлім етті. Онда өздерінің Астана қаласы мен Ақмола облыстарының аумағында орналасқан 31 сайлау учаскесінде болып, байқау жүргізгені айтылған. Сондай-ақ, екі учаскедегі сайлау бюллетеньдерін санауды да бақылапты. Біз болған 33 сайлау учаскесінің бәрінде де дауыс беру процесінде жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық, бірізділік және мөлдірлік болды. Екі учаскеде ғана сайлау комиссиясының жұмысына кемістік айтылды, бірақ ол ескертпелер сол жерде, бірден түзетілді. Қазақстан азаматтары дауыс беруге ерте келуді дәстүрге айналдырған екен, соның салдарынан көптеген сайлау учаскелерінде үлкен кезектер пайда болды. Алайда, сайлау комиссиялары мұндай ауыртпалықты абыроймен еңсере білді. Қазақстан тұрғындарының дауыс беруге жаппай келуінің мәнісі – Президентке деген сеніммен байланыс­ты екені көрініп тұрды. Оның елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған саясатын Қазақстан халқы жаппай қолдайтыны білінді. Президент Назарбаевтың өзі қайта сайлану науқанын жүргізген жоқ. Сондықтан оның қарсыластары болған басқа екі кандидатқа қысым жасалды деп айту қиын. Олар өздерінің саяси науқандарын еш кедергісіз, БАҚ қызметін кеңінен қолдана отырып жүргізе алды. Өзі тарапынан Назарбаев сайлауалды үгіт-насихаттың орнына елді басқару жөніндегі міндеттерін орындай отырып, нақты жұмыстар атқарды. Мұндайда іс басындағы көшбасшылар қызмет бабын өздерінің пайдасы үшін шебер пайдаланады. Ал Назарбаевқа оның керегі болған жоқ, өйткені, оның ісін сайлаушылардың қолдау рейтингі тым жоғары. Осы сайлау барысында қазақстандық тәуелсіз ұйымдар Орталық сайлау ко­миссиясының келісімімен сайлау учаскелерін бақылауға өздерінің байқау­шыларын тарта алды. Ақпараттар алмасу және сайлаушылармен байланыс жасау үшін интернет-порталдар құрылды. ҮЕҰ тарапынан байқаушылардың болуы дауыс беру мен бюллетеньдерді санаудың мөлдірлігін қамтамасыз етті. Қазақстандық сайлаушылардың дауыс беруге белсенділікпен қатысуының себебі ұлттық консенсусқа қол жеткізілгеннің бел­гісі деп айтуға болады.  Президент Назар­баев басқарған жылдарда алыс-жақында халықаралық неше түрлі проблемалар болып жатса да қазақстандықтар болашақ өмірге сеніммен қарайтын жағдайға жетті. Қазақстандағы этностық орыстардың негізгі бөлігі өздерін осы ұлттық консенсустың бір бөлшегіміз деп санайды. Сонымен бірге, мемлекет пен саяси институттар  қатар дамып келеді. Ал елді жаңа белестерге жеткізуді көздейтін жаңғырту реформалары мемлекет басшылығының басқаруымен жүреді. Жалпы айтқанда, біз бұл сайлауды Қазақстанның демократиялық ресімдерді нығайту жолындағы тағы бір қадамы деп санаймыз. Ол Қазақстанның демократияның өкілетті институттарын құру мен жетілдіру жолындағы маңызды қадамы болды. Сайып келгенде, тек Қазақстан халқы мен оның демократиялық көшбасшылығы ғана елдегі институттық трансформацияның қарқынын анықтайды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».