Саналы өмірін өнерге арнаған жанкешті жандар өзі таңдаған жолда кездескен барлық қиындықты мойымай көтереді. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде «Алатау» фольклорлық ансамблін төрге сүйреп жүрген Дастан Көреген қандай мехнат көрсе де, адалдықтың ақ жолынан айныған емес. Жеті жылдан астам уақыт бойы фольклорлық ансамбльдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген өнер иесіне әріптестерінің құрмет көрсетуі – заңдылық.
Баласағұн орталық концерт залында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияға қарасты «Алатау» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Дастан Көрегеннің «Өмірімнің өзі – дастан» тақырыбында шығармашылық кеші өтті. Өнер иесінің мерейтойлық кешіне еліміздің әр қиырында жүрген белгілі өнерпаздар, әріптестері, бауырлары, шәкірттері арнайы келіп, Дастанның дара әлеміне үңілді. Қолдау білдірді, қошемет көрсетті.
Мазмұнды шығармалармен әдіптелген кеш барысында Дастанның өнер әлеміндегі әріптесі, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов сөз алып, өнер иесінің болмысы, шығармашылық әлеуеті туралы өз ойын ортаға салып, бауырының мерейін өсірді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының белгілі қобызшысы Әсел Абылғазиева да ізгі тілегін жеткізді.
Дастанның шығармашылық кешіне Қырғыз Республикасы-нан да мәртебелі меймандар арнайы келіп, өнерін ортаға салды. Бұдан бөлек, астаналық «Қорқыт» этно-фольклор тобы, Түркістан облысынан келген «Ақсу» фольклорлық ансамблі де сахна төрінде өнер көрсетіп, залға жиналған өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.
Заманында Алматыдағы мемлекеттік консерватория мықтыларынан дәріс алған Дастан Көреген онда аға оқытушы ретінде еңбек етіп, талай дарынның қанатын қатайтты. Алатау баурайындағы ару қалада жүріп, өзі де шығармашылық тұрғыдан өсті.
Бірнеше өнер ұжымында еңбек еткен талант иесі «Қазына» фольклорлық ансамблінің құрамында жүріп, Германия, Түркия, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, БАӘ, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан секілді өзге де бірнеше шет мемлекетте болған екен. «Қазына» мен «Алатау» ансамбльдерінде еңбек ете жүріп, бірнеше халықаралық фестивальдарда топ жарған. Талай мықтының батасын алған.
Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов, «Алатау» фольклорлық ансамблі, мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Айгүл Мақашова және Айжан Қонарбаеваның жетекшілігімен «Ақкербез» би ансамблі, Мәдина Бердиярова, Динара Диханбаева, Жансая Сәрсенбаева, Қырғыз Республикасынан келген белгілі қобызшы Әсел Абылғазиева мен Алтынай Коробаева сынды сахна шеберлері өнер көрсеткен кеш көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал Нүркен Әшіров пен Әсел Абылғазиева арасында өткен күй тартыс көрермен делебесін қоздырды.
Кеш соңында мерейтой иесі Дастан Көрегенге облыстық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» медалі, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаты табыс етілді. Өз кезегінде сөз алған Дастан Көреген шығармашылығына құрмет көрсетіп жатқан әріптестері мен өнерсүйер қауымға ризашылығын жеткізді
ТАРАЗ