• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 27 Қыркүйек, 2024

Алматы агломерациясының даму қарқыны қандай?

85 рет
көрсетілді

Елдегі ішкі көші-қон үдерісінің елеулі бөлігі Алматыға тиесілі. Жан-жағын магниттей тартып, тіршілігі қыз-қыз қайнаған алып қаланың аумағы агломерация есебінен күн сайын ұлғайып келеді. Құрамына 3 қала, 4 аудан, 31 ауылдық округ, 98 елді мекен кіретін Алматы агломерациясы – тұтас ел аумағындағы ең үлкен әлеуметтік-экономикалық орталық.

Еліміздің әр қиырынан жыл са­йын Алматыға ағылған жұрттың қара­сы қалың. Миллиондар мекендеген мегапо­листі ішкі көші-қонның ең та­ны­мал бағыты деуге болады. Статис­­тикаға салсақ, былтыр жаз ай­лары­ның өзінде ел аймақтарынан 17 477 азамат Алматыға қоныс аударған. Кейінгі дерекке сәйкес, Алматы қаласы халқының саны 2 млн 264,5 мың адамды құрап отыр. Ал қала мен Алматы агло­мерациясын қоса алғанда 3,6 млн адам оңтүстік астананы мекен етеді. Күн сайын қалаға қоғамдық көлік­пен 150 мыңға жуық адам және 230 мың­ға жуық жеке көлік кіреді. Кейінгі жылдары көші-қон есебінен халықтың өсуі шамамен 60%-ды, ал табиғи өсім  40%-ды құраған. 

Бірер жыл бұрын Президент пәр­менімен еліміздегі агломерацияның ­ең ірі орталығына айрықша мән бері­ліп, Алматы қаласы мен Алматы облысы­ның даму мәселесінде әкімдер бір­лесе жұмыс атқаруы қажеттігі назар­ға алынды. Үкіметке тиісті тапсыр­ма беріліп, Алматы агломерациясын бас­қару жөніндегі кеңес мардымсыз отырыс өткізу алаңы болып қалмай, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруде кәсіби­лікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жа­сауға әрі қала мен қала маңы аумағын үйл­есімді дамытуға басымдық беру міндеттелген.

Үкімет бекіткен Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары өңірдің орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Стратегиялық маңызды жоба аясында қолжетімді тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу, сапалы инженерлік инфрақұрылым құру, қала мен облыс арасындағы көлік байланысын жақсарту, теміржол тасымалының сапасын арттыру, өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытында шағын өнеркәсіптік парктер құру, Индустриалды аймақты кеңейту, өндіріс ошақтарын облыс аумағына көшіру секілді мақсаттар көзделген.

Қала әкімі Ерболат Досаев маят­никтік көші-қонды ескере отырып, қала­ның күнделікті халқы шашамен 3 млн адамды құрағанын, қала маңындағы аймақпен көліктік байланыс, су бұру, энер­гиямен жабдықтау, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыс­тар қарқынды дами беретінін айтып келеді. Алматы агломерациясын дамыту ­жоспарында 130 іс-шара өткізу көзделген болса, оның 77-сін Алматы облысы жүзеге асыруға тиіс. Бұл ретте бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды Алматыдан тыс жерлерге көшіру мәселесі тұр. Осыған байланысты әкімдіктер кәсіп­орын басшылары­мен келіссөздер жүр­гізуді қолға алған. Айналасы аз уақытта атқарылған шаруа аз емес. Десе де агломерацияға айнал­ған басқа да ірі қалалар сияқты Алматы­ның да өз сын-қатерлері бар. Бұл бірне­ше жылдың ішінде оңай шешімін таба ­салар мәселе еместігі тағы анық.

Мегаполис маңындағы ауыл тұр­ғындарының Алматыға жаппай ағы­луының себебі сан алуан. Сарапшылар Алматыны елдегі өмір сүруге ең қо­лай­лы қаланың бірі деп санайды. Ха­лық­аралық «Economist Intelligence Unit» зерттеу компаниясы 5 жыл бұрын ша­һарды әлемдегі тіршілік кешуге оң­тайлы 100 қаланың тізіміне қос­қан. Зерттеуде үздік қалалар 100 бал­дық­ жүйе­мен 5 негізгі бағыт бойынша сара­ланған. Ұйым Алматының тұрақ­ты­лығын – 75, денсаулық сақтау сала­сын – 66,7, мәдениеті мен қорша­ған ор­тасын – 57,6, білім саласын – 66,7; ин­фра­құрылымын 66,7 балға бағалаған.

– Қаланың айналасында Алматы агломерациясы қалыптасуы – уақыт талабынан туындаған заңды құ­бы­лыс. Осыған байланысты қала тұр­ғын­да­рының нақты саны өсіп келеді. Жоба­мен халықтың 18-20%-ы – Алма­тыға оқуға келіп-кететіндер. Тағы ­30-40%-ы медициналық қызмет алу мақса­тын­­­да келеді. Алматы маңайындағы ­аудан­дарда бұл қызметке деген сұра­ныс қам­­тамасыз етілген. Тұрғындар қалаға көп жағдайда дәрігер тапшылығы­нан емес, сапасы жоғары мамандардың қызметін алу мақсатында келеді. Алма­ты агломерациясы аумағындағы елдің жартысына жуығының тұрақты жұмыс орны – қала ішінде. Өзге өңірлерден келетін студенттердің де дені – Алма­тыда. Шаһарға кіретін көліктерді шек­теумен емес, қала сыртындағы тұрғын­дардың қалаға жиі қатынау қажеттігі болмайтындай жағдай жасаумен айналысу керек. Алматының шеткері аймақтарында тұратын азаматтар қаланың орталығына жету үшін кемі 2,5 сағатын жолда, көлік кептелісінде жоғалтады, – дейді әлеуметтанушы Нұрлан Асқарұлы.

Сарапшы атап өткендей, көлік кеп­телісі – мегаполис үшін бас ауыртар бас­ты тақырып. Алматы қаласына ең жа­қын орналасқан, алайда Алматы облысы аумағына кіретін 5 ауданның өзінде 200 мыңнан аса автокөлік тіркелген. Кептеліс уақытында олар қаланың кө­ліктік проблемасын ушықтырып, эко­логияны ластап жатқаны айтпаса да тү­сінікті. Мұнда транзиттік жолаушылар ағынының үлесі де бар. Кейінгі жылдары Алтынорда, Талғар, Құлжа тасжолы мен басқа да бағыттардағы жолдарды кеңейту жұмыстары қолға алына бастады. Дегенмен тұрғындарды титықтат­­қан кептеліс мәселесі жуық арада шеші­мін таба алмайтынға ұқсайды.

Экология мен көлік кептелісі – ша­һардың жазылмай келе жатқан жа­­расы. Қос проблеманың түйінін тар­қатуға қаладағы көлік санын ретке кел­тіру мен жылыту қазандығын газға кө­шіру қажеттігін экологтер бес-алты жыл бедерінде жарыса айтып жүр. Өндірістің өрге жылжуы мен түрлі тұр­мыстық игілік қоршаған ортаға залалын тигізбей тұрмайды. Қала­дағы бірқатар даңғылды ұзарту жұмыс­тары толық аяқталып, жолайрық­тар­дың құрылысы қарқын алса, метро бекет­терінің саны артса, кептеліс сәл де болса сейіледі деген үміт басым.

– Қаланың Қаскелең, Талғар тара­пындағы кіреберіс қақпаларына үлкен көлік тұрақтарын орнатып, шаһар ішінде бірыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мәселені заң шеңберінде шешудің тетіктерін тап­қан жөн. Дамыған елдердегідей үлкен қалаларға ауыр жүк көліктерін мүлдем кіргізбеу керек. Алып қойма­лар салып, қажетті заттарды шағын жүк көліктері арқылы ғана қалаға тасы­малдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішін­де көмірқышқыл тотығы 800 килоны, азот тотығы 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша, көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден аса зиянды зат бөлінеді. Жалпы, ел аумағында қоршаған ортаны ластайтын заттардың 60 пайызы – көліктерден. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қажет. Алматының 2,2 млн тұрғыны бар. Алайда экологиялық ахуал 20 млн халық шоғырланған Мехико, 17 млн халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 млн аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар тұр. Мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ. Алматы агломерациясында көзделген барлық жоспар лайықты жүзеге асады деп сенеміз, – дейді қоғам белсендісі Жандос Әлімғожа.

Ал саясаттанушы Эдуард Полетаев инфрақұрылым мәселесінің шешілмеуі экономика тынысын тарылта беретінін, қоғамдық көліктегі проблемаларға байланысты жолаушылар жеке көліктерге тәуелді екенін айтады. Урбанист-ғалым­ның сөзінше, жолды кеңейту мен жолай­рықтар салу мәселені түбегейлі шеш­пейді. Алдағы уақытта мұны жоға­ры жылдамдықты трамвай (LRT) және метро құрылысымен жалғастыру керек.

«Инклюзивті шешім қабылдау тетік­­терін әзірлеуге басымдық бе­ріп, ашықтықты дамыту қажет. Қала құ­ры­лысы жобасына үкіметтік емес ұйым­дарды, жергілікті қоғамдастықтарды, қа­былданған шешімдерге тікелей әсер ететіндерді тарту керек», дейді ол.

Жыл басында Алматы мен қала аума­ғында орын алған жер дүмпу­лері сейсмикалық қауіпті аймақ тұр­ғын­дарын үрей құшағына алғаны мә­лім. Сол тұста жоғары қабаттағы пә­тер­лерді сатылымға қою деңгейі үдеп, қала іргесіндегі жер үйлерге сұра­ныс артқан. Алайда статистика ішкі көші-қонда бәлендей жаңалық жоқ еке­нін, Алматыға ат басын бұрып жат­қандардың саны жылдағыдан артпаса кемімегенін көрсетіп отыр.

«Кез келген іске ғылыми көзқараспен келу керек. Алматының сейсмикасы, экологиясы, қанша тұрғынға лайық­талды деген мәселе өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін кешенді түр­де зерттелген емес. Себебі қаланың жағ­дайын, мүмкінді­гін жан-жақты зерт­теп, тиісті орындар­ға хабарлап отыра­­тын ғылыми зерт­теу институттары жабылып қалды. Біз Алматыны кеңейту туралы шешім қабылдағанда қала­ның экологиясы, сейсмологиясы жайлы кешенді зерт­теу жүргізуіміз керек еді. Себебі қала ластанған ауаны жел кө­те­ріп алып кететін жазық далада емес, ­тау бау­райындағы қазандықта орналас­­қан. Алма­тыда мемлекеттік бағдарла­ма­мен салы­нып жатқан көпқабат­ты үйлерде немесе қала сыртындағы жеке­меншік үйлерде сейсмикалық және экологиялық талаптар сақтала ма деген сауал толғандырады», дейді эколог Беделбек Таласбай.

Агломерацияның ауқымды мін­дет­тері туралы айтқанда білім беру, ден­­саулық сақтау салаларының ин­фра­­­құрылымын дамыту проб­лема­­сы алғы шепте аталатыны анық. Маятниктік көші-қонның бақылан­бауынан балабақшаларға, мектептерге, білім мекемелеріне жоғары жүктеме түседі. Қазіргі уақытта балаларды біліммен қамтамасыз етуге қаланың маңындағы бөлігінде үш ауысымда оқыту қолданылады. Бұл білім сапасының төмендеуіне, ме­ке­менің педагогикалық құрамына жо­ғары жүктеме түсуіне әкеледі. Осы мін­деттерді шешуге бағытталған ке­шен­­ді жоспарлар кешіктірмей орында­­лып, қолданыстағы нысандарды жаңар­ту, қосымша білім беру меке­мелерін ­салу ісі қарқын алса игі.

Өңірдегі инженерлік желілердің тозуы – өзекті проблемалар қатарында. Тұрмыстық қалдықтар көлемінің ұл­ғаюы, қалдықтарды қайта кәдеге жарату ісінің жолға қойылмауы экологиялық проблемалар туындатып отыр. Электр энергиясының жетіспеушілігі, электр қуатының жиі үзілуі, сондай-ақ ескірген энергетикалық инфрақұрылым өңірдің жұмыс істеу сапасына тікелей әсер ететіні мәлім. Жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау желілеріне қатысты проблемалар да аз емес. Ма­мандар бұл мәселелер бірте-бірте ше­шімін табатынын айтады.

Сарапшылардың болжамынша, ­2030 жылға қарай Алматы қаласы хал­қы­­ның саны 2,5 млн-ға жетеді. Ал 2040 ­жылы – 3 млн, 2050 жылға қарай­ 3,6 ­млн-ға дейін өсуі ықтимал. Та­биғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады. Қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысушылардың бірі Тамара Залогинаның пікірінше, мұнша ха­лықты баспанамен қамтуға 2040 жыл­ға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй болуға тиіс. 2030 жылға де­йін­гі бас жоспар бойынша жобалық ұсы­­ныстардың бірінші кезеңін іске асыру үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 1 трлн 391 млрд теңге инвес­тиция қажет. Инвестициялардың басым бөлігі мектеп пен мектепке де­йінгі білім беруді дамыту, денсаулық сақ­тау мекемелерін жетілдіру ісіне жұм­салмақ. Мегаполисте 2040 жылға дейін 188 мектеп пен 300-ден аса балабақша салынады. Жобамен 2030 жылға дейін қалада 180 мыңға жуық жұмыс орны құрылуға тиіс. Оның 30%-ы полицей, өрт сөндіруші, дәрігер, мұғалім се­кіл­ді әлеуметтік сала мен тіршілікті қам­та­масыз етуге бағытталған салаларға тие­сілі, ал қалған 70 пайызы – маман­дан­ды­рылған жұмыс орындары.

 

АЛМАТЫ