Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен елордада өтіп жатқан Astana Media Week-2024 медиа апталығының екінші күнінде отандық бұқаралық ақпарат саласының, әсіресе мерзімді басылымдардың мәселесін көтеріп, түйткілінің тамырын тап басқан қызықты да пайдалы панельдік сессиялар ұйымдастырылды.
Балаларға төнген ақпараттық қауіп көп
Форумның екінші күнінің шымылдығын ашқан «Өңірлік БАҚ дамуында синергияның көрінісі» атты сессияға бекітілген спикерлер өңірлік БАҚ-ты негізгі медиа платформалармен және осы саладағы резиденттермен біріктіру қолжетімділік пен көріністердің айтарлықтай өсуіне ықпал ететіні турасында ой бөлісті. Ресурстар мен технологияларды бөлісу аудиторияны барынша тартуға мазмұнды оңтайландыру арқылы жаңа трендтерге бейімделуге мүмкіндік беретіні де айтылды.
Республикалық «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ұлан», «Ұйғұр авази», «Ақиқат», «Үркер», «Мысль», «Балдырған» сынды оннан аса газет-журналдың басын біріктіріп отырған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы газет-журнал өндірісіндегі жасанды интеллектінің орны, оның өнімінің артықшылықтары мен кем-кетігі турасында ой қозғап, сондай-ақ ақпараттық жүйедегі жасандылықты анықтайтын тетіктің қажеттілігі туралы айтты.
– Жасанды интеллектінің пайдасына келетін болсақ, біз балалар басылымдарында, мәселен, «Ұлан» газетінде, «Ақжелкен», «Балдырған» журналдарында материалдың тақырыптық мазмұнын аша түсу үшін ЖИ көмегімен жасалған сурет, картиналарды пайдаға жарата бастадық. Бұл да өте қажет әрі балаларды да ынталандырады. Дегенмен ЖИ-ға қанша жерден тапсырма берсеңіз де, оның жасаған өнімі бәрібір өзің ойлаған үдеден шықпайды. Әсіресе біздің ұлттық, этнографиялық мәселелерге келгенде жасанды интеллектінің материалдық қоры, мүмкіндігі аз, – деді Д.Қамзабекұлы.
Сонымен қатар ол ұлттық басылымдардың негізгі мақсатына да кеңірек тоқталды.
– Менің түсінігімде ұлттық басылымдардың негізгі мақсаты – қазіргі күрделі кезеңде елдік, ұлттық қауіпсіздікке қызмет ету. Жас ұрпақтың дұрыс жетілуіне ықпал ету. Өйткені олардың айналасы – толған қауіп-қатер. Балалар басылымына келгенде бұл қауіп-қатерлерді сәт сайын біліп отырмыз. Біздің елде балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттық қорғау туралы» 2018 жылы қабылданған заң бар. Бірақ бұл заңның балаларды ақпараттық қауіптерден қорғау тетіктері өте әлсіз болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, кейде бір заңның екінші бір заңнан басым болып кететін жағдайлар бар. Сол себепті біз осы заңнамалардың бала қауіпсіздігіне қатысты соңғы нәтижелерін зерттеп жатырмыз ба? Осы мәселеге келсек, өте күрделі фактілер шығып жатады. Мәселен, Жапония мемлекетінде ата-аналар үшін балаларды қажет емес ақпараттардан сақтандырудың дәстүрі, жүйесі қалыптасқан. Онда ақпарат тарату қызметі – қатаң бақылауда. Яғни балаға ненің керек, ненің керек емес екені жолға қойылған, – деген Д.Қамзабекұлы бізге де осындай бір тетік керектігі жөнінде өзекті мәселе көтерді.
Интернетке құртқан ақшаны газетке қимайды
Одан кейінгі сөз тізгінін алған спикер, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев баспасөздің цифрлық дәуірдегі орны туралы сөз арнады. Алдымен өзі басқаратын медиа холдинг туралы мағлұмат беріп өтіп, жазылым, газет тарату ісінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.
Бір айта кетерлігі, «Сыр медиа» ЖШС – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық газетті, 1 ақпарат агенттігін, 1 қалалық, 7 аудандық басылымды бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудан мен елді мекенге өзі таратып отырған республикадағы жалғыз медиа құрылым.
Тақырыпқа ойыссақ, М.Аралбаев газет таралымына қатысты ой бөлісті. Ол газетке жазылушылардың жылдан-жылға сиреп келе жатқанына қынжылыс білдірді. Бұған қоса бүгінгі баспасөздің негізгі табыс көзі болып отырған мемлекеттік тапсырыс төңірегіндегі түсініксіз дүниелер мен шикіліктерге де тоқталды. Мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға бөлініп отырған қаражаттың мардымсыздығына назар аударды. Бұл сөзін астаналық «Барыс» хоккей клубының легионер ойыншылары алатын 300 млн теңгеден асатын айлық жалақымен салыстыра отырып сабақтады.
– «Барыстың» бір легионері ай сайын алатын мұндай ақшаны біз ұжым болып бір жылда да алмаймыз. Бұл – парадокс жағдай. Мемлекет өз ақпараттық саясатына жіті көңіл бөлсе дейміз, – дейді М.Аралбаев.
Сондай-ақ жұртшылықтың жазылым, газет оқу мәселесіне мүлдем мойын бұрмайтын болғанын да сессияда жеткізді.
– Дамыған жапондар әлі күнге кітап, газет оқуды үлкен мәдениетке балап келеді. Метро, автобусарында смартфоннан гөрі кітап пен газетті, журналды зер сала оқып отырған жасын да, жасамысын да көресіз. Ал бізде керісінше, газет оқу, кітап бетін ашу мәдениетсіздік, деңгейдің төмендігі деген түсінікке дейін түсіп кеткен. Жасыратын несі бар, қазір әр отбасы мүшелерінің қолындағы смартфонының интернет тарифіне айына 20-25 мың теңгедей кетеді. Ал газеттің алты айлық жазылымына келгенде 3 500 теңгесін қимайды, – деген «Сыр-медиа» басшысы өңірлік басылымдардың жай-күйіне көпшіліктің назарын аударуға тырысты.
Бұл сессияны Мәдениет және ақпарат министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов түйіндеді. Модератор министрлік өкіліне мына нарықтың қатаң ережесіне бағынып кеткен газетті бұдан былай табыс көзі деп қана емес, алдымен үлкен идеология деп қарау керек шығар деген бағыттағы сұрағын жолдады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты өңірлер арасында бөлгенде әр облысқа тиесілі қаражат цифры неліктен әртүрлі болатынының да себебі сұралды.
– Әртүрлі мәселелер бүгінде мерзімді басылымдардың дамуына кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Дегенмен мемлекет газеттің оқырманы аз болса да, көп болса да сол оқырмандардың талғамына көңіл бөлмей тұра алмайды. Яғни бұл мәселеге билік тарапынан, да, заң шығарушы орган тарапынан да мән беріліп келеді, – деді ол.
Ал мемтапсырыс қаражатын қарастырғанда әр аймақтың халқының саны, жер көлемінің ерекшелігі, елді мекендерінің орналасуы, сондай-ақ ол өңірдегі баспаханалардың саны мен әлеуеті де ескерілетіні айтылды.
Сондай-ақ 2-сессияда «Аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ахуалдық орталықтардың рөлі: медиа мониторингі, үлкен деректерді талдау және әлеуметтік шиеленісті басқару» тақырыбы негізінде спикерлер біраз маңызды жайттарға басымдық берді.
Артық білім – газетте
Сондай-ақ бұл панельдік сессияда газетке жазылу мәселесі төңірегінде де қызу пікірталас өрбіді. Д.Қамзабекұлы дамыған елдер газет-журналды әлі қағаз форматында оқып отырғанына қарамастан біздің елде басылымға жазылу, оған мақала немесе жарнама беру де міндетті емес екенін жоғары мінберден айтқан әжептәуір лауазымды азаматтар болғанын жасырмады. Сондай-ақ бүгінде, өкінішке қарай, алдында тұрған газетті ашып қарамайтын, мүлдем оқымайтын, қажет деп санамайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын ашып айтты.
Осы тұста модератор, «24kz» телеарнасының директоры Жасын Біркенов Д.Қамзабекұлына әлгінде өзі айтқан басылымға жазылудың міндетті еместігі турасында пәрмен берген шенеунікке қатысты сөзіне орай газетке мәжбүрлеп жаздыруға қатысты сұрақ қойды.
– Дәл қасымызда миллиардтан аса халқы бар алып мемлекет өмір сүріп жатыр. Ол елдің тәжірибесіне салатын болсақ, мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік саясатты түсіну үшін, тәжірибелі, беделді сарапшылардың пікірін біліп отыру үшін олардың жалақысына елдің негізгі басылымдарына жазылуға деп қаржы қарастырылған. Біз үшін мемлекет өміріндегі ең маңызды салалардың бірі – білім жүйесі. Қай саланы алсақ та білім алудан, білім жүйесінен бастау алады. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерін ашып оқымайды дегенді елестете аласыздар ма? Елімізде «Қазақ әдебиеті» газетін мүлдеп ашып көрмеген пән мұғалімдері бар. Бұл – көзіміз жеткен жағдай. Дегенмен мұғалімдердің педагогикалық біліктілігін арттыратын саланың тиісті жүйесі, білім деңгейіне жауап беретін түрлі талап, шарттар бар. Бірақ сол шарттарға газет оқу да кіруі керек. Сонда ғана мұғалім тарихты оқиды, ғұламалардың пікіріне қанығады, білімін толықтырып отырады. Мәселен, қазіргі латын қарпіне қатысты ғалымдар не деп жатыр, я болмаса түрлі технологиялар жөнінде ғалымдар қалай сараптады деген сұрақтарға жауап алар еді, – деді Д.Қамзабекұлы.
Спикер мәжбүрлеп жаздыру дұрыс па, дұрыс емес пе дегеннен бұрын мемлекеттік басқару жүйесінде, әсіресе, білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың мемлекеттің мүддесі үшін газет оқып тұруын жолға қоятын саясат қалыптастыру керектігі турасында ойын жеткізді.
– Елімізде осындай жүйе қалыптасса, біз жазылым мәселесіне ойымызды бөлмей, бар күш-жігерімізді, әлеуетімізді газеттің жазылымына емес, ішкі мазмұнына, тағылымдық сапасына көбірек көңіл бөлер едік, – деді газет басшысы.
«Қазақ маманды дайындамайды, даярлайды»
«Медиа мамандарды даярлау: не күтеміз/не аламыз» атты 3-сессияда, аты айтып тұрғандай, ардагер журналист Қайнар Олжай бастаған білікті спикерлер бүгінгі медиа ортада жүрген мамандардың сауаты, оқу орындарынан алған білімінің деңгейі жайлы ой қозғады.
«Qazcontent» АҚ басқарма басшысы Айна Задабек «Индустрия 4.0» медиа заманында журналистерге үлкен талаптар қойылатынын ашып айтты.
– Журналистерге қазіргі уақытта қойылатын ең бірінші талап – бірегейлік, яғни ерекше болу. Екіншісі – медиа қауымдастық. Бизнес саласын да, PR саласын да қарасаңыздар, білім орталарына қарағанда қауымдастықтардың алатын орны және беретін білімі жоғарырақ болып отыр. Үшінші талап – журналистің бір салаға мамандануы, – деді ол.
Ал сауатты маман «дайындау» ісіндегі аяқ алысымыз жөнінде сұрақ қойылғанда журналистика ардагері Қайнар Олжай «Қазақ маманды дайындамайды, даярлайды», деп модератордың сөзін сол сәтте-ақ түзеп, күлдіре отырып ойға қалдырды.
Ойын қысқа ғана қайырған Қ.Олжай біздің оқытушылар студентке мақала жазбас бұрын оның тақырыбынан бастап, соңғы нүктесіне дейінгі формуласын құрып алуды оқытпайтынын жеткізді.
– Яғни жазатын мақалаңның басы мен соңын, айтар ойын, мақсат-мұратын бір сызықпен сызып, мида формуласын құрастырып, қалпын қалыптастырып алмайынша сапалы дүние шықпайды. Журналиске өзінен басқа ешкім мықты редактор бола алмайды. Әр тілші ең алдымен өзі өзіне редактор болуы керек. Қазір жазған мақаласын үш қайтара оқитын журналист аз, – деген ол маманға қажет машықты атап өтті.
Форум қатысушылары келесі сессияда балалар контентіне қатысты да ой бөлісіп, түрлі кейстер төңірегінде ұсыныс, идеяларын ортаға салды.
Отандық журналистиканың басты талқылау алаңына айналған Astana Media Week-2024 бүгін де жалғасып жатыр. Үшінші күннің бағдарламасы негізінен шеберлік сабағы, түрлі кездесулер және марапаттау рәсімдерімен түйінделмек. Медиа апталық аясында «Үркер» ұлттық сыйлығының салтанатты кеші өтеді.