Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы атом электр станциясын салу туралы референдум өткізу жөніндегі бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында сенаторлар еліміздің аймақтарына аттанған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданының тұрғындарымен, сондай-ақ өңірдегі жетекші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Сенаторлар Келлеровка ауылында Қазақстанда атом электр стансасын салудың келешегін талқылауға ерекше назар аударды. Ольга Перепечина АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды қадам екенін атап өтті. Сенатор Әсем Рахметова осындай жобалар жоғары жауапкершілікті және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестікті талап ететінін атап өтті.
Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров, Нұртөре Жүсіп және Айгүл Қапбарова «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болып, «ONTUSTIK» өңірлік телеарнасының, №11 қалалық аурухананың және «Бал Текстиль» ЖШС ұжымдарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар атом энергетикасын дамытудың келешегін, оның әлеуетін және Қазақстанның энергетикалық болашағы мен қауіпсіздігіне қосқан елеулі үлесін талқылады. Сенаторлар ядролық бағдарламасын дамытуға қажетті бай уран қоры бар Қазақстанға атом энергетикасының пайдасы туралы айтты. Бұл жер қойнауынан алынатын отындарға тәуелділікті азайтуға және энергетика саласын әртараптандыруға көмектеседі. Парламентшілер атом энергетикасы тұрақты және сенімді электр энергия көзін қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Нұрлан Бекназаров экономиканың тұрақты дамуы және ресурстық экономикадан жоғары технологиялық индустрияға көшу үшін сенімді базалық энергия қажет екенін жеткізді.
Сенат депутаты Әли Бектаев Арыс қаласында болды. Онда облыстық штаб мүшелерімен бірге жергілікті тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Жүздесуге қалалық мәдениет үйінің, №17 колледждің қызметкерлері және «Astana Railway Services» ЖШС өкілдері де қатысты. Сенатор кездесу барысында атом электр станциясының артықшылығы мен оның ел экономикасына пайдасы туралы жан-жақты айтып берді. Жергілікті тұрғындар атом электр станциясын салу туралы бастаманы және референдум өткізу қажеттігіне қолдау білдірді.
Сенат депутаттары, атом электр стансасын салу жөніндегі халықтық штаб мүшелері Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Махамбет ауданында болды. Олар сапар аясында Бейбарыс ауылында білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Атом электр стансасының құрылысы мен оның облыс, жалпы еліміз үшін маңызын түсіндіру – жүздесудің басты тақырыбы болды. Сенаторлар АЭС көміртегі негізіндегі энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, қоршаған ортаға қалай оң әсер ететінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ еліміздің энергетикалық стратегиясының болашағы азаматтардың шешіміне байланысты болатынын айтып, тұрғындарды референдумға дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.
Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, онда атом электр станциясын салу жөніндегі референдум өткізу мәселесін аймақтық штаб мүшелерімен бірге талқылады. Сенатор кездесу барысында еліміз үшін маңызды әрі тарихи оқиға – жалпыхалықтық референдумның жақындап қалғанын атап өтті және азаматтарды оған белсенді қатысуға шақырды. Аудан тұрғындары маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, өз ұсыныстарын білдірді.
Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысында мұнай-газ саласының қызметкерлерімен және мұнайшылармен кездесу өткізді. Сенаторлар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігінің маңыздылығын атап өтіп, Президенттің республикалық референдум өткізу туралы бастамасына қолдау білдірді. Олар сондай-ақ АЭС жобасын жүзеге асыру халықаралық ең жоғары стандарттар мен ел мүддесіне сай келетінін жеткізді.
Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласы мен Глубокое ауданында болды. Сенатор облыстық мәслихат депутаттарымен және аудандық, қалалық мәслихат хатшыларымен кездесті. Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары мен облыстық мәслихаттар арасындағы одан әрі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Күршім және Самар аудандарының тұрғындарымен кездесті. Онда АЭС құрылысының қажеттігі мен экономикалық тиімділігі, атом станциясының қауіпсіздігі, сондай-ақ осы салаға кадр даярлау мәселелерін талқылады. Сенатор Ольга Булавкина Қазақстанда атом энергетикасын дамыту көміртегінен тыс энергия генерациясына көшу жағдайында еліміздің индустриялық экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Парламентшілер Шемонаиха қаласының активімен кездесті және «Қазминералс компаниялар тобы» кешенінің Артемьев кенішінде болды. Кездесуге қатысушылар алдағы АЭС құрылысы туралы референдумның маңыздылығын талқылады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов «Ақмола электр желілерін тарату компаниясы» АҚ Есіл бөлімшесінде болды және «ҚТЖ» АҚ облыстық басқармасының теміржолшыларымен кездесті. Кездесулер барысында еліміздің болашағына аса қажетті мәселені шешуде әр дауыстың маңыздылығы атап өтілді және азаматтарды алдағы референдумға қатысуға үндеді. Депутаттар барлық азаматты сайлау учаскелеріне келуге және еліміздің болашағына оң ықпал ететін шешім қабылдауға шақырды.
Депутаттар Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан Құрылыс материалдары корпорациясы мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының ұжымдарымен кездесті. Жүздесуге қатысушылар атом электр станциясын салу мен пайдаланудағы негізгі мәселелерді, оның ішінде қауіпсіздігі мен одан әрі қызмет көрсету, жергілікті мамандардың құзыреті, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу мен электр энергиясын өндіру көлемін талқылады.
Сенат депутаттары Серік Өтешов және Сергей Ершов Саран қаласында «Galex Plus» тігін-трикотаж фабрикасының және «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника өндіру кәсіпорнының еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар сондай-ақ Қарағанды, Теміртау қалалары және Ақтас кентінің тұрғындарын сумен жабдықтайтын және су бұру қызметін ұсынатын «Қарағанды Су» ЖШС қызметкерлерімен де кездесулер өткізді. Сенаторлар сапар аясында облыстың педагогика мамандарымен де жүздесті.
Сенатор Сергей Ершов Президент Жолдауының негізгі мәселелері және атом электр станциясын салу жөніндегі түсіндіру жұмыстары аясында «Bolashaq» академиясының оқытушылары және студенттерімен кездесу өткізді. Сенатор кездесу барысында атом электр станциясын пайдалану қауіпсіздігі және осы саладағы халықаралық тәжірибе туралы жан-жақты түсіндірді. Жүздесуге қатысушылар атом энергетикасын дамытудың келешегі мен төмен көміртекті экономиканың әсері және еліміздің энергетикалық секторын жаңғырту ісіне баса назар аударды. Студенттер мен оқытушылар мұндай жобалардың Қазақстанның экологиялық жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы сұрақтар қойды.
Сенат депутаты Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысында жергілікті бизнес өкілдері және ірі кәсіпорындардың қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізді. Сенатор «Атамекен» ҰКП ұжымымен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесуде энергетика саласындағы реформалардың маңыздылығына тоқталды. Энергия ресурстары жетіспей отырған қазіргі жағдайда атом энергетикасын дамыту – талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
«Aqtobe su-energy group» АҚ қызметкерлерімен кездесуде АЭС жобасы еліміздің тұрақты және экологиялық таза энергиямен жабдықталуын қамтамасыз етудің кілті болып табылатынын атап өтті. Сенатор Мәртөк, Қобда және Алға аудандарына сапары барысында атом электр станциясының құрылысы энергия тәуелсіздігіне қол жеткізіп, экологиялық таза энергия көздеріне көшуге мүмкіндік беретінін айтты.
Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысы Іле ауданының тұрғындарымен, сондай-ақ «Шин Лайн» ЖШС ұжымымен және Байсерке ауылдық округіне қарасты №28 мектеп-гимназиясының ұстаздарымен кездесті. Жүздесуге қатысушылар атом электр стансасын салудың бүкіл еліміздің, және өңір үшін маңыздылығын талқылады. Сенатор жоба вокзал төңірегіндегі инфрақұрылымды дамыту ғана емес, өңірге жаңа мүмкіндіктер ашатыны туралы айтты.
Сенат депутаты Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Жаркент қаласында болып, жергілікті тұрғындармен және Халел Хамраев атындағы орта мектеп ұжымымен кездесті. Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу және оның еліміз үшін артықшылығы талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
Сенат депутаттары Жанна Асанова мен Нурия Ниязова Алматы қалалық балаларды оңалту орталығының қызметкерлерімен және шағын-орта бизнес өкілдерімен кездесті. Жүздесуге қатысушылар алдағы референдумның маңызын, сондай-ақ АЭС-ті салу мүмкіндігі тұрғысынан өңірдің экономикалық даму мәселелерін талқылады. Сенаторлар АЭС энергияның маңызды көзі ретінде жұмыс істейтіні және өз кезегінде энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ инвестиция мен жұмыс орындарын ашуға жаңа мүмкіндіктер бере отырып, экономиканың барлық секторларын өркендетуге оң әсер ететін болады.
Сенат депутаттары, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі республикалық халық штабының мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Шиелі ауданына сапары аясында өңірдің ақсақалдарымен кездесіп, атом электр станциясын салудың келешегін талқылады. Ардагерлер мен аудан тұрғындары Президент Жолдауында айтылған бастамаға қолдау білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сенаторлар ақсақалдармен кездесуден кейін Тұран ауылдық округінің тұрғындарымен пікірлесіп, жасыл энергетиканың артықшылығы мен атом энергетикасын дамыту жоспары туралы әңгімеледі. Руслан Рүстемов сондай-ақ табиғи газды жеткізудегі тұрақсыздық пен оны өндірудің қысқаруы жағдайында атом энергетикасы ел экономикасын дамытудың сенімді көзіне айналатынын жеткізді.
Сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысындағы Ақсу қаласы мен Май ауданындағы Малайсары ауылының тұрғындарымен кездесті және онда Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін талқылады. Депутат Ақсу қаласының әлеуметтік және спорт саласының ұжымдарымен, сондай-ақ Малайсары кентінің тұрғындарымен кездесу барысында АЭС құрылысы жобасының стратегиялық маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әйткенов өз сөзінде бұл жобаның еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор екенін атап өтті. Ол азаматтарды 2024 жылдың 6 қазанында өтетін референдумға белсенді қатысып, ел болашағы үшін осындай маңызды мәселеге қатысты азаматтық ұстанымын білдіруге шақырды.
Сенатор Советбек Медебаев Атом электр стансасының құрылысына қолдау көрсету жөніндегі халықтық штаб өкілдерімен бірге Жезқазған қаласында «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалы» АҚ жұмысшыларымен кездесті. Жүздесу барысында Советбек Медебаев атом электр станциясы құрылысының аймақ үшін шешуші рөлін атап өтті. Оның пікірінше, станса жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар құрылыс аймағындағы инфрақұрылымды дамытудың катализаторына айналады. Сенатор теміржолшы қызметкерлердің референдумға қатысуға және өз ұстанымдарын білдіруге шақырды. Содай-ақ осы демократиялық процестегі әрбір дауыстың маңыздылығы атап өтілді.
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысында болды және атом энергетикасын дамыту мәселелерін талқылау аясында еңбек және педагогикалық ұжымдармен, сондай-ақ, бірнеше ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда Президенттің ел халқына Жолдауында айтылған атом электр станциясын салу жөніндегі референдум өткізу туралы бастамасы талқыланды.
Ғалиасқар Сарыбаев Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асыруға мүмкіндік беретін айтарлықтай энергетикалық әлеует пен ауқымды табиғи ресурстар бар екенін атап өтті. Кездесулер барысында шараға қатысушылар атом энергетикасының дамуы және өңірдегі экологиялық және экономикалық жағдайға әсері туралы сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті.
Сенатор Сергей Карплюк Қостанай облысындағы Қарабалық ауылында болды және онда аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Жүздесуде Қазақстанда АЭС салу – талқылаудың басты тақырыбы болды. Онда еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын нығайту үшін жобаның стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды. Сенатор атом электр станциясын салу Қазақстанның энергетикалық секторының болашағы үшін серпінді қадам екенін атап өтті. Сергей Карплюк сонымен қатар аурухана тұрғындары мен қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Ол атом электр станциясының құрылысы қатаң экологиялық стандарттарды есепке ала отырып және қоршаған ортаға әсері мұқият бақыланып жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаны іске асыру барысында экологияны қорғауға басымдық беріледі.
Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Темір және Мұғалжар аудандарының тұрғындарымен бірге атом электр станциясын салу туралы алдағы референдум тақырыбын талқылады.
Тұрғындар кездесулер барысында атом электр станциясын салудың ықтимал артықшылығы мен қауіптеріне қатысты сұрақтар қойды. Көбісі экологиялық қауіпсіздік мәселесіне, құрылыстың қоршаған ортаға әсеріне, сондай-ақ аймақ өмірінде болуы мүмкін әлеуметтік-экономикалық салдарына назар аударды. Депутат жобаның Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал ететін жер қойнауынан алынатын отынына тәуелділікті төмендетуге бағытталғанын түсіндіріп, жан-жақты жауап берді.
Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысындағы Талғар ауданында зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, ауыл еңбеккерлерімен және жастармен кездесті. Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу кездесудің негізгі тақырыбы болды. Сенатор өз сөзінде атом электр станциясын салу мәселесі еліміздің қазіргі энергетикалық мәселелерін шешудегі маңызды қадам екенін атап өтті. Сұлтан Дүйсембинов кездесу соңында Талғар ауданының тұрғындарын 6 қазанда өтетін алдағы референдумға белсенді қатысуға және АЭС салу мәселесі бойынша өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге шақырды.
Депутаттар Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев «ТаразЭнергоцентр» электр станциясының ұжымымен, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері және оқытушыларымен, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті. Депутаттар кездесу барысында атом электр станциясын салу қажеттігі және оның ел экономикасына да, халықтың әл-ауқатына да әсері туралы айтты. Бекболат Орынбеков атом электр станциясы еліміздің көмір электр станцияларына тәуелділігін едәуір төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
АЭС салу жөніндегі халық штабының құрамындағы сенатор Бибигүл Жексенбай Астана тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді. Онда АЭС құрылысының тиімділігі және оның елімізге артықшылықтары талқыланды.
Кездесуге қатысушылар жалпыұлттық референдум мәселесі бойынша пікірлерін жария етті және халық штабының мүшелеріне сұрақтар қойды. Сенатор атом электр станциясын салудың еліміздің болашағындағы стратегиялық маңызын атап өтті. «Эндохирургия клиникасы» ЖШС қызметкерлерімен кездесу барысында Бибигүл Жексенбай 6 қазанда өтетін референдумға белсенді түрде қатысуға шақырды. Сенатор сонымен қатар №84 мектеп-гимназия ұжымымен кездесу өткізіп, еліміздің энергетикалық болашағының маңыздылығын және АЭС құрылысының экономикаға әсерін талқылады. Бибигүл Жексенбай кездесу соңында азаматтардың референдумға белсенді қатысуы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам екенін атап өтті.