• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қыркүйек, 2024

Қоңыраулы үй

288 рет
көрсетілді

Адамды арман алдай ма, үміт алдай ма?.. Өмір өтіп, уақыт зырғыған сайын үміт ұлғая беретіні несі екен... Расында да, адам баласы жер теуіп тұрған шағынан қарағанда бойдан қуат кетіп, тіршіліктің жалғандығын ұғып үлгерген кезде үмітшіл бола бастайды. Шуақты күндердің сәулесі азая бергенде кеудесіне жылымық үміттің жібін байлайды. Ендігі ғұмырының бар жарығы – сол үміт. Өмірін ұзартатын да сол үміт сияқтанады. Осы үміт неге тағдырдың түрлі «тосын сыйын» тауысқан, өмірдің талай белесін аттаған жарым көңіл жандарға көріне береді екен?..

Шерхан Мұртазаның «Тілсіз қо­ңырау» әңгі­месіндегі қойшы Медеу мен Шынаркүлге де ине­нің сынығындай бір үміт көрініп еді. Мал соңы­нан ойға-қырға көшіп жүрген үйден қан­шама жылдан бері жалғыз тұяқ Жексенбінің сүйегі Сталинград түбінде қалған сәттен, тек жал­ғыздық қоңырауы соғатын. Жыңғыл ортасындағы алаңқайға түсіп қалған қоңырау сынды.

«Айнала – ән салған шеңгел. Тікені зәрлі, өзі тұрпатсыз болса да, осы шеңгелден әуенді, мұңы мол өсімдік жоқ. Әсіресе мына күзде шаршаған желге қосылып, таусылмас сағынышты сазға басады».

Иә, автордың шап-шағын бұл әңгімесінде де әлдебір дүниелік музыка еседі. Сол мұңды әуен шығарманың соңына дейін бір үзілмейді. Бұл қайдан шыққан музыка? Ненiң музыкасы? Сазсырнайдың үнi ме? Жоқ, шаңқобыздың уiлi ме? Шулаған шеңгел ме екен? Жо-оқ, жылаған баланың даусы ма?

Бұл шаңырақтың үнсіз жалғыздығына, тілсіз қоңырауына табиғат та үйренген. «Ұлы құмның босағасындағы жүгірген аң, ұшқан құсқа бұл отардың тіршілік тынысы: қозының маңырағаны, қойдың мекіренгені, иттің үргені, қойшының айқайы, радионың сарыны – бәрі таныс».

Иә, қарайған үйден шыққан жылаған баланың даусы бұл маңайдағы аң мен құсқа да жат. Олар безек қаға шырылдаған дауыстың шырағы сөнген осы шаңыраққа үміт болып келгенін қайдан сезсін... Жалғыз ұлды сұм соғыс жалмап, жанары суалған шал мен кемпірдің күнделікті қоңыр тіршілігі малдың у-шуымен өтіп жатқан. Кенет ғайыптан тайып, үйге сәби келді. Шулаған шеңгел мұңды әнін сәби Серіктің шырылдаған үнімен бірге шырқады. Сәуледей үміт жалғыз-ілік үйді жарыққа бөледі. Қан майданның қисапсыз жолында қаншама тағдыр жұтылып, талай жанның ақ арманы кетті десеңізші. Бұны санап жатқан ешкім жоқ, санаудың да қажеті бар ма: жүрекке салмақ салады. Бес күндік жалғандағы пенде байғұстың бар қызығы бала болса, сол соғыс талай шаңырақты қызығынан айырды. Қойшы Медеу мен Шынаркүл де пенделік өмірдің бар қызығынан құр қалған бейбақтар. Бөтен үйге келгеніне екі күн болған сәби Серік бұл үйдің жан-мұңын қайдан ұқсын... Шынаркүлдің арманын қайдан түсінсін... Екі күннен бері шыр-шыр етіп жылауын қоймады.

«Серіктің өз арманы бар: ол үбірлі-шүбірлі, дүбірлі өз үйін сағынады. Адам, шіркін, туа салысымен арманшыл-ақ».

Иә, арман да ауа сынды. Армансыз бұл ғұмырдың түр-түсі жоқ. Қызылды-жасылды тіршіліктің ақ парағын енді бастап, тағдырдан күтері көп жас жүрек арманына жүгіреді. Бәріне сенеді. Тауқыметті танымайды. Медеу мен Шынаркүлдің арманы болған жоқ дейсіз бе?.. Бәрі де болған. Қар суымен шайылып, тек жүректегі ізі қалды.

Бұрын бұл маңда шеңгел салған ән ғана естілетін. Қалың тікен сопайған жалғыз үйдің жан-жарасын, арман-аңсарын, өзекті өртеген өкініш, тас болып қатқан қайғысын, сағыныш-мұңын, ақ үмітін жырлағандай уілдеуші еді. Күздің суық желіне қосылып, жалғыздық әнін сызылтушы еді. Тек қойшы үйінің қоңырауы үнсіз. Тілсіз қоңырау заманның запыранын жұтып, Медеу мен Шынаркүлдің бар өксігін, жарым көңілін үнсіз жоқтайды. Жалғыздық жырын жырлайды. Енді бұл бойлауық музыкаға бөтен үйді жатырқаған сәби Серіктің шырылдаған үні қосылды. Жапандағы жалғыз үйдің шырағы жанды. Кемсеңдеген қос қария­ның үміті жалғанды. Иә, «үміт болмыстан да өміршең».