Адамзаттық деңгейдегі ақыл-ой алыптары ұлт шекарасына сыймайды. Олар қара түннің шымылдығын дар айырып, шолпанды жыққан күн секілді арайын алысқа да, жақынға да шашады. Алақандай Бөріліде дүниеге келіп, Еуразия кеңістігінің ерен тұлғасына айналған жан – Мұхтар Әуезов.
Бұл туралы заңғар жазушының рухани шәкірті Шыңғыс Айтматов былай деп толғанады:
«Менің пайымдауымша, бір кезде орыс мәдениетінің өсіп-өркендеуіне Пушкин әсері қандай болған болса, бүгінгі Орта Азиядағы көркем ойдың, іргелес халықтарымыздың күллі рухани өмірінің қалыптасуына Әуезов әсері де дәл солай болды».
Осы тұғырға Әуезов үлкен дайындықпен көтерілді. 1929 жылдың наурыз айынан бастап, Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінің Шығыстану бөліміндегі түркология кафедрасының аспирантурасына қабылданады. Сол кезден бастап түркі дүниесінің жауһар жәдігерлерін зерттеп, зерделейді. Ең әуелі туыстас елдердің фольклорлық мұрасын терең талдайды. Содан кейін ғылыми жетекшісі М.Ф.Гавриловтың тікелей ұсынысымен сопылық әдебиеттің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметін», Әлішер Науаидың «Хамсасын», Әбілғазы Баһадүрдің «Түрікмен шежіресі» мен Фердаусидің «Шаһнамасын» жадына тоқиды.
Кейін өзі де Орта Азия халықтарының ауызша және жазба әдебиетінің байланысын жіті зерттеп, іргелі еңбектер қалдырады. Оның осы жолдағы ізденіс іздерін туысқан қазақ пен өзбек халықтарының әдеби-мәдени байланысын зерттеп жүрген ғалым Қалдыбек Сейдановтың «Әуезов және Орта Азия әдебиеті» монографиясынан оқып-тануға болады.
Қазақ және өзбек тілінде 2022, 2023 жылдары Ташкентте жарық көрген еңбекте заңғар жазушының әр жылдары жазылған Орта Азия халықтары әдебиетіне қатысты еңбектері талданып, әрқайсысына ғылыми түсініктеме беріледі. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық эволюциясына түркі әдебиетінің ықпалынан бастап, жазушының өзі түркі дүниесінің рухани келбетіне қалай әсер еткені хақында баяндалады.