• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 28 Қыркүйек, 2024

Ғалам ғажаптары: Зағиптарға арналған аппарат

186 рет
көрсетілді

Әгараки комикс қаһарманы Бэтмен жарғанатқа костюмімен ғана емес, түнде көре алатын қабілетімен де ұқ­сағысы келсе, ол міндетті түр­де Ға­­лым­­жан Ғабдырашовтың өнер­та­­­­бысын қолданатын еді. Отандық ғалым­­ның бұл аппараты зағип жан­дар­­дың өмірін әп-сәтте жеңіл­дете алады.

Отандық өнертапқыш Ғалымжан Ғабды­рашовтың «Sezual» құралы зағип жандарға 15 метр қашықтықтағы нысандарды сезіп білуге көмектеседі. Мұны қолданған жандар айналадағы кедергілерді түйсініп, еркін-жүріп тұру мүмкіндігіне ие болады. Жобаға Америка Құрама Штатының ғалымдары қызығушылық білдіріп жатыр.

 

Жұмыртқа қабығынан жасалған тіс

Тіс пломбасының құрамындағы нанокристалды ұнтақ – жануарлардың сүйегінен, моллюскалардың қабығы­нан алынатын өте қымбат зат. Ал өнертапқыш Шыңғыс Дауылбаев бол­са қымбат бағаны айналып өту­дің жолын ұсынады.

Мәселен, тіс плом­­ба­сын­дағы син­тездел­ген каль­ций гидро­ксиа­па­ти­тінің 1–2 грамы 8–10 мың теңгені құрайды. Ал бір тістің орнын толтыру үшін бізге кем дегенде 10 грамм қажет. «Бұл өте қымбатқа түседі. Сондықтан біз арзан био­логиялық шикізат ретінде жұмырт­қа қа­бығын алған жөн деп шештік. Әуелі жұмыртқа қабығын 900 градус темпе­ратурада пеште күйдіріп, кальций оксидін аламыз. Оның ішінен кальций гидро­ксиа­патитін синтездейміз, ол өз аналог­те­рі­нен әлдеқайда арзан шығады. Кило­гра­мына 3–4 мың теңге», дейді өнер­тапқыш. Егер жоба қаржыландырылатын болса, биопломбалар ғана емес, сонымен қатар остеопороз сияқты ауруларды емдеуге көмектесетін таблеткалар өндірісін жасауға болады.

 

«Тілсіз жаудың» тілін тапты

Құрамында химиялық жанғыш эле­менттері бар материалмен қап­талған соң кейбір ғимараттардағы өртті тоқтату оңайға соқпайды. Еліміздегі «Жану проблемалары инс­титуты» құрылымдық және ма­териалдық зертханасы бұл мәселенің алдын алу жоспарын ұсынды. Олар қабырғаға арналған отқа төзімді «бояу» ойлап тапты.

Оның құрамындағы отқа төзімді элементтер қабырғаның жануына жол бермейді. Бояудың аты «х-Flame» деп аталады. «Металды өрттен қорғаудың қандай қажеті бар деп ойларсыз. Иә, ол жанғыш материал емес. Бірақ ол қызған кезде беріктігін жоғалтады, 500°С-тық критикалық температурада деформация нәтижесінде ғимарат өз салмағымен қирап қалуы бек мүмкін. «х-Flame» ондай жағдайдың алдын алады», дейді зертхана меңгерушісі Владимир Ефремов. Қазір бұл бояу құрылыс нарығына түсіп, кеңінен қолданылып келеді.