• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2015

Қазақ эстрадасының маэстросы

672 рет
көрсетілді

Кәсіби дирижер, талантты аранжировка шебері, сазгер, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Байкөзов­тің «Үш бақытым» атты жеке шығармашылық кеші үлкен табыспен өтті. Кон­церт­тен түскен қаржы түгелімен қайырым­дылық мақсатқа жұмсалмақ. Зады, өнердің ауқымы кең. Әр салалы. Әсіресе, музыка әлемінде әншілер, сазгерлердің танымалдығына қарағанда, инструментальды музыканттардың, эстрадалық-симфониялық оркестр, ансамбль, топ құрып, оған жетекшілік жасаушылардың, әндерді әрлеушілердің есімдері өз араларында болмаса, тасада қалып, көп айтыла бермейді. Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Нұрлан Байкөзов те дәл сондай көп қырлы талант. Оның өнердегі негізгі қадамы студенттік күндерден-ақ басталған. 1973 жылы Шымкент музыкалық училищесінде жүріп, «Степные маки» («Қыр қызғалдақтары») деп аталатын вокальдық-аспапты ансамбль құрады. Арада бір жыл өткенде ансамбль Мәскеуде өткен байқауда жеңімпаз атанады. Кейіннен кезінде дүркіреп шыққан «Гүлдер» ансамблінің бес жылдай бас дирижері (1979-1984) болса, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыкалық жетекшісі (1984-1988), төрт жыл Мақпал Жүнісова құрған «Назерке» ансамбліне көркемдік жетекшілік жасайды. Қазақтың цирк өнерін тұңғыш рет әуенмен өрнектеген де Нұрлан Байкөзов еді. Сегіз жыл бойы өзі құрған алғашқы эстрада ұжымын басқарып, Алматы мемлекеттік цирк оркестріне бас дирижерлік жасады (1992-2010 жж.). Ал 2005-2012 жылдары Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған ол бүгінде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республика­лық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатында эстрадалық-симфониялық оркестр құрып, жетекшілік етеді. Оның аранжировкаларын бүкіл Қазақстанда ойнайды. Нұрлан халыққа композитор ретінде де танымал. Бүгінде әндерінің саны 60-тан асқан. М.Шахановтың сөзіне жазылған «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан...» деп келетін, Өкім Жайлауовтың «Қуыр-қуыр қуырмаш», Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Деме сен», «Ғашықтар мұңы», «Назерке», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Үш бақытым», т.б. әндері халыққа танымал. Бұдан бөлек, 50-ден астам симфониялық, эстрадалық-симфониялық оркестрлерге, аспапты ансамбльдерге арналған шығармалары бар. Оның көпшілігі Еуропа елдерінің сахнасында орындалған. Қалай десек те, шығармашылық кеш қазақ эстрада жанрының, оның ішінде инструментальды музыканттардың мерекесі болды. Өйткені, Нұрлан кәсіби гитарист те. Үлкен симфониялық оркестр, аспапты ансамбльдерге дирижерлік жасағандықтан, ол әр инструментальды музыкантпен жеке-жеке айналысып, олармен қоян-қолтық байланыста болады. Міне, осыншама жыл дирижерлік, жетекшілік жұмыс істеген Нұрланның достары да көп екен. Бірі сахнаға өзімен бірге шығып өнерлерін көрсетсе, бірі көрермен залында отырып ықыласпен қол соғып, ұстаз, тәлімгерлеріне деген ниеттерін білдіріп жатты. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген, Нұрланның өзі дайындаған талантты шәкірттері де баршылық. Солардың бірі Александр Фиша бүгінде Американың Бостон қаласындағы Джаз колледжінде оқиды. Концертке Александр келіп өз өнерін көрсетсе, жас талантты шәкірті Башкатов дирижерлік жасап, Нұрлан гитарада ойнады. Маржан Арапбаева орындаған әндері «Славян базары», «Азия дауысы», Шанхайда өткен фестивальдерде бас жүлдесіз оралмаған. Кеште орындалған шығармалардың ішінде зайыбы марқұм Айымгүлге арнаған күрделі, сүбелі еңбегінің бірі «Махаббат балладасы» пьесасының көңілден шыққанын көрермендердің ықыласынан байқау қиын емес еді. Ондағы солист шымкенттік Серік Ғаббасовтың өнерін ерекше атап өткен жөн. Тағы бір айта кетерлігі, Нұрлан өзінің ұл-қызын да өнерге баулыған. Ол балаларына: «Өнерге деген махаббат жеткіліксіз, өнерді шексіз сүю керек», дейді. Кеште қызы Әлия Байкөзова «Сен ғана» әнін орындаса, өнерді қашанда жоғары бағалап, ата тәрбиесін көрген, әке жолын берік ұстанған кештің әдемі өтуіне дәнекер болған ұлы, ақын Ерболдың еңбегі зор. Ербол кеште өзінің өлеңдерін оқыды. – Қазақ эстрадасының өсіп-өніп, етек жаюына Нұрлан Байкөзов көп еңбек сіңірді, – дейді белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев. – Еліміздің атын шығарып, қазақтарда да осындай кәсіби білікті музыкант бар екенін білдіріп, Ресейде, Украинада, шетелде эстрада саласында қызмет жасады. Оның дирижерлік етуінің өзі ерекше. Өйткені, ол практик дирижер. Себебі, ол өзі көптеген ансамбльдерде ойнаған. Яғни, осы тәжірибеден өткен адам оркестрдің ішкі құрылымын жақсы біледі. Ал дирижерлікті оқыған, бірақ тәжірибесі жоқ адам оны сезінбейді. Кешке Бағдат Сәмединова, Медеу Арынбаев, Жұбаныш Жексенұлы, Айжан Тәженова, Дәурен Сейітжанов, Сая Маханбетқызы, Ералхан Әбішев, «Жетіген», «Мюзикола» топтарымен қатар, өзге де өнер жұлдыздары қатысып, Нұрланның әндерін шырқады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.