• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Көрме 01 Қазан, 2024

Сезім суреттері

60 рет
көрсетілді

Белгілі қылқалам шебері әрі мүсінші Тілеужан Батановтың шығармашылығы өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Оның кенептегі кеңістігінде отбасы құн­дылығы, ғашықтық ғаламаты, ұлт мұраты сынды құнды тақырыптар көрініс табады. Туындыларын көзбен көріп, көңілмен сезіну үшін автордың «Сезім» атты көрмесі Астана қаласындағы Ұлттық музейде ел назарына ұсынылды.

Салтанатты іс-шараның құттықтау сөзін музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғиззатов жеткізді. «Тілеужан Батанов жеке көрмесін «Сезім» деп атауы тегін емес деп ойлаймын. Өйт­кені әйгілі испан суретшісі Пабло Пикассо  «Нағыз суретші көргенін емес, сезінгенін жазады», дейді. Тілеужан ағамыздың туындыларына көңіл көзімен назар салу керек. Сонда ғана туындының пәлсапалық мәні ашылып, көрушінің көңіліне сәуле түсіреді», деп ізгі ілтипатын білдірді.

Иә, олай айтуы заңды. Себебі Тілеужан Батанов абстракциялық композицияларын ұлттық рәмізге негіздеп, оған фигуративтік құбылыс элементтерін жиі қосады. Осы әдіспен бүгінгі қоғамның драма­лық жағдайын жақсы бейнелейді.

Туындыгер кескіндемемен қатар деко­ра­тивті және қолданбалы өнерде өзінің қолтаң­басын қалыптастыра білген шебер. Ол туралы суретші, этнограф Қалиолла Ахметжан былай деп пікір білдірді: «Өткен ғасырдың 80-жылдары біздің өнер кеңістігімізде үлкен өзгеріс болды. Сол кезде кескіндеме, сұңғат саласында жүріп жатқан ізденістермен бірге қолданба­лы өнер саласының жаңа түрлері іргелене ­бастады. Соның ішінде керамикамен жұмыс істеудің асыл арнасын жасаған әріптесіміз – Тілеужан Батанов. Оның бұл саладағы үлкен жемісті нәтижесі – портреттік бейнелерді керамикада қашай білгені еді. Соның арқасында жас суретшілер керамикаға бет бұрып, тұтас мектеп қалыптасып келеді».

«Менің туған жерім – Алматы об­лы­сындағы Көлсай деген жер. Табиғаты тұм­са, сұлулығы таңдай қақтырарлық. Көк­пеңбек аспан, мөп-мөлдір көл, ағып жатқан асау өзен менің суреткерлік көзқарасымды қалыптастырған табиғат сыйлары еді», дейді суретшінің өзі. Бүгінде суретші жеке шығармашылықпен қоса, ұстаздықпен де айналысып жүр.

Ашылу салтанатының қорытынды бөлі­мінде Көркем сурет академиясының вице-президенті Асқар Әжібекұлы әріптесі Тілеужан Бата­новты бейнелеу өнеріне айрықша еңбек сіңір­гені үшін Құрмет грамотасымен марапаттады.