Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің мамандары әзірлеген «Академиялық көшбасшылық институты: декандар мектебі» бағдарламасы аясында 80 университет деканына арналған көшбасшылық курсы басталды. Бұл курс желтоқсан айына дейін созылады. Оған қатысушылармен ұлттық, халықаралық жоғары білім сарапшылары жұмыс істейді.
Көшбасшылық оқу курсының ашылу салтанатында NU президенті, профессор Вакар Ахмад аталған университеттің еліміздегі жоғары білімді қолдау мен дамыту бойынша өз міндетін белсенді атқарып отырғанын жеткізді.
«Жоғары білім беру мектебі (GSE) осы міндетті ойдағыдай орындап, 28 000-нан астам қатысушыға бірқатар тиімді бағдарлама ұсынады. Соның ішінде көшбасшылық пен кәсіби даму бағдарламасын ерекше айтуға болады. Бұл жаңа бастама жоғары оқу орындарын одан әрі дамытып, оған қажетті құралдар мен білім береді», деді ол.
Бір жағынан, «Декандар мектебі» бағдарламасына өңірдегі жоғары оқу орындары қызығушылық танытқан. Айталық, оған қатысуға еліміздегі педагогикалық, техникалық, медициналық және жекеменшік университеттерімен бірге Қырғызстан жоғары оқу орындарын қосқанда 170-тен астам өтінім түскен. Бұл бағдарламаның аймақтық деңгейдегі маңызын көрсетеді.
«Бағдарлама жан-жақты қажеттіліктерді талдау негізінде әзірленді. Соның аясында отандық жоғары оқу орындарындағы декандардың лауазымдық сипаттамасы мұқият бағаланды. Сондай-ақ «Kozybayev University», «Narxoz», «Kimep» және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті секілді оқу орындарының академиялық көшбасшыларымен фокус-топтық талқылау жүргізілді. Бұл талдаулар бағдарламаны қазіргі декандардың алдында тұрған негізгі мәселелерді шешуге бағыттауға мүмкіндік берді», деді NU вице-провосты, Жоғары білім мектебінің деканы, PhD Аида Сағынтаева.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысу тегін. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасованың айтуынша, аталған курс жұмыс пен басқару тәсілін қайта қарауға көмектеспек.
«Жоғары оқу орындарындағы декандар мен кафедра меңгерушілері студенттермен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың ғылыми дамуына жағдай жасайды. Сондықтан жоғары білімнің сапасын арттыруға декан мен деканатқа баса назар аудару керек деп есептейміз. Осындай өзгерістерді ұтымды ұйымдастыра алсақ, жоғары білім сапасына әсер ете аламыз», дейді Г.Жарасова.
Бағдарламадағы көшбасшылық және менеджмент модулі аясында «Декан күні» семинары жоспарланған. Онда қатысушылар академиялық деңгейіне байланысты топтарға бөлініп, NU факультетін, мектеп немесе кафедра басқарудың практикалық тәжірибесін үйренеді.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жалпы медицина факультетінің деканы Талғар Әбілов бағдарламаға көңілі толатынын айтады.
Бір сөзбен айтқанда, «Декандар мектебі» бағдарламасы еліміздегі жоғары білім беру саласына айтарлықтай өзгеріс әкелмек.