• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Қазан, 2024

Тараз – қолөнершілер қаласы

86 рет
көрсетілді

Ұлы Жібек жолы бойында жатқан көне Тараз қаласы екі жыл бұрын дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың мұндай мәртебе алуы – заңдылық. Байырғы дәуірде-ақ қолөнер шеберлерінің таңдаулы туындыларымен талай жұртты тәнті еткен Таразда халықаралық көрме ұйымдастыру кейінгі жылдары дәстүрге айналды.

Дерекке жүгінсек, қолөнер­ші­лер қалаларының жаһандық ті­зі­­­мін қалыптастыру жұмысы 2014 жылдан бастап жанданыпты. Дүние­жүзі­лік ұйымға қазіргі кезде әлемнің 25 елінің ­65 қаласы енген. Көне Тараз 2022 жылы бұл тізімге 56-қала болып кірген.

Облыс орталығында өткен «Тараз – қол­өнершілер қаласы» атты үшінші халықаралық көрмеге жергілікті қолөнер шеберлерінен бөлек, Швейцария, Болгария, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан секілді алыс-жақын шет мемлекеттерден жалпы саны 200-ден астам шебер қатысып, өз туындыларын жергілікті жұрттың назарына ұсынды.

Көне Тараз ерте дәуірден-ақ қолөнер мен сауда орталығы ретінде танылғаны баршаға белгілі. Сондықтан да бұл іс-шараны өңір­дің мәдени-туристік әлеуетін арттыруға бағыт­талған ауқымды жұмыс деп бағалауға болады. Тараздың қауымдастық тізіміне 56-қала болып енгені белгілі. Дүниежүзілік ұйым тарапынан Қазақстанның ең алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін алу түсін­генге зор жетістік екені анық. Бұл көрме жыл сайын жалғасын табады», дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.

Халықаралық көрмеге арнайы ат басын бұрған шетелдік меймандар да тарихы мың­жылдықтармен астасып жатқан шаһарда мұндай ірі іс-шараның өткізілуі тиімді екенін алға тартып отыр. Өйткені ғасырлар бойы сауда-саттықтың орталығына айналған шаһар тұрғындары шеберлердің туындыларын жоғары бағалайды.

«Қасиет дарып, құт қонған Тараз қаласына ат басын тірегенімізге бек қуаныштымыз. Жаһандық қолөнершілер қауымдастығы­ның мүшесі атанған қаладағы ірі іс-шараға өз мемлекетімнің атынан қатысу – мен үшін зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік.

Тараз халқы ұдайы жылы қабылдап, туын­дыларымызға жоғары баға беріп жатады. Олардың бағасы мерейімізді өсіреді. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор. Көне қалада жаңа бағытта жұмыс атқарыла берсін», дейді Қырғыз Республикасы қол­өнер­шілер қауымдастығының президенті Нұрзат Жээнбекқызы.

Тараз төрінде ұйымдастырылған іс-шараға «Санта-Фе» халықаралық қолөнер көрмесі­нің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ-тан кел­ген мәртебелі мейман Карол Лопез Роберт­сон, тәжікстандық қолөнерші Ахмадчон Бобочонов, өзбекстандық «Хунарманд» қауым­дастығының өкілі Сухраб Шодиев, Кувейт қолөнершілер қа­уымдастығының төр­ағасы Хусейн Али Алба­зазаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңе­сінің президенті Саад Хани әл-Каддуми қатысты.

«Орталық Азияның мақтанышына айнал­ған тарихы терең Тараз қала­сын­да мұндай іс-шараның тұрақты ұйымдасты­рылуы – құптарлық қадам. Қолөнер шебер­лерінің ­туын­дылары қай кезде де өз құнын жоймайты­ны даусыз. Өйткені олар өз жұ­мысына бүкіл шы­­ғармашылық әлеуетін салады. Таразға табан тіреген көп­теген елдің шеберлері қолөнер туындыларын сатып қана қоймай, өз елінің мәдениеті мен тарихын таныстырады. Сол тұрғыдан алып қарағанда халықаралық іс-шараның маңызы зор», дейді Карол Лопез Робертсон.

Халықаралық көрмеге келген шеберлер іс-шара барысында өткен дәуірлердің қол­өнершілерінің қолынан шыққан тарихи бұйымдармен, сондай-ақ өз замандастарының заманауи туындыларымен танысып, рухани байланыс орнатты. Бұдан бөлек әртүрлі шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің әр түкпірінен келген білікті мамандар өзара тәжірибе алмасып, достық қарым-қатынас орнатты. Жергілікті халыққа өз жұмысын ұсынды.

«Қолөнер шеберлерінің еңбегі көпшілік­тің көзіне көріне бермейді. Халықаралық дең­гей­де ұйымдастырылған мұндай іс-шаралар­дың пайдасы мол. Біз өз еліміздің мәдени өмірін танытып қана қоймай, өз аудитория­мызды да арттыра түсеміз. Мұндай ауқым­ды көрменің тарихы тереңде жатқан қалада жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқаны көңіл қуантады. Бауырлас елде үш күн бойы өткі­зілген іс-шара бәріміздің көңілімізден шық­ты десем, қателесе қоймаспын. Сол үшін де жергілікті атқарушы билікке, ұйымдас­ты­рушы тарапқа айтар алғысымыз зор», дейді тәжікстандық Ахмадчон Бобочонов.

Іс-шара барысында қатысушылардың ұйыт­қы болуымен кәдесыйлар жәрмеңкесі, сән көр­сетілімдері ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ жас қолөнершілер арасында «Тараз мотивтері» тақырыбында арнайы байқау өткізілді. Бұдан бөлек, халықаралық көрме аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, халықаралық көрме қауым­дастықтарының өкілдері, сарапшылар қатысқан басқосуда ұйымның арнайы сертификаты табысталды. Сонымен қатар фестивальға белсене атсалысқан қолөнер шеберлеріне «Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымына – 60 жыл» мерейтойлық медалі тапсырылды. Ал бауырлас Қырғыз елінен келген қолөнер шеберлері фестиваль шеңберінде екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласына арналған арнайы сыйлығын ұсынды.

Кейінгі үш жылдың бедерінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық көрме тараздықтардың да қызығушылығын тудырып отырғаны даусыз. Бірнеше шет мемлекеттен келген қолөнер шеберлері ұсын­ған бұйымдарды тамашалауға келгендердің қарасы жыл сайын арта түскен. Қала тұрғын­дары қолөнер шеберлерінің мерекесі жалғасын таба беретініне бек сенімді.

«Бұл көрменің қаламызда өткізілуі дәстүрге айналғаны көңіл қуантады. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар тұр­ғындары үшін мұндай іс-шараның маңызы зор. Тараздың дүниежүзілік қауымдастыққа мүше болуы – біз үшін зор мақтаныш. Осы іс-шара арқылы біз көптеген елдің мәдениетімен танысып отырмыз. Көрме алдағы уақытта да жалғаса берсе деген тілегі­міз бар», дейді Тараз қаласының тұрғыны ­Әкежан Мақсатұлы.

 

Тараз