• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 Бүгін, 12:24

Әлемдегі прогрестен шет қалмауымыз керек - Президент АЭС құрылысы туралы

56 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында алдағы АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдум туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», деді ел Президенті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы жастардың қолында екенін алға тартты. 

«Отандастарымызға айтарым: демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады. Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парызымыз. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де – жас ұрпақ. Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп», деп қосты Қазақстан Президені.