Құзар жартасқа өрмелей ұмтылған қолдың саласындай ақ қайыңдар жалқын сары бояу жағып алыпты. Бажайлап қарасаңыз, мың түрлі бояу кенепке салған мінсіз суреттей жайнап тұр. Бурабайдың баурайы күзгі шапанын айқара жамылыпты. Демалыс күні болғандықтан ба екен, Абылайхан алаңында демалып жүрген жұрт жыртылып-айырылады. Хан тағының қарсы алаңында шоғырланған адамдар. Әлденені қызықтап тұр. Біз де жеттік. Қолына зілдей алдаспан, аумағы әжептәуір қалқан ұстаған жас жігіт пониға мінбек. Таңғы тымық ауаны қақ айырып елеурей үн қатады.
– Қазір суретке түсемін де, Өскемендегі қайын жұртыма салып жіберемін, – деп қояды.
Өзі қала баласы болуы керек, тұрқы уызға жарымаған жетім тоқтыдай понидың қамшылар жағынан мінбек. Жаз бойы талайдың тақымы тиіп, ерқашты болды ма екен, ергежейлі жылқы балықтай бұлтыңдап, жігіттің икеміне көнер емес. Сүтпісірімей уақыт әуре болды. Өзінің де жан тері шықты. Әлден уақытта таяп келген қызыл шырайлы, кеспелдек денелі ақсақал атқа мініп көрмеген әлжуазды тыймақ болып тіл қатқан.
– Әй, балам, – деді ол, – қолыңдағы қылышың мен қалқаныңды таста, сауытыңды шеш. Көрген елден ұят-тағы. Заманында жарты әлемді тітіренткен Алаш баласы мынандай жермен жексен болып тұрған мақұлыққа мінбеген. Тұлпар мініп, ту ұстаған жаужүрек ұлдың кескіні де сендей емес еді.
Жүйелі сөз жүйесін тапты-ау деймін, әлгі жігіт қаумалаған елдің құшағынан сытылып шыға берген. Ұзай беріп, шақпа тастардың қос қапталындағы малтапқыштарды көрдік. Кәдімгі бүркіттерді суретке түсу үшін жалға береді екен. Түлкі тымағыңды киіп, оқалы шапан киіп, қолыңа бүркіт қондырсаң, жарасып-ақ қалатын сияқты. Көне заманның қоламтасы көкірегіңді қыздыратын шығар, бірақ қыран бүркіттің сықпыты мүлдем ұнамағаны. Бір ғажабы, бүркітін жалға беретіндердің дені өзге ұлт өкілдері. Әлдекімдердің ұйпалақтап, жұлмалағанынан ба екен, қияндағыны қырып түсіретін қыран мінезінен пышақ кескендей айырылыпты. Құдды, қолда өскен үй тауығы іспетті.
Ұзай беріп, арқыраған арғымақ емес, қол басындай пониға аяқ арта алмаған жігіт есімізге түскені. Үн-жырғасын жықса, жердегі адам түгілі, көктегі қыран да тауы шағылып, пұшайман болады екен-ау.