Керекуде Халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 100 жылдығына арналған халықаралық пленэр өтті. Кәсіби суретшілер мен өнертанушыларды, шығармашыл жастарды біріктірген мәдени іс-шара классикалық және заманауи өнер үдерістерін қолдаудың бірегей платформасы ретінде танылды.
«АРТ-Төр 2024» аталған халықаралық пленэрде түрлі кәдесыйлардың және Нағымбек Нұрмұхаммедов салған суреттер каталогінің тұсаукесер рәсімі жасалды. Құрметті қонақтар қатарынан әйгілі суретшінің қызы, өнертанушы Мара Нағымбекқызын, ЮНЕСКО Суретшілер одағының мүшесі, ресейлік Андрей Блиокты, Қырғызстанның Халық суретшісі Юристанбек Шығаевты, әзербайжандық суретші Джалал Агаевты, сондай-ақ басқа да отандық және шетелдік танымал қылқалам иелерін көре алдық.
– Павлодар облыстық көркемсурет музейі 1964 жылы құрылған, Ертіс өңіріндегі ең ірі музей. Биыл құрылғанымызға 60 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ұйым өңірдің өнері мен мәдениеті саласындағы үрдістер мен құбылыстарды зерттеу, құжаттау функцияларын орындайтын ғылыми-мәдени мекемеге, мәдениеттің, білім мен ғылымның дамуына оң әсер ететін музей топтамаларының қоймасына айналды. Бүгінде музей коллекциясында 6 200-ден астам кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы және театрлық-декорациялық өнер туындылары бар. 2022 жылы Павлодар облыстық көркемсурет музейіне Баянауыл ауданының тумасы, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нағымбек Нұрмұхаммедовтің есімі берілді. Музей қорында суретшінің 31 туындысы сақталған, 6 туындысын суретшінің отбасы музей қорына табыстады, деп атап өтті музей басшысы Ақертіс Солтанбаев.
Нағымбек Желал-Әд-Динұлының еңбек жолы негізінен Алматы қаласында өрілген. Аса ауқымды шығармашылығы одаққа танылып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы болды. Өнер иесі этюдтер мен болашақ картиналарға арналған материалдарын негізінен ел бойынша және шетелдік саяхаттарда жинаған. Оны білетіндер тұлғаның суретші ғана емес, белсенді қоғам қайраткері, өнертанушы болғанын айтады. Қазақстанның ежелгі және қазіргі заманғы өнері туралы көптеген мақала мен кітап жазған.
«Нұрмұхаммедов шығармашылығын қырғызстандық әріптестерім жақсы біледі. Оны Қазақстанның классик суретшілерінің бірі ретінде танимыз. Жұмыстары жоғары кәсіби деңгейде салынған. Ол кісінің шәкірттері шығармашылық жолды лайықты жалғастырып отырғаны қуантады. Мұндай шеберлердің еңбегін әрдайым ұлықтап, туындыларын алтындай сақтауға міндеттіміз. Мен де ол сияқты Ресейдегі Репин атындағы академияны тәмамдадым. Бұл көрмеге ерекше тартуым бар. Әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай, ғұламаның портретін салып келдім. Оны музей қорына өткіземін», деді Қырғызстанның халық суретшісі Юристанбек Шығаев.
Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Өмірбек Жұбаниязов шеберлік сабағын өткізді. Мұнда қатысушылар кескіндеме мен графиканы үйлестіретін бірегей авторлық техникамен танысты. Ал танымал өнертанушы, «Ұлар» галереясының директоры Юрий Маркович 3D басып шығару, VR технологиялары мен дрондарды пайдалану сияқты бейнелеу өнеріндегі ең жаңа технологиялар туралы және олардың заманауи көркемдік үрдістерге әсері туралы әңгімеледі. Бұл қазіргі ұйымдастырылып жүрген көрмелердің кеңістігін өзгертуге және жаңа көзқарастар түзуге тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті қатысушылар.
Бұған қоса суретшілер Баянауылға барып, тұмса табиғаттың ғажайыптарын бейнеледі.
ПАВЛОДАР