Біз, адамзаттың жарқын болашағы үшін бейбітшілікке, келісім мен жасампаз ынтымақтастыққа ұмтылыспен бас қосқан, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысушылар,
Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу жөніндегі игі бастамасы үшін, барша Қазақстан халқы мен оның Үкіметіне кеңпейілдік әрі қонақжайлық танытқаны үшін алғысымызды білдіре отырып,
XXI ғасырда әділ әрі қауіпсіз әлемге қол жеткізу үшін дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды ілгерілетудегі съездің жоғары рөлін және Қазақстан Республикасының қосқан үлесін мойындай отырып,
дінаралық және мәдениетаралық үйлесімдікті көтермелеу, дін лидерлері мен саяси қайраткерлер арасындағы үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық және өңірлік бастамаларды қолдай отырып,
әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани мұраттар мен құндылықтарды бекемдеу арқылы адамзат өркениетін дамытуға қосатын үлесін атап көрсете отырып,
өзара құрмет ахуалын қалыптастырудағы, отбасылық құндылықтарды нығайтудағы және жас буынды имандылыққа тәрбиелеудегі діннің маңызды рөлін сезіне отырып,
дінаралық және этносаралық шиеленістің өсуіне, саяси тұрақсыздыққа және әлемнің түрлі өңірлеріндегі әскери қақтығыстарға алаңдаушылық таныта отырып,
бейбіт халықтың құрбан болуына және зардап шегуіне әкеліп соққан төзбеушіліктің барлық түрін, оның ішінде діни төзбеушілік пен радикализм көріністерін сынға ала отырып,
барлық діндердің шынайы қызметіне экстремизм мен терроризмнің ешқандай қатысы жоқ екендігін баса айта отырып,
V съездің «Дін лидерлері мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік пен даму жолындағы үнқатысуы» атты негізгі тақырыбының аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ұмтылысын растай отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:
– дін лидерлерінің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдарды болдырмау және реттеу мақсатындағы үнқатысуына жәрдем етуге;
– әскери жанжалдар тараптарын қақтығыстарды тоқтатуға, бітімге келуге және келіссөздер арқылы зорлық-зомбылыққа жол бермеуге, бейбіт азаматтарды қорғауға, барлық қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге шақыруға;
– ұлттық деңгейде де, мемлекетаралық деңгейде де кез келген саяси және діни қайшылықтарды күшпен шешу әдісінен түбегейлі бас тартуға;
– барлық алдыңғы қатарлы алып мемлекеттердің саяси лидерлерін қазіргі әлемдегі сенімсіздік тұңғиығының тереңдеуін тоқтатуға, бір-біріне санкция қолдануды доғаруға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату мақсатында халықаралық құқыққа сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың тетіктерін қайшылықтарды реттеуге пайдалану үшін шақыруға;
– діни және саяси лидерлердің теңдік, әділдік, өзара құрмет және бейбітқатар өмір сүру қағидаттарына негізделген үнқатысуына ықпал етуге;
– тұрақты бейбітшілік пен даму жолында рухани және саяси лидерлер арасындағы өзара іс-қимылдың дәстүрлі тетіктерінің қызметін жандандырып, жаңа тетіктер іздестіруге;
– адамның ар-ождан, пікір, сөз және таңдау бостандығына құқықтарының ажырамастығын түсіне отырып, әлемдік және дәстүрлі діндерге, олардың киелі деп саналатын барлық дүниелеріне және дінді ұстанушылардың діни сезімдеріне тең құрметпен қарауды қамтамасыз етуге;
– әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы үнқатысуды ілгерілету кезінде діни алуандылықты құрметтеуге;
– жалған діни риториканы жамылып, араздықты, өшпенділік пен зорлық-зомбылықты тұтандыруға бағытталған арандатулар мен әрекеттерге қарсы тұруға;
– терроризм мен экстремизмнің тамырына балта шабуға ұмтыла отырып, оларға қарсы іс-қимыл жасауға, терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің діндерге және дінді ұстанушыларға қарсы бағытталған соғысқа айналып кетпеуі үшін ерекше қырағылық танытуға;
– бейбітшілік пен даму жолындағы жаһандық диалогты нығайту мақсатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Біріккен Ұлттар Ұйымымен, қауіпсіздік және ынтымақтастық саласындағы халықаралық ұйымдармен және басқа да бастамалармен өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға;
– діни ағарту ісінің, басқа діндерді құрметтеуге тәрбиелеудің, отбасылық құндылықтарды қадірлеудің аспектілеріне көңіл бөле отырып, жастардың білім алуын дамытуға жәрдем етуге;
– бұқаралық ақпарат құралдарының иелері мен шығарушыларына өздерінің моральдық жауапкершілігін естеріне сала отырып, оларды, интернетті қоса алғанда, БАҚ-ты дінаралық және конфессияаралық алауыздықты тұтандыру үшін пайдалану практикасын тоқтатуға шақыруға, сондай-ақ, оларға бейбітшілік пен келісім мәдениетін, діндер, халықтар және мемлекеттер арасында құрмет сезімін насихаттауды ұсынуға;
– қазіргі әлемнің кедейшілік, аштық, эпидемия, жұмыссыздық, табиғи зілзала мен техногендік апаттар салдарымен күрес сияқты анағұрлым өзекті мәселелерін шешу үшін мемлекеттер мен қоғамның діни және саяси қайраткерлерінің күш-жігерін біріктіруге;
– Астанада Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі өңірлік конференция өткізу туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға;
– Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI съезін
2018 жылы Астанада өткізуге уағдаласты.
Қазақстан Республикасы, Астана қаласы,
2015 жылғы 11 маусым