Төрт түлікті өрісте өргізген шаруалар қыс пен көктем мезгілінің қабағын бағып, уақыты келген кезде мал азығын молынан жинап алуға ден қояды. Қиындыққа толы талай жылды бастан өткерген шаруалар биылғы ауа райының қарайласқанына шүкіршілік айтып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, биыл 523,4 мың мүйізді ірі қара, 3,8 млн уақ мал, 184,9 мың жылқы және 7,7 мың түйе қыстауға түседі. Шаруалардың уақтылы қамдануының арқасында өңірде жемшөп қоры жеткілікті деңгейде жиналған. Мал азығын дайындау жұмыстары уақтылы әрі қарқынды жүргізілген. Бұл іске он ауданның жергілікті атқарушы билігі де жұдырықтай жұмылған.
«Өңір бойынша 2,6 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан, 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған еді. Уақтылы басталған бұл жұмыс өз нәтижесін беріп отыр. Қыркүйек айына дейін 303 мың гектар жердегі шөп шабылып, қажетті 2,6 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 472,4 мың тонна сабан жиналды. Бұдан бөлек, мал азығы ретінде 152,8 мың тонна дәнді дақыл бөлінді. Сүрлем жинау жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр», дейді Т.Құлекеев.
Мал баққан шаруалар былтыр әр малға 12 центнерден мал азығын жинаған. Соған қарамастан жамбылдық шаруалар қаһарлы қыс мезгілінен қысылмай шықты. Ал биыл әрбір шартты малға 19 центнерден мал азығы дайындалып жатыр. Әзірленген мал азығының басым бөлігі қыстау орындарына жеткізілуде.
Арнайы құрылған жұмыс тобы барлық ауданға жұмыс сапарымен барып, дер кезінде жиналған жемшөп қорына зерделеу жұмысын жүргізеді екен. Өңірде бір түп пішен 500-650 теңге аралығында сатылса, құнарлы жемнің бір килосы 60-68 теңге көлемінде өткеріліп жатыр.
Өңір бойынша 5 862 мал қыстату орны бар. Аталған қыстақтардың 1 202-сі шалғайдағы жайылымдарда орналасқан. Малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл үйлер аз күн ішінде малшыларды қабылдауға толықтай дайын болады.
Ал мал азығы бағасының негізсіз көтерілмеуін өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі жеке қадағалауына алып отыр.
Жамбыл облысы