• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қазан, 2024

Мемлекет қайраткері ұлықталды

255 рет
көрсетілді

Адамзаттық һәм ұлттық мұрат жолына ғұмырын арнаған кескекті ердің сойы қазақта аз емес. Со­лар­дың бірі – көр­нек­ті мемлекет және қоғам қай­­рат­кері Нұртас Оңда­сынов. Ерен тұлға­ның тағдыр жолында өміршең өнеге ізі сайрап жатыр.

Елордада Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еура­зия ұлттық уни­верситеті, «Қа­зақ газеттері» серіктестігі, «Нұр­тас Оңдасынов» қоғамдық қо­ры­ бірлесіп ұйым­дастырған «Нұртас Оң­да­сынов: тарих және тұлға» атты республикалық ғылыми-тә­жі­ри­белік конференция өтті. Бұл іс-шара бі­регей тұлғаның 120 жыл­ды­ғына арналған. Ғы­лыми жиынды «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Ди­хан Қамзабекұлы жүргізіп отырды.

Алғашқы болып мінбеге шық­қан Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды.

«Құрметті қауым! Сіздерді аса көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткері Нұртас Оңдасынов­тың туғанына 120 жыл толуына арналған Республикалық кон­ференцияның ашылуымен құт­тықтаймын. Нұртас Оңда­сы­нов – мемлекеттігімізді ны­ғай­туға зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол аса күрделі кезеңде ел бас­қарып, көптеген игі бастама­ға ұйытқы болды. Халқының мүддесін бәрінен биік қойып, экономика, ғылым, білім, мәде­ниет саласында ауқымды өзге­рістер жасады. Қиын-қыстау кезеңнен кейін елімізді дамытуға, еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Нұртас Дәндібайұлы мемлекет басқару ісін жаңа дең­гейге көтерді. Ол қазақ қо­ғамын өркендетіп, ұлтжан­ды аза­маттардың тұтас буы­нын тәр­биелеуге ден қойды»,  делінген Мем­лекет басшысы құттықтауында.

Сонымен бірге Бауыржан Жұмаханұлы елеулі пікір сабақ­тап, қай­раткердің ғибратты қырла­рын атап өтті.

– Ұлт жанашыры Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновты әр қырынан тұлғалайтын қабілет-қасиеттер жетерлік. Соның бәрі айналып келгенде бірқатар тия­нақты тұжырымға тіреледі. Оны біз «Оңдасыновтың он қағи­дасы» деп атадық. Бірінші­ден, ол – мемлекеттік қызметші болу­дың үздік үлгісі. Оның болмысы мем­лекеттік қызметшінің бү­гінгі әдептік кодексіне толық сай келеді. Екіншіден, ол – мемлекет қайраткері болудың өне­гелі өлшемі. Саясаттың сынынан сүрінген жоқ, биліктің буынан бүлінген жоқ, топалаң жылдарда түңілген жоқ. Үшіншіден, ұлтын шексіз сүйді. Үкімет би­лігіндегі оның барлық шешімі ұлт мүддесінен туындады, – деп Нұртас Оңдасыновтың он қы­рына тоқталды.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбектің құттықтауын министрліктің аппарат же­тек­шісі Ма­дияр Қожахмет жет­кізді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп оқып жеткізді. Сәкен мырза көрнекті тұлға туралы пікірін де жұптады.

Сондай-ақ Нұртас Оңдасы­нов хақында деректі фильм ұсынылып, жиылған көпшілікке қайраткер өмірінің қадау-қадау кезеңдері көрсетілді. «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік бол­са да, біреуден бір тиын да пара алмадым – қолым таза! Екінші­ден, нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, ешкімнің қанын мойныма арт­қаным жоқ – арым таза! Үшін­шіден, адамдарды руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнен ешқа­шан жүзін сұраған да емеспін – жүзім таза!» деген аңыз тұлғаның атпал пікірлері көрініс тауып, көрермен көңілін толқытты.

Сенатор Нұртөре Жүсіп қай­­раткердің атқарған істеріне тоқ­талып, аңыз тұлғаға ескерт­кіш қойып, көше атын беруді ұсынды.

– Нұртас Оңдасынов дегенде, біз Абай жолын, Абай мекте­бін, Алаш идеясын тұтас алып қарастырғанымыз дұрыс деп ойлаймын. «Пайда ойлама, ар ойла» дегенді Абай неге айтты дегенді бүгінгі ұрпақ ойла­нуы керек. Нұртас атамыз Әуе­зовтен дәріс алған, Мұхаметәмин Мәшһүр Жүсіпұлынан сабақ алған, Ғани Мұратбаевтың тағылымын көрген, яғни Абай мектебінің үлгісі Нұртас Оңдасыновты әу бас­тан үлкен жолға салды. Жалпы, жаңағы «арым да таза, қолым да таза, жүзім де таза» деген дүние­ден бәріміз де тағылым алуы­мыз керек. Астана қаласына Нұр­тас Оңдасыновтың мүсінін орна­ту керек деген ұсыныспен келі­се­мін. Сонымен бірге өзі атын қой­ған Теміртауда қайраткердің ескерткіші мен көшесі бар ма? Бұл мәселені де осы кон­ференцияның қорытынды қарарына кіргізе кетсек артық болмас еді деп ойлаймын, – деді ол.

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері Қуаныш Айтаханов Нұр­тас Оңдасыновты бала жас­тан үлгі етіп өскенін айтып, әртүрлі естелік тие­гін ағытты. Сонымен бірге Оң­дасынов әлемін терең зерттеп жүрген, нұртастану­шы Гүлсім Оразалықызы алқалы жиында ақеділ тілегімен бөлісті.

– Мен 47 жасымда өзімнің жақсы көретін қызметім журналистиканы тастап, Нұртас Дәндібайұлының аманат еткен кітаптарын шығаруға, түгелдей осы кісінің еңбектеріне бас қоюға өмірімді арнадым. Ол кісі билік басына бар-жоғы 34 жасында келді. Күрделі кезде республикамыз экономикалық, моральдық жағынан да қиналып жатқан кезі болатын. Қайраткердің бірінші қолға алған жұмысы – елдегі сауатсыздықты жою еді. Бұл салада қыруар шаралар атқарып, еліміздің аяқтан тұруына көп еңбек сіңірді, – деп, сөз соңында жастарды Оңдасыновтай атаның емес, адамның ұлы болуды көксеуге шақырды.

Іс-шарада Ирак Республика­сының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джабер Нажмад ад Абдуллах әл-Темими, Иран Ислам Рес­пуб­­ли­касының Қазақ­стандағы ел­шілігі­нің мәдени істері жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Талеби Матин Нұртас Оңдасыновтың шығыстануға қосқан үлесін атап өтсе, әдебиетші-профессор Серік Негимов «Заман тудырған заңғар» атты баяндамасында қайраткер жөнінде тың пікірлер өрбітті. Сонымен қатар профессор, арабтанушы Самал Төлеубаева біртуардың араб-қазақ, парсы-қазақ сөздігін жасаудағы ерен еңбегіне тоқтал­ды. Тарихшы Мақсат Алпысбес Оңдасынов турасында оқшау ой шоғын маздатса, «Нұртас Оңда­сынов» қоғамдық қоры қамқор­шылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияны түйіндеді.

Жиын соңында модератор Дихан Қамзабекұлы кон­ференцияның қара­рын таныс­тырып, зиялылардың ұсыныс-талабын жеткізді.