Таяуда Мәскеу қаласында тәжірибе алмасып келген акушер-гинеколог дәрігерлер Шымкент қалалық №2 ауруханасының перзентханасында алғаш рет жаңа әдіспен операция жасады. Операция өте сәтті шықты. Осылайша, мегаполис дәрігерлері операция жасаудың жаңа әдісін тұңғыш рет тәжірибеге енгізді.
Акушер-гинекологтердің айтуынша, бұрын жатырда плацентаның аномальды орналасуы кезінде операциялар өте күрделі болатын. Науқастар кейде 4-5 литрге дейін қан жоғалтып, жағдайы нашарлап кететін еді. Ал жаңа әдіс енгізілгелі қан жоғалту 800 мл-ден аспайтын дәрежеге жетті немесе тіпті одан да аз болуы мүмкін. «Бұл әйел ағзасы үшін өте маңызды», дейді мамандар. Себебі қан жоғалту – босанатын ананың жағдайын ауырлататын ең басты факторлардың бірі.
Сонымен қатар бұрынғы кезде жатырдың толық ампутациясы жиі жасалатын. Яғни жатыр бүтіндей алынып тасталатын. Ал мұның әйелдерге психологиялық, физикалық тұрғыдан ауыр соққы еді. Енді жаңа әдіс арқылы жатырды сақтап қалуға болады. Бұл, ең бастысы, болашақта әйелдің ана болу бақытын сақтап қалатын үлкен мүмкіндікке айналды.
«Сонымен қатар жаңа тәсіл операция уақытын едәуір қысқартты. Соның нәтижесінде науқасқа анестезия аз уақыт жасалады, ол сырқаттың операциядан кейін тезірек қалпына келуін қамтамасыз етеді. Бұрынғы әдістерде баланың гипоксияға ұшырауы жиі болса, ендігі жерде мұндай тәуекелдер де айтарлықтай азайды. Нәтижесінде, сәби сау, толыққанды күйде өмірге келеді. Қан құю да үлкен мәселе болатын. Осыған дейін әйелге көп мөлшерде қан құю қажет болса, енді бұл операцияда бір дозаның өзі жеткілікті. Бұл да науқастың тез сауығуына ықпал етеді», деді №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бахытжан Позилов.
Бұдан бөлек, бұрын операциядан кейін әйел реанимация бөлімінде 7-8 күнге дейін жатып, баласын емізе алмай қиналатын. Өмір мен өлімнің арасында жатқан пациентке бұл кезең өте ауыр болатын. Ал жаңа әдіс арқылы операциядан кейін әйел 3-4 сағат ішінде реанимациядан шығып, баласын бірден емізе алады. Бұл ана мен баланың бір-бірімен тез жақындасуына, олардың тез сауығуына септігін тигізеді.