• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 08 Қазан, 2024

Тазалық тұнған махаббат

55 рет
көрсетілді

«Өнерде өңір деген ұғым жоқ, тек тереңдік пен талғам бар» дегенді жиі айтамыз. Бірақ шалғайда жатқан театрлардың барлығының бірдей өнерімен өзгені мойындатып, көпке танымал болып жатқаны сирек. Мұндайда төр қалаға келіп, қойылымын паш еткен Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының гастрольдік сапары елордалықтар үшін шын мәнінде өнер оқиғасы болғаны анық.

Еліміздің оңтүстігінен арнайы ат арытып жеткен театрдың төр қалаға тартуы – Бердібек Соқпақбаевтың «Қайдасың, Гауһар?» драмасы.

«Елу жылдық тарихы бар Қ.Жандарбеков атындағы театрдың шығармашылық ізденісі жылдармен бірге жанданып, жақсарып келді. Жас режиссерлердің де театрымыз­ға деген қызығушылығы, актерлермен бір­лесе жұмыс істеуге бағытталған құлшы­ны­сы қуантады. Тек, әрине, жер шалғайлау болып, көптеген өнер оқиғалары мен театр­ фестивальдерінен қалып қойып жатамыз. Осы жолы сәті түсіп, 1–5 қазан ара­­лығында Өскемен қаласында өтетін Бер­­дібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына ар­налған ХХХ республикалық драма театр­лар фестиваліне дәл осы қойылымымыз шақырту алды. Арқаға алып-ұшып жеткен бетіміз осы. Алла жазса, Астанадағы гастрольдік сапарымыз аяқталған соң бірден Өскемендегі фестивальге қатысуға аттанамыз», деді театр директоры Орал Камал.

Иә, биыл ғасыр тойы ЮНЕСКО көле­мінде аталып өтіп жатқан жазушы Берді­бек Соқпақбаевтың шығармашылығына жаңа­шыл бағытта көз тіккен театрлар түрлі инсценировка мен импровизацияға ерік беріп, соны сараптауымен сүйсіндіріп жүр. Ал Жетісай драма театрының әкелген бұл қойылымы қаламгердің әйгілі шығармасының алғаш рет театр сахнасына шығуымен де құнды. Сезімге толы сыршыл шығарманы сахна қалыбына салып, спектакль жасаған жас режиссер – Шағуан Үмбетқалиев, сценография авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Срайылов.

Шынымен-ақ кейінгі кезде өткен ғасыр­дың екінші жартысындағы прозаның инс­це­нировкаға айналып, сахнаға көшіп жат­қаны көңіл қуантады. Еліміздің көптеген театры Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбе­ков, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин сынды қаламгерлер­дің әңгіме, повестерін сахнаға көшіріп, ұлттық драматургиямызға тамаша олжа салып жүр. Соның бірі – осы «Қайда­сың, Гауһар?». Бұған дейін жазушының «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары бірнеше театрда сәтті сахналанса, көрерменімен алғаш қауышып отырған «Қайдасың, Гауһардың» да көрушісіне өзіндік айтары мол. Оны ардагер әріптесіміз, журналист Анар Төлеуханқызы өз тебіренісінде былай баяндады: «Алғашқы сәттерінен бастап бүкіл өн бойынан тазалықтың лебі ескен, балаң махаббаттың алғашқы бүршік атуы, опера көрмек түгілі атын естімеген «Чио-Чио-Санды» тыңдау, бәрі-бәрі бірінші рет болатын көріністер өте нанымды, шы­найы бейнеленеді. Ауылдан шыққан боз­баланың даланың саф ауасындай тап-таза көңілі, соғыстың қиын уақытында қаланың «тәлкөшкесінен» киім сатып алуы (онысы әйелге арналып тігілген) бәрі де сол бая­ғы оқыған повесіңдегідей тұп-тура баян­далып жатыр. Ойың шарқұрып, еш қи­налмайсың, «режиссердің ойы қандай, әртіс­тердің мизансценада айтпағы не?» деп те толғанбайсың. Қарапайым бейнеленген сол баяғы оқыған повесіңнің беттерін ақырындап қайтадан парақтап жатасың».

Біздің де бұған алып-қосарымыз жоқ. Артық-кемі жоқ дәл осы суреттеу мен дәл сол әсер біздің де көз алдымыз бен көңіл түкпірінен қатар өтіп жатты. Жазушы­ның табиғатынан айнымаған дәл өзіндей шынайылығы жетісайлық театрдың ойы­нынан да айқын сезіліп тұрды. Бәрі де қа­ра­пайым, жып-жылы, мөп-мөлдір. Бірақ бір ғана жетіспегені – сахна заңдылықтарына сай инсценировканың солғындығы, яғни оқиғаның әлі де біраз ширатуға сұранып тұрғаны дер едік. Өйткені прозаны оқу бір бөлек те, оны қойылым ретінде сахнадан тамашалау мүлдем басқа заңдылықтар мен ережені талап етері сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде жетісайлық драманың әлі де бір қайнауы ішінде кеткендей. Сюжеттің, драма динамикасының тағы да дамытуға сұранып тұрғанын байқадық. Костюмдегі стилистика мен талғам мәселесі де ізденісті қажет етеді. Музыкалық безендіру мен актер­лер­дің ішкі сезім күйін жеткізудегі сәттер аралығында үндестік үйлесімін бірізділік­ке түсірудің де қажеттілігі байқалды. Десе де шығармадағы кейіпкерлер мен сахна­дағы рөл сомдаушылардың арасындағы жас айырмашылығы әлдеқайда алшақ бол­ға­нымен, ересек актерлер кейіптеген жас­өс­пірімдер бейнесі шынайылығымен баурады. Қойылым емес, сол баяғыдай кітапты қайта оқып отырғандай күй кештік. Бұл ойымызды спектакльден кейінгі сұхбатымыз­да кітап пен сахнадағы бейнелерді салыс­ты­ра талдаған журналист Анар Төлеухан да қуаттады: «Әртістердің рөл сомдауы шынайы. Тек сен оқыған кітапта Жәнібек 9-сыныпты бітіріп, соғыс уақытында мұғалім тапшылығынан «дүрдей» мұғалім атанғаны болмаса бозбала-тын. Жақанның сәл-пәл үлкендігі болуы тиіс-ті. Гауһар да, Шолпан да уыздай жас еді. Ал сахнадағы бейнелер жас көрінбеді. Оның себептері де бар шығар, бәлкім театр әртістері қатарында жастар аз болар. Дегенмен жастар сомдаса, тіптен қатып кетер еді. Сонымен қатар драмада повесте жоқ бейне бар. Ол – Гауһардың інісі. Менің пайымымда сәтті-ақ қосылған бейне. Қай кезде де інісінің әпкесін қызғана қоруы, жас жігіттің әпкесі үшін кішкентай баланың көңілін аулап, сыйлық беріп сөйлесуге «рұқсат» алуы да кәдімгі өмір ғой. Алайда бұл рөлге де баланы тартса керемет болар еді дейсің. Жетісайлықтар осы қойылым арқылы өткен ғасырдағы қазақ қыз-жігіттері арасындағы сыйластық, махаббат, құрмет тәрізді аяулы сезімдерді қалай аялай білгенін өте тамаша көрсете біліпті. Тазалыққа құрылған, тұп-тұнық махаббат бүгінгі егде жасқа келген көрерменнің өткен шақтарын сағына еске алдыратындай, ал бүгінгінің жастарына махаббатты аялай білудің үлгісін көрсеткендей екен», деп сөзін түйіндеді журналист.

Жарты ғасырлық тарихы бар Құрман­бек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жып-жылы қойылымы кө­ңілге көктем орнатқан кеште жанды жа­дыратқан тағы бір жағымды жаңалық – Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жас кө­рер­мендер музыкалық театрының дирек­торы мен Түркістан облысы әкімдігінің Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры арасындағы әріптестік достық, яғни меморандумға қол қою сәті болды.

– Қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың бұл тамаша повесі же­лісінде жазылған дүние елордадағы сахнада тұңғыш рет сахналанып отыр. Ерекше оқиға деуге болады. Өнер – қай жерде де өнер, ол өңірде болсын, елордада болса да өз мүмкіндіктерін барынша көрсетеді. Ал бүгінгі қол қойылған меморандум – қос театрдың шығармашылық ізденісіне тың серпін береді деп сенемін, – деді Астана қалалық Жас көрермендер музыкалық театрының директоры, көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров.

Екі театр арасындағы шығармашы­­лық байланыс алдағы уақытта сәтті жалға­сын та­уып, шалғайдағы театрдың шығарма­шы­­­лығына соны серпіліс сыйлап қана қой­май, сапалы қойылымдарымен елордалық көрер­­мендерге жиі тарту жасап тұратынына шын иландық һәм риясыз қуандық.