Облыс орталығы Тараз қаласында жыл сайын ауқымды жұмыс атқарылады. Жергілікті атқарушы билік қала халқының көкейкесті мәселелерін бірінші кезекте шешуді басты басымдық ретінде қарастырған. Нәтижесінде, ауызсу мен жол, көшелерді жарықтандыру секілді маңызды проблемалар біртіндеп шешімін таба бастады.
Қала билігі тұрғындармен кездесу барысында көтерілген өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе тұрғын үй проблемасын шешудің түрлі жолы қарастырылып жатыр. Әрине, облыс орталығында халық тығыз орналасқандықтан, жұрт көкейіндегі маңызды мәселенің аз уақытта түйінін тарқату оңай шаруа емес.
Осы жылдың алғашқы 8 айындағы дерекке жүгінсек, Тараз қаласында 22 мыңнан астам азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұр. Әлбетте, баспаналы болудан үмітті тұрғындардың мәселесі қала әкімі Бақытжан Орынбековтің тұрақты назарында. Қазіргі кезде осы бағытта біршама жұмыс атқарылып жатыр.
«Қала тұрғындарын толғандырған өзекті мәселені шешу – біздің басты міндетіміз. Осы орайда 2023 жылы шаһарда 3279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 754 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, баспаналы болды.
Тараз қаласында 2522 пәтерлі 50 көпқабатты тұғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қолға алынған бұл істі жыл соңына дейін толықтай аяқтауды көздеп отырған жайымыз бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің 34-і жаңадан бой көтерген «Ұлы дала» шағын ауданында, қалған 16-сы Асанбай Асқаров көшесінің аяқ тұсындағы тұрғын алабында салынып жатыр.
Бұдан бөлек, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 9,9 млрд теңгеге 669 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 млрд теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 млрд теңге қаржы қарастырылғанын айта кеткен жөн. Қазіргі кезде сатып аламыз деп жоспарлаған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталады», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Тараз қаласының әкімі келтірген дерекке жүгінсек, 14 шағын ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысын бастауға 5,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ Асанбай Асқаров көшесінің аяқ тұсындағы тұрғын алабынан қосымша 66 тұрғын үй құрылысының жобасы әзірленген. Қала басшысының айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.
Тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында жер учаскесін алуға 2005 жылдан бері 127554 азамат тіркелген. Жергілікті атқарушы билік қала халқының өзекті мәселесін шешу жұмысын да қолға алып отыр. Дерекке сенсек, өткен жылы Құмшағал-Қарасу тұрғын алаптарынан 1497 жер учаскесі беріліпті. Қазіргі уақытта өзге де кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешуге қатысты жұмыстар атқарылып жатыр.
Облыс орталығында көппәтерлі 1438 тұрғын үй бар екен. Олардың едәуір бөлігінің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы көппәтерлі тұрғын үйдің біразының тозығы жеткен. Жүздеген тұрғын үй жөндеуден өткізуді қажет етеді. Қала билігі бұл мәселені де назарға алып, тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.
«Тараз қаласында 1103 тұрғын үйдің пайдалану мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Оның ішінде 614 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Осы жылы 5,1 млрд теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Маңызды мәселені шешу мақсатында республикалық бюджет есебінен тиісті қаражат та қарастырылды.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес қаланың орталық көшелерінде орналасқан 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы дайындалды. Оның ішінде, 11 үйдің сыртқы келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілді. Қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртамыз деген жоспарымыз бар», дейді Б.Орынбеков мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Қала тұрғындарын алаңдатқан өзекті мәселенің бірі – облыс орталығындағы бірқатар көшелерді жарықтандыру. Бұл проблеманы шешуге қатысты кейінгі жылдары облыс орталығында ауқымды жұмыс қолға алынғанын айта кеткен ләзім. Мәселен, өткен жылы жергілікті атқарушы билік 83 көшенің мәселесін дер кезінде шешсе, осы жылы 76 көшені жарықтандыру жүмысын қолға алған.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық бюджеттен 368 млн теңге бөлініп, 10 шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандырылады. Нәтижесінде, 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жолдар – жалпы саны 44 359 тұрғынның көкейкесті мәселесі уақтылы шешімін тапты. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыруды көздеп отырмыз.
Бұдан бөлек, Сәкен Сейфуллин көшесінің бойына, Жамбыл даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Сондай-ақ «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алаптарын электр желісімен қамтамасыз ету жөніндегі құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. 5775 тұрғын үй жарықпен қамтамасыз етілді.
Осы жылы қала маңындағы саяжай алаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталды. Жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрайтын жобаның жұмысы 2025 жылы аяқталады», дейді қала әкімі.
Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтерді. Қала халқы санының жыл санап өсуінен қоғамдық көлікке деген сұраныстың артқаны да мәлім. Жергілікті халықтың бұл сұранысын қанағаттандыруға қатысты да қала билігі біршама жұмыс атқарғанын айта кеткен жөн.
Тараз қаласының әкімі Б.Орынбековтің айтуынша, облыс орталығында жолаушыларды тасымалдау қызметімен 9 мекеме айналысады. Жыл басынан бері қала халқының сұранысын қанағаттандыру мақсатында жергілікті атқарушы билік 112 су жаңа автобус әкелген. Жыл соңына дейін қосымша 45 автобус әкелу жоспарланған.
«Осы жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық, қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығынын өтеу мақсатында 4,8 млрд теңге субсидия қарастырылды. Сондай-ақ биыл облыс орталығында 75 аялдама орнатылады», деді Б.Орынбеков.
Тараз