Алматыда «Дағдарыс пен тұрақсыздық жағдайында ұйымдар мен БАҚ арасындағы тиімді коммуникациялар» семинары өтті. Оны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Нархоз университеті, Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі — Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық Бюросының басшысы ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Семинардың ашылуында Нархоз университетінің Президенті Қанат Қожахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі — Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық Бюросының басшысы Властимил Самек сөз сөйледі.
«Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің салалық журналистиканы дамыту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру аясында өтуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын негізге алдық. Қоғамның барлық секторын білікті мамандармен қамтамасыз ету — ең маңызды міндет, ал бүгінгі семинардың аясында біз қазіргі қоғамның жоғары талаптарына сай келетін салалық журналистерді даярлау мәселесін талқылап жатырмыз.
Бұл шара біздің университет үшін ерекше маңызға ие, себебі Narxoz University STRATEGY 2030 стратегиясын белсенді түрде дамытуда. Тұрақты Даму Мақсаттары аясында білім беруді басты мақсат ете отырып, өз жетістіктерімізбен мақтанамыз. Narxoz университеті тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да көшбасшы орындарды иеленуде.
Бүгінгі семинарымыз тиімді коммуникациялар тақырыбына арналады. Ақпараттық ағындар қарқынды дамып жатқан қазіргі әлемде тұрақсыздық пен белгісіздік біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Осындай кезде дағдарыстар тек сынақ қана емес, сонымен қатар даму, сенімді нығайту және ашықтықты арттыру мүмкіндігіне айналады», деді Нархоз университетінің Басқарма төрағасы Қанат Қожахмет.
Семинар барысында бизнес-журналистика, іскерлік коммуникациялар мен медиа саласының жетекші мамандары антикризистік басқару бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, ортақ стратегияларды талқылады.
Семинардың бірінші модулінде қатысушыларға дағдарысқа қарсы коммуникациялық стратегияларды әзірлеуге қатысты презентациялар ұсынылды, сондай-ақ қалыптасқан жағдайға тез және тиімді әрекет ету үшін іс-қимыл жоспарын дайындау бойынша практикалық кеңестер берілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов журналистермен сындарлы қарым-қатынас орнату қоғамның сенімі мен мемлекеттік жүйенің тұрақтылығына ықпал ететінін айтты. Осы орайда мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың баспасөз хатшыларына үлкен жауапкершілік жүктеледі.
«2017 жылдан бастап мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынатын БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті тұлғаның мәртебесі белгіленді. Бұл мемлекеттік органдардан ақпарат алудың сапасы мен тиімділігіне әсер етті. Бұл ретте баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметі басшыларының мәртебесі көтерілді. Баспасөз қызметтерінің қызметін реттейтін бірқатар құжаттар қабылданып, олардың мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл және ресми хабарламалар беру ережелері қабылданды. Әрбір министрлік пен агенттіктің БАҚ-пен өзара әрекеттесуінде, коммуникация стратегияларын БАҚ-тың әртүрлі түрлеріне бейімдеуде өзіндік ерекшеліктері бар. Қарқынды дамып жатқан медиа-ортада біз мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланысты жақсартуға тиіспіз», деп түсіндірді департамент өкілі.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі және БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек өз сөзінде әлемде көптеген қақтығыстар болып жатқанына тоқталды.
«Біз тарататын ақпарат оны алатын адамдардың болашақ тағдырына әсер ететін күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мәселен азаматтардың, әйелдердің, балалардың құқықтары, көші-қон мәселелері, экология, климаттың өзгеруі т.б. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл проблемалық тақырыптардың барлығы әртүрлі түсіндіріледі және біз оларға дұрыс жауап бере білуіміз керек. Ежелгі Қытайдың әскери теоретигі Сунь Цзының «Соғыс өнері» атты қызықты кітабы бар. Менің ойымша «Ақпарат өнері» деген жаңа эссе жазудың уақыты келген сияқты», деді ол
Қазақстандық PR кәсіби клубының құрметті мүшесі Лаура Барысова дағдарыс, дағдарысқа дейінгі және дағдарыстан кейінгі коммуникациялар туралы баяндама жасай отырып, семинарға қатысушылардың назарын мемлекеттік органдар мен БАҚ-ғы ақпараттарға аударды. ЕҚЫҰ-ның коммуникациялар жөніндегі ұлттық кеңесшісі Айбар Олжай цифрлық бедел, оны басқару және жетілдіру туралы айтты.
Саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева «Жоғары білім саласындағы дағдарыс коммуникациясы: баспасөз қызметі және БАҚ» атты баяндама жасады. Ол Қазақстанға неғұрлым тәуелсіз және ашық білім кеңістігін құруға мүмкіндік беретін құрылымдық реформалар жүргізу қажет екенін атап өтті.
«Бізге жоғары білімге инвестиция тарту, тәуелсіз зерттеулерді қолдау және университеттер мен қоғам арасындағы диалогты дамыту қажет», деді профессор.
Іскерлік журналистика, іскерлік коммуникациялар және БАҚ саласындағы жетекші сарапшылармен пікір алмасуды қамтыған семинар қатысушыларға жалпы қателіктерді болдырмау және табысты өзара әрекеттесу стратегияларын әзірлеу мақсатында коммуникацияларды дағдарысты басқару бойынша практикалық білімдер мен ұсыныстар алуға мүмкіндік берді.