• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2024

Елде болса, ерінге тиеді

63 рет
көрсетілді

Әуелі Жамбыл облысында қанатқақты жоба ретінде басталған «Ауыл аманаты» жобасы кейіннен Президент пәрменімен еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын тапты. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, кәсіп бастауға ниетті елді мекен тұрғындарын қолдау мақсатында қолға алынған ауқымды жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Соңғы бірнеше жыл бедерінде өңірдің ондаған ауылында тұратын қарапайым халық дәл осы «Ауыл аманаты» жобасының пайдасын көргеніне ешкімнің дауы жоқ. Бастапқыда ірі қара мал өсіру мақсатында жеңілдетілген пайызбен берілетін несиеге қол жеткізген ауыл тұрғындары кейін өзге кәсіпке де бет бұра бастады. Атакәсіпті қолға алғандар да толайым табысқа қол жеткізе бастады.

«Президент пәрменімен еліміздің әр қиырында жалғасып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы өзінің тиімділігін көрсеткеніне ешкімнің күмәні жоқ. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға,  ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарламаның шарапатын көріп отырған отбасылар жеткілікті. Олардың саны жыл өткен сайын арта түсетіні де мәлім. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары пайда болып, ауыл халқының табысы еселене түсті. Жоба аясында атқарылған жұмыс жеткілікті. 2023 жылы 25,5 млрд теңге қаражат қарас­тырылған болатын. Бөлінген қаржы есебінен 4 076 жоба уақтылы қаржы­лан­дырылды. 51 ауылдық округ тұрғындары бағдарламаның шарапатын көрді», дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы келтірген дерекке жүгінсек, өткен жылы жоба аясында несие алғандар 152,2 мың бас мал, 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алыпты.

Расында, ауқымды жоба аясында жеңілдетілген пайызбен несие алған азаматтар жеткілікті. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, өткен жылы мал сатып алуға ниет білдірген 4 012 ауыл тұрғынының өтініші қанағаттандырылған. Сон­дай-ақ жеке кәсібін ашуға ниеттенген 43 азаматтың жобасы қаржыландырылып­ты. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 4 152 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауылдан іргесін алыстатпай, баянды бастаманың пайдасын көріп отырған отбасылар жеткілікті. Олардың дені мал алып, атакәсіпті дамытуға ден қойған. Мәселен, Жуалы ауданына қарасты Алатау ауылының тұрғыны Әсемгүл Тоқтасынова көршілес Жамбыл ауданынан 110 бас қой сатып алған екен.

«Қазір қандай да бір істі бастаймын, кәсіп ашамын деген азаматқа мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы біз де несие алып, атакәсіпті жалғастыруға ден қойдық. Қазақта «елде болса, ерінге тиеді» деген сөз бар. Қыс­қасы, шамамыз келгенше еңбектеніп жатырмыз. Адал еңбекпен нәпақасын айырамын дегендерде мүмкіндік мол. Тек ниет керек. Сонда ғана табысты боласың», дейді ол.

Ерінбеген адамға жұмыс істеуге мүмкіндік жеткілікті. Өңірдің он ауда­нындағы «Ауыл аманаты» бағдар­ламасына енген ауыл тұрғындарының барлығы да осыны айтып жүр.

«Осы жылдың аяқ тұсында респуб­ликалық бюджеттен 10,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді күтіп отырмыз. Бұл қаржыға кем дегенде 1 200 жоба қаржыландырылады. Алдағы уақытта шағын орта бизнесті, мәселен, құрылыс, кондитерлік, тігін цехтарын, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеу мен шағын цехтарды дамытуды қолға аламыз. Осы бағыттарды қаржыландыруға көңіл бөлеміз», дейді өңір басшысы.

Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерлік ашуға ниет білдірушілердің 7 жылға дейінгі мерзімге 9,5 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Ал кооперативтерге 29,2 млн теңге сомасында несие беріледі.

 

Жамбыл облысы