• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Қазан, 2024

Стрестік активтер электронды алаңда сатылады

73 рет
көрсетілді

Елімізде стрестік активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа – DMAS іске қосылды. Бұл туралы Алматыда өткен Central Asia FinTech Summit 2024 форумында хабарланды. Бастама Мемлекет басшысының стрестік активтерді эконо­микалық айналымға нарықтық негізде қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасы­мованың айтуынша, бұл – проблемалық активтерді экономикаға қайтаруға ықпал ететін, инвесторлар арасында сенімнің өсуін ынталандыратын маңызды қадам.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін биыл маусымда аккредиттелген цифрлық платформалар арқылы ғана стрестік активтерді сатуды көздейтін заң қабылданды. Заңды іске асыру үшін Агенттік цифрлық платформалардың қызметіне рұқсат беру тәртібін, осы платформаларда сауда-саттық өткізу қағидаларын, сондай-ақ ақпараттық және киберқауіпсіздік стандарттарын регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдады», деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның сөзінше, стрестік активтер саудасын цифрландыру нарықтың ашықтығын қамтамасыз ететін, инвесторларды көбірек тартатын, банк секторын стрестік активтерден тазартуды ынталандыратын маңызды нарықтық тетікке айналады. DMAS – стрестік активтермен сауда жасау үдерісін жеңілдететін және жеделдететін заманауи цифрлық платформа. Жүйе кредиттер мен өндірілген мүлікті қоса алғанда, активтер­дің кең ауқымына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Сауда-саттықты автоматтандыру үдерісті ашық әрі әділ етеді, ал агенттік бекіткен қағидалар барлық қатысушының мүддесін қорғауды қамтамасыз етпек. Мәмілелер онлайн режімде ресімделеді, бұл операциялардың ыңғайлылығы мен болжамдылығын арттырады.

Айта кетейік, 2017 жылдан бастап қабылданған шаралар нәтижесінде банк секторындағы стрестік активтер 2024 жылғы шілдеге қарай 7,7 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте төлем мерзімі 90 күннен аса кешіктірілген кредиттер деңгейі ең төменгі мәнге жетіп, шамамен 1 трлн теңгені құрады.

Агенттік төрағасы қаржы реттеушісі банктерді проблемалық кредиттерден арылуға ынталандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізгенін атап өтті.