• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 11 Қазан, 2024

«Вальс королі» төрт күн бойы аншлагпен өтті

87 рет
көрсетілді

Түркістан музыкалық драма театры IV маусым шы­мылдығын Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спек­таклімен ашты. Төрт күн бойы көрерменге ұсынылған премьера аншлагпен өтті. Осылайша, театр қоржыны өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болған тағы бір тамаша туындымен толықты.

Театр сәуір айында Қазақстан Жазу­шы­лар одағымен бірлесе отырып, Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші Қал­даяқовтың өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы үздік деп танылған. Маусым ашылар алдында өткен баспасөз мәслихатында театрдың көр­кемдік жетекшісі әрі идея авторы Шынар Омарова автордың келісімімен, композитордың халық берген мәртебесін ұлық­тау мақсатында, қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгер­тілгенін атап өткен болатын. Спектакльді қоюға халықаралық деңгейдегі көп­­теген тәжірибелі маман атса­лысқан. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга «Вальс ко­ролі» атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың әуелеген әнмен өрілген тағ­ды­рынан сыр шертетін қойы­лымды сахналау, қазақ ән өне­рімен танысу қызық әрі жаңа деңгей болғанын айтады. Ал театр басшысы Әлім­хан Мырзахан еліміздің театрларында Шәмші туралы спектакльдер бірнеше рет қойылғанын, бұл жолы олардан өзгеше дайындалып жатқанын жеткізген еді. Ра­сында да, бұл қойылым көрер­менді өзгеше бір әсерге бөледі.

Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан му­зы­калық драма театрының ак­терлері сомдады. Театр­дың жаңадан құрылған музы­ка­лық ансамблі жанды дауыс­та сүйемелдеп, хор ұжымы Шәм­ші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындады. Көрермен тарапынан өте жоғары баға­ланып жатқан қойылымда композитордың сезімге толы шабытты шақтары, өмірдегі жан күйзелісі мен Отанға деген шексіз махаббаты шебер суреттелген. Түркістандық өнер ұжымы Шәмшінің Жұ­мекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев сынды танымал ақындармен шығармашылық байланысын көрермен жүрегіне жеткізе білді. Композитордың бозбала, жігіт, ел ағасы кезін сомдаған үш әртіс те жұртшылық кө­ңілінен шықты. Көрермен ән әлеміне еніп, түрлі сезімді бастан кешірді. Қойылымда зағип жанның айтқан: «Ол адам өлгенімен, аты да, ән­дері де өлмейді» деген сөзі де көпшіліктің ойымен үн­десіп жатты. «Осы күнге дейін мені біреу бақытты етті десем, өтірік болар. Ешкім рен­жітпеді десем, ол да өтірік. Мен қанша ән жазсам, сонша рет жылаған болуым керек» деген ән падишасының сөзінен де көп сырды ұқтық. Қойылым барысында шыр­қалған әндер жүректерге же­тіп, көңіл пернелерін қоз­­ғады, қосыла шырқаған кө­рер­мен де көп. Қайталанбас өнер ие­сінің дүниеге келген сәтінен бастап, шығармашылық жол­дағы көрген қиындығы мен қызықтары, «Менің Қа­зақ­станым», «Ақмаң­дай­лым», «Ақ бантик» сияқты өл­­мес әндер­дің шығу тарихы көр­­кем бейнеленген қойылым кө­­рер­менді еріксіз елітіп отырды. Сондықтан көп­шілік жас ұрпаққа Шәмші Қал­даяқов сынды ұлы компо­зитордың өмі­рімен қатар, шығар­машы­лығын терең түсіндіретін сәтті қойылым ретінде бағалады. Бүгінде сұра­ныстың көптігін ескерген театр басшылығы «Вальс королі» алдағы қараша айын­да да қойылатынын хабарлады. Сондай-ақ Астананың театрсүйер қауымына да ұсы­ныл­мақ.

Қойылымның сценографиясын қойған – Италияның «Architizer Prize and A.I.A Mid­dle East» марапаттарының жеңім­пазы «Gio Forma» студия­сы, жарық жөніндегі суретшісі – Gaetano La Mela. Қоюшы хореограф – театрдың талантты бас балетмейстері Мәдина Мұ­ратбекова. Қойылым со­ңында облыс әкімі Дархан Са­ты­­балды театр ұжымына ықы­­лас гүлін сыйлап, сахна тө­рінде шығармашылық топпен ар­найы кездесті. Жас театр ұжы­мының өнерін жо­ғары баға­лады. Сондай-ақ кө­рермен қауым Оты­рар ауда­нындағы Шәм­ші музей-үйінен әкелінген ән пади­шасының музыкалық аспаптарымен танысты.

 

ТҮРКІСТАН