• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жәдігер 11 Қазан, 2024

Төлеу ақынға төреден өткен балдақ

122 рет
көрсетілді

Хакім Абайдың көзін көрген көрнекті халық ақындарының бірі – Төлеу Көбдікұлы. Оған қатысты әрбір дерек, алақанының табы қалған жәдігер де құнды әрі қастерлі. Сол арқылы ақын әр қырынан танылып, беймәлім сырлар көңілге қонақтайды. Баласы Мұрат Төлеуұлының шаңырағында ақынның қолжазбалары және көзі тірісінде жарық көрген жыр жинақтары, фотосуреттері мен жеке заттары – шапаны, домбырасы, шақшасы, бал­дағы, кісе белбеуі сынды дүниелері сақтаулы. Тұ­тын­ған заттарының арасында қолының табы қалған балдағының тарихы да терең.

1954 жылы Төлеу Көбдік­ұлы Балқаш қаласында тұра­тын қызы Шәрбәттің үйіне қонаққа барады. Сол кезде суы­рыпсалма ақын болып көпке танылған сөз иесіне Алаш арысы Әлихан Бөкейханның інісі, тектінің тұяғы Смахан төре арнайы келіп сәлем береді. Сібірге жер аударылып, қуғын көрген Смахан Бөкейханов 1953 жылы Сталин өлген соң елге қайтып, Балқаш өңірінен мекен-тұрақ табады. Оның Балқаш қаласындағы Жұмысшылар поселкесіндегі 14-үйде тұрғаны туралы деректі Шығыс Түркістан Рес­публикасы тарихындағы елеулі тұлға, ғалым, журналист Балқаш Бафиннің шы­ғармалар жинағынан кездес­тіруге болады.

Смахан Бөкейханов Төлеу ақынмен шер тарқатып, ұзын-сонар әңгіме-дүкен құрады. Халық ақынының қайтуға айналған сәтінде төре ақынға «таяғымызды алмастырайық» деп, інілік ізетпен Төлеу Көбдікұлына өзінің балдағын ұсынған екен. Екі тарихи тұлғаның арасын жалғаған, сый­ластық куәгері болған бұл жәдігер бүгінде Мұрат Төлеу­ұлы ұрпақтарында сақталған.

«Атамыздың Смахан тө­ремен байланысы туралы әкеміздің өз аузынан көп ес­тідім. Ол кісі Төлеу Көб­дікұлын іздеп Топчихаға екі рет барыпты. 1955 жылы Шар қаласынан келіп, басына барып құран оқығаны ту­ралы жоғарыда тоқталып өткен Мұрат Төлеуұлының естелігінде айтылады», дейді Төлеу Көбдікұлының немересі Шынар Мұратқызы.

Бекзаттық белгісіндей болған бір емес, екі бірдей тарихи тұлғаға қатысты тарихи жәдігер өткен мен бүгінді жал­ғап, ғылыми-танымдық көр­мелерден орын алып келеді.

 

Абай облысы