• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Қазан, 2024

«Тіл – екі жүзді қылыш, оны ұстай алмайсың»

71 рет
көрсетілді

Жыл сайын берілетін әдебиет саласы бо­йынша Нобель сыйлығын биыл Оңтүстік Корея жазушысы Хан Каң алды. Ол – осы елдің аталған алпауыт сыйлықты жеңіп алған тұңғыш қаламгері.

Хан Каң – қазіргі әдебиеттегі танымал жазушылардың бірі. 2016 жылы халықаралық Букер сыйлығын «Вегетариан» романымен жеңіп алды. 1970 жылы Кванджу қаласында дүниеге келген оңтүстіккореялық жазушы, қазір көп оқылатын қаламгердің санатында. Оның аталған романын әдеби сарапшылар «тілдің жойылуына қарсы күресетін үнсіздік айқайы» деп бағалайды. Шығармадағы кейіпкер ұлының қамқорлығымен қатар анасынан да, өз дауысынан да айырылған әйел ретінде оқырманмен сөйлеседі. Осы қайғылы оқиғалармен күресуге ол өзінен алынған құндылықтардың бәрін дерліктей қалпына келтіру үшін өлі тілге, яғни ежелгі грек тіліне жүгінеді. Көп өтпей ол Борхес сияқты соқыр профессорды табады, екеуінің қарым-қатынасы оқырманға көптеген сұрақ тудыратыны да жоқ емес.

Былайша айтқанда, оның бұл шығармасы «мына өмірде дауыссыз қалай өмір сүрер едік? Көру қабі­летінен айырылып қала­ты­нымызды білсек ше?» деген ұлы сұрақтарға жауап іздейді. Оның «Қара бұғы», «Сенің суық қолың», «Көз жасы толы көзе», «Жел соғып тұр», «Қоштасуға келме» сияқты кітаптары жарық көрген.

– Сіздің соңғы романыңыз жеке тәжірибе­ңізден туындады ма?

 – Үшінші романым «Вегетарианнан» кейін төртінші романымды жазуға отырдым. Бірақ жетінші тарауға жеткенде, жалғастыра алмадым, тоқырауға ұшырадым. Сосын бір жыл бойы жазуды тоқтатып, оның оқиғаларын естен шығардым. Тіпті жетістіріп кітап та оқи алған жоқпын. Ұзақ демалғаннан кейін жазуға қайта отырдым. Осылайша, бастан өткерген тыныштықтан туындаған бесінші романым – «Грек сабақтары» дүниеге келді.

– Неліктен жазу қабілетін жоғалттым деп ойлайсыз?

 – Жазу кезінде маған шынайылық жетіспеді, сондықтан жалғастыра алмадым. Кейіннен шындықты көркем әдебиетке жатқызуға болатынын түсіндім. Көркем шығарма жазу дегеніміз – шындықты жоғалту емес. Соқтықпалы, соқпақсыз болса да, жазуға жетелейтін жолдарды іздеуіңіз керек.

– Сіз және сіздің кейіпкеріңіз үшін дауыс пен тіл нені білдіреді?

 – Менің кейіпкерім сөйлеген сөзінен айырылып, бар күшімен оны қалпына келтіруге тырысады. Тілді қалпына келтіру үрдісі сіздің өміріңізді қалпына келтіру барысы екенін түсініңіз.

– Тілге қалай анықтама берер едіңіз?

 – Бұл бірегей және маңызды орта, бірақ сонымен бірге мені қинайтыны да – осы. Кейде ол мүмкін емес орта болғандықтан, оңайлықпен жоғалтып аламыз.

– Бір сөзіңізде «Тіл – екі жүзді қылыш, оны ұстай алмайсың» депсіз.

– Иә, бұл кітапты жазу кезінде мен солай деп ойладым. Тіл – шынайы өмірде жақсы көретін, мен үшін маңызды жалғыз құрал. Тілге өмір бойы құштар боламын, бірақ онымен күресуден де шаршаймын.

 – Сіз ақынсыз, сіздің кітабыңызда поэти­­­­калық сарын бар. Поэ­зияны біл­мей­­­тін жазу­шы нашар жазушы ма?

– Өлең жазбаған ақындар бар, бірақ өз шығар­ма­ларында поэзия да қоса жүреді. Роман жазғанда өлеңдер менің шығармашылығыма еніп кеткендей сезінемін. Кейде мен өлеңнің өзін, ал кейде поэтикалық әсерлері бар қалыпты тіркестерді қолданамын. Поэзия маған қатты әсер етті.

 – Сіз Борхес туралы көп айтасыз және шабыт аласыз. Бұл нені білдіреді?

– Оның шығармалары жаныма жақын, жазған­да­ры бірте-бірте көру қабілетін жоғалту, жазғы түннің жақындай түсуімен тең екенін үнсіз айтты. Бұл – мен үшін біздің ортақ тарихымыз. Бұл бәрімізде, барлық адамдарда бар жағдай.

 

EIParis сайтынан ағылшын тілінен аударған  –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»