• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 12 Қазан, 2024

Сапалы бизнес еңбекпен келеді

299 рет
көрсетілді

Кейіпкеріміз Марат Баққұлов басқаратын Алматы желдеткіш зауыты 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Азаматтық, мұнай-газ секторына арналған жабдықтарды, атап айтқанда желдету жүйелерін шығарады. Нарықтың осы сегментіндегі үлесі – 60 пайыз. Алғашқы жылдары құрылыс компаниялары, дәмханалар тапсырыс берсе, қазір олардың қатары мұнай-газ секторындағы кәсіпорындармен толықты. Біраз күн бұрын Алматыда өткен «Kazakhstan Growth Forum» серіктестік платформасында ең үздік бизнесмендер үштігінде Марат Баққұловтың да аты аталды.

Алматыдан 20 шақырым алыс қонған зауытқа барып, ондағы жұмыс үдерісін көзбен көру бізге қиынға соқпады. Белгіленген кесім­ді уақытта барып, бәрін көзбен көрдік. Зауыт жұмысы толық автоматтандырылған. Тех­но­­логиялық жабдығы Гер­мания, Ита­лия, Оңтүстік Корея­дан әке­лініп­ті. Желдет­кіштің сырт­қы қора­бы таза болаттан құйыл­са, ішкі жү­йесі халықаралық стан­дарт­­қа сай құрастырылған. Бағасы 300 мың мен 10 млн теңгенің арасында.

Жоғары білімді инженер Мараттың әу бастағы кәсібі ұстаздық еді. Ғылымға деген құштарлығын кәсібилікпен ұштастыра білді. Он шақты ғылыми-сараптамалық материал да жазды. Бір күні осы ісін бизнеспен үйлестірсем деген ой келді. Әрі сол кезде – 90-жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардың басында Алматы мен өзге де өңірлерде дәмхана мен бизнес орталықтары бірінен кейін бірі салынып жатты. Бәріне ауа тазартатын желдеткіш керек.

«Көзін таба білсең, дағдарыс та мүм­кіндікке жол ашады. Құрылыс сег­ментіндегі дағдарыс шағын бизнес өкілдеріне жаңа мүмкіндік есігін ашты. Үкімет әлеуметтік шиеленісті төмендету мақсатында құрылыс компанияларын бастаған жұмысын аяқтауға мәжбүрлеп жатқанда біреудің ескі сарайын жалға алып, желдеткішті қол­дан құрастыруға кірістім. Қолдан құрастырылса да өнімге деген тапсырыс еселеп көбейді. Жарты жыл өткенде ескі сарайымнан кеңірек орынға көшіп, жұмысшы санын арттырдым. Жұмыс түнгі ауысыммен де жүріп жатты. Ол кезде темір кесетін лазерлі аппарат сатып алуға қаржы жоқ. Бәрі қол жұмысымен атқарылды. 2008 жылы ішкі нарыққа «Алматы желдеткіш зауыты» (АЖЗ) атауымен ендік. Айналымдағы қаржыны қолдағы барды құрастыруға жұмсадық. Бұрынғы политехникалық институттағы металл сынықтарын арзан бағаға сатып алып, желдеткіштің алғашқы жобасын қолдан құрастырып шықтық», дейді М.Баққұлов.

Зауыт 2011 жылы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің» инновациялар бағдарламасына қатысып, грант ұтып алып, станоктар сатып алды. Бұдан кейін Еуропа қайта құру және даму банкі АЖЗ-ны кайдзен негізінде консультанттарды оқыту алаңы ретінде таңдап, кайдзен қағидаттарын енгізуге 40 мың доллар грант берді. 2012 жылы Алматы іргесіндегі Қоянқұс ауылында «Алматы желдеткіш зауыты» салынды. Бірнеше жылдан кейін АЖЗ ресейлік технологиядан неміс технологиясына көшті. «Zhill-Abegg» зауытының тәжірибесімен танысып, технологиясын елге әкелді.

«Алдымен сол зауыттың өніміне тапсырыс бердім, содан кейін тәжірибе алуға бардым. Шынымды айтсам, зауыттың 20 жыл бұрын жасап кеткен өнімдері бізге жаңалық болып көрінді. Бірақ оларды елге әкелу қисынсыз. Зауыт мұражайына барып, тарихымен таныс­тым. Италияның бірнеше зауытына бардым. Инженер болғандықтан, өнімдерін түгел қайталамай, ұқсатып отырып, іс жү­зінде өзімдікін жасауға шешім қабыл­да­дым», дейді бизнесмен.

Зауыт кейінгі 15 жылда климаттық техниканы, желдеткіш пен өртке қарсы жаб­дық­тарды әзірлеу және өндіру жө­ніндегі елдегі ең ірі және жалғыз зауытқа айналды. Өнімдерін тұрғын үй кешені, бизнес-орталық, кәсіпорын, ауруханаларда да қолдана бастады. 2014 жылы зауыт электр энергиясын үнемдей отырып, заманауи ауа баптау жүйесін әзірлеу және өндіру үшін кореялық «LG Electronics» компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Осы келісімнің нәтижесінде еуропалық сертификаттау жүйесін алды. Ұлыбританияда «NSV» (North Sea Ventilation Ltd) зауытында екі дәнекерлеушісін оқытты. Сондай-ақ инженерлерді құжаттаманы дұрыс дайындауға, тапсырыс берушіні түсінуге үйретті. 2018 жылы «NSV» серіктесі атанды. Осы ынтымақтастықтың арқасында мұнай-газ кәсіпорындарына арналған өртке қарсы қолданатын клапандарды жасап шықты.

2021 жылы Марат Баққұлов зауыты аме­рикалық инженер-механиктер қоға­мы­ның (ASME) халықаралық сертификатын иеленді. Мұны мұнай-газ секторына «кіру билеті» деп айтса да болады. Екі жылдан кейін АЖЗ тағы бір кореялық «Hi Air Korea» компаниясымен серіктестік орнатты. «Hi Air Korea» – әскерилерге, мұнай-газ секторына арналған желдету және ауа баптау жүйелерінің әлемдік ірі өндірушісі.

«Шетелдік серіктестермен мұндай ынтымақтастық – өте тиімді мәміле. Барлық сызбасын АЖЗ қарамағына тапсырады, біздің кәсіпорын соның негізінде мұнай-газ кәсіпорындарына арнап жабдықтар жинайды. Кореядан бірде-бір темір келмейді, шикізатты елден сатып аламыз. Болат біздің зауытта кесіледі, жиналады, дәнекерленеді. Басқаша айтқанда, 100 пайыз отандық өнім», дейді зауыт иесі.

Қазір АЖЗ жаңа өнім – тот баспайтын болаттан жасалған герметикалық параллелепипедтен құйылған өртке қарсы жапқышты айналымға шығарды. Өткен жылы зауыт өртке қарсы клапандарды 800 мың еуроға, яғни 1 млн долларға сатты. Өнім экспорттық декларацияда «Great Britain» деп жазылған. Бұл теңге девальвациясы кезінде еуромен есеп айырысуға мүмкіндік береді екен.

Қазір зауыттың желдеткіш жабды­ғының ішкі нарығының көлемі – жылына 30 млн доллар. Салыстыра айтар болсақ, Ресей нарығы – 1 млрд доллар. АЖЗ ішкі нарықтың 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Орташа түсім ресейлік зауыттан 5 есе аз.

«Ресейліктердің жалпы табысы – сериялы, орасан зор әрі алуан түрлі нарық. Үлкен индустрияландыру есебінен жыл сайын 20 пайызға дейін өсіп отырады. Ал біздің нарықта жазда табамыз, қыста тамақтанамыз. Біздің табысымыз индустрияландырудың деңгейіне қатысты. Ел ішімен шектелмей, ха­лықаралық компаниялармен интегра­циялану өте маңызды. Халықаралық нарыққа шығу басты мақсат болуға тиіс», дейді М.Баққұлов.

Ол әңгіме арасында жаңа нарықтарды іздестіріп жатқанын айтып берді. Жақын арадағы жоспар ыңғайы БАӘ, Сауд Арабиясы және Өзбекстанға ауып тұр.

«2024 жылы Өзбекстанда сауда өкілдігін ашқалы бері барлық бағытта өзгеріс пайда болды. Әзірге нарықты зерттеп жатырмыз. Өзбекстандық индус­триалды аймақтардан бірнеше ұсыныс келіп отыр. 2022 жылға дейін ол елде ресейліктердің үлесі басым болған. Санкцияның салдары бәсекелестердің қатарын селдіретіп жіберді. Қазір Өзбек­станға жылына орта есеппен 600-700 мың доллардың өнімін жеткіземіз. Бұл көрсеткішті 1 млн долларға дейін жет­кізуге мүмкіндік бар», дейді.

Бизнесменнің айтуынша, қаржыгер немесе заңгер зауыт аша алмайды, мұны тек инженер ғана жасай алады.

«Елде машина жасау саласының дамы­ғанын қаласақ, онда инженерлердің, IT армиясының қалыптасуына мүмкіндік беру керек. Қазір зауыттарға қажет мамандарды колледждерде даярлауға болады деген түсінік қалыптасқан. Бұл – қате пікір. Технологияның мүмкіндігі университет немесе колледждердің әлеуетінен асып кетті. Университет студенті зауытқа барып, роботты басқара алмайды. Үкімет демеуімен зауыт жұ­мыс­шыларын шетелдік атақты компанияларда тәжірибе алмасуға жіберу мәселесін мемлекеттік бағдарлама ар­қылы шешу керек», деп сөзін түйіндеді М. Баққұлов.

 

АЛМАТЫ