Облыс экономикасының дамуы туралы сөз қозғағанда алдымен ауылдық елді мекендерді ескерген абзал. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіріп, ауылдық округтердің қаржылық, экономикалық мүмкіндігін арттыруға өздерінің бюджеттері ашылғаны белгілі. Бұл республикалық, облыстық, аудандық (қалалық) бюджеттен кейінгі төртінші деңгейдегі бюджет деп аталды. 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысында осы бюджетке төрт түсім көзі берілген. Бұлардан түсетін түсім орта есеппен 417 млн теңгеге бағаланған. Ал 2023 жылы төртінші деңгейдегі бюджеттің түсімі 2,9 млрд теңгеге жетті.
Бұған бұрын салық алынбаған шағын бизнестен түсетін түсімдер қосылған еді. 2024 жылға төртінші деңгейдегі бюджетке 3,7 млрд теңге жинау жоспарланған. Ауылдық округтің өз қаражатының болғаны көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етті. Мемлекеттік органды ұстаудың шығындарынан басқа ауылдық округке қарайтын ауылдарды жарықтандыру, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру және қыстыгүні қар тазалау сияқты мәселелер осы бюджет есебінен шешілді. Жыл өткен сайын түсімі арта түссе, жергілікті елді мекендер де игілігін көбірек көрмек. Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстанның ауылдық елді мекендері түнгі мезгілде самаладай жарқырап тұрады. Мұның өзі ұрлық, жастардың бұзақылығы сияқты қылмыс түрлерінің азаюына сеп болып отыр.
Жуырда облыс әкімінің экономикалық секторды қадағалайтын орынбасары Қанат Дүзелбаев ауылдық елді мекендерді дамытудың басқа жолдары туралы да айтып берді. Биыл ауылдағы шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан 11,9 млрд теңге бөлініпті. Әлеуметтік кодекс шеңберінде ауылдағы бизнес бастамаларын қолдауға 400 АЕК көлемінде гранттар беру қарастырылған.
«Бүгінге дейін 230 грант беру қарастырылды. Ал 2023 жылы жастардың кәсіпкерлігін дамытуға барлығы 650 млн теңгенің 150 микрокредиті берілсе, соның 562 млн теңгесі ауылға, яғни 131 жас кәсіпкерге берілді. 35 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі осы гранттардың арқасында ашылды», деді Қ.Дүзелбаев.
Дегенмен аудан әкімдеріне осы тараптағы жұмысты белсенді жүргізу қажет екен. Бұл істе кейбір әкімдер тіпті шабандық танытып отыр. Жастар белсенділігін арттыру бағытында ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Керісінше, бастамамен келген жастардың қанатын қырқып, қолдаудың орнына сергелдеңге салып қоятын әкімдіктер бар көрінеді.
Өңірдегі бюджет шығынының басым бөлігі (барлық шығынның 33 пайызы) білім саласына кетеді. Былтырғыдан 13,5 пайызға артып, 157,3 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде 6,1 млрд теңгеге білім саласының 53 нысаны күрделі жөндеуден өткізілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2,7 млрд теңгеге 22 ауылдық елді мекеннің білім беру нысаны жөнделген. Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылында 120 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы бойынша 2 мектептің құрылысы аяқталып, тағы екеуін салу қолға алынған. «Қазір Солтүстік Қазақстанда апатты мектеп деген атымен жоқ, бәрі де жаңа, ескінің бәрі күрделі жөндеуден өтті», дейді Қанат Дүзелбаев.
Былтыр «Ауылдағы денсаулық сақтау жұмысын жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 8 нысан салынып, пайдалануға берілген. Биыл тағы 38 нысанның құрылысы қолға алынған. Соның ішінде Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде осы заманғы емхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Аудандық ем орындары жаңадан 9 санитарлық автокөлікке ие болды. Сонымен қатар флюорография, рентген, УДЗ аппараттарын алуға қосымша 5,2 млрд теңге бөлінген. Алайда облыстағы ем орындарының мәселесі толық шешілді деп айту қиын. Бүгінге дейін барлық ем орнының тозуы 75 пайызға жеткен. Облыс басшыларының алдында осы күрделі мәселені шұғыл қолға алу міндеті тұр.
Биыл облыстың мәдениет нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге барлығы 2,7 млрд теңге бөлініп, 17 ғимарат қалпына келтірілген. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендердің 5 мәдениет нысаны 659 млн теңгеге жөнделіпті. Есіл ауданындағы Николаевка, Тимирязев ауданындағы Дмитриевка, Ақсуат сияқты үш ауылда мәдени-демалыс орталықтары бой көтерген.
Ал жол салу мен жөндеу жұмыстарына 84,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол 878 шақырым жолдарды жөндеуге жұмсалып жатыр. Соның ішінде Петропавл қаласының 57 көшесінің жолы жөнделіп жатыр. Оған 7,4 млрд теңге бөлінген. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, алдағы төрт жылдың ішінде бағдарламаға сәйкес жылына 5 млрд теңгеден бөлініп отырса, Петропавлдың барлық көшесіне асфальт төселмек. Қазірдің өзінде орталық көшелерде тұратын Петропавл тұрғындары жөні түзу жолдарға қол жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы