• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Қазан, 2024

Астанада Жылқыбай Жағыпарұлының қос кітабы жарық көрді

701 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы-публицист Жылқыбай Жағыпарұлын еске алу кеші аясында «Қыз қыран» және «Қарасарт» кітаптарының тұсаукесері өтті. Салтанатты іс-шараға жазушының қаламдас бауырлары мен оқырмандары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Мәдени мәжіліс Жылқыбай Жағыпарұлының өмір жолы баяндалған видео-материалдан басталды. Жазушылықтың серті мен дертін сөз еткен қаламгердің үні мұрағат таспасынан былай деп жаңғырды: «Қолыма қалам ұстап, журналист атанған осы бір жылдар ішінде, жалғанды жазғам жоқ. Жеке бастың мүддесі үшін бәзбіреулерді мақтап, арзан бедел де жимадым. Қолымдағы қаруым – қаламыммен, түн ұйқымды төрт бөлген азабыммен қарапайым халқымның қасіретін азайтып, қадірін арттыруды арман еттім». Оның естелікке айналған осы бір дидары мен дауысы көпшілітің көңілін босатты.

Әділет пен адалдықты ту еткен азаматтың кісілік келбеті хақында «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары, журналист Қамбар Ахметов сөз сөйледі.

«Жылқыбай Жағыпарұлы саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне арнады. Іргелі басылымдарда жемісті қызмет етті. Соның бірі өзі қызмет еткен «Egemen Qazaqstan» газеті үшін ол кісінің орны ерекше. Оның өкпені қысқан өтпелі кезеңдегі жасаған қайраткерлігі әрбір азаматқа үлгі. Әсіресе, Ақмола өңіріндегі қазақ мектептерінің көбеюі тікелей Жылқыбай Жағыпарұлының еңбегі деп білеміз. Оның «Зар-нала», «Кек», «Қарасарт» ­повестері – ұлт тағдырын шебер суреттеген шығармалар. Келешекте осы туындылар негізінде көркем фильм түсірілсе артық етпейді. Оған шығармалардың драмалық әлеуеті жетіп-ақ тұр. Ешкімді жатырқамай, жатсынбай, әр қазақты бауырындай сүйген Жылқыбай ағаның арлы аманаты – баршамызға ортақ парыз деп есептеймін», деді Қ.Ахметов.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы автордың «Қарасарт» пен «Зар-нала» шығармаларының сюжеттік құрылымына тоқталып, көркемдік сипатын баяндады.

Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Жылқыбай Жағыпарұлының шығармаларын әдебиеттанушыларға зерттеу нысаны ретінде ұсыну керектігін жеткізді.    

Ал «Арқа ажары» газетінің ардагері Рахия Әлібекова әріптесінің адамгершілік, қаламгерлік қасиеттерін, еңбекқорлығын ерекше атап өтті.

Жиын соңында жазушының жары Қарлығаш Жағыпарова жолдасының шығармашылық мұрасын насихаттауда еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс айтып, оқырман қауымға ыстық ықыласын жеткізді.

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын жазушының өмірінің соңына дейін тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған еді.