Жаңа жыл қарсаңындағы қарбалас болуы керек. «Егеменнің» есігінің алдынан жарқырай күліп, жадырай сөйлеп келе жатқан Жылқыбай ағаны кездестіріп қалдық. Ерекше көңілді екен. Әдеттегіше ағалық қамқор көңілімен Қарқаралының хабары мен ата-ана амандығын біліп, хал-жағдай сұрап, бәйек болды. Біз де ағаны зейнетке шыққаннан кейінгі көргеніміз осы болғандықтан қуанып, жақсымен жүздесуден соң бір жасап қалған едік. Аға сонда алдағы жылдың күзінде 70 жасқа толатынын, мерейтойына орай бірнеше кітабының тұсауы кесілетінін айтып, сүйінші жаңалығымен бөліскен-тін...
Міне, сол көптен күткен күнге де жеттік. Тек жанды аяздай қаритыны – ағаның өзінің сол жетпісіне жетпегені... жарыққа шығуын асыға күткен кітаптарының тұсауы кесілген осы бір тамаша сәтті көзімен көрмегені... ал туған күн – мерейтойында толассыз тілек емес, тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, өткен шақта естелік айтылғаны...
Астанадағы Ұлттық кітапхана төрінде өткен жазушы, публицист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Жылқыбай Жағыпарұлының «Қыз қыран» және «Қарасарт» атты қос кітабының таныстырылымына жиналған қауымның көкейін де осы бір өкініш кернеп, көкірегіне ащы өксік тығылғаны еске алу жиынының атмосферасынан-ақ анық сезіліп тұрды.
Рухани жиын Жылқыбай Жағыпарұлының өмір жолы баяндалған бейнематериалдан басталды. Жазушылықтың серті мен дертін сөз еткен қаламгердің үні мұрағат таспасынан былай деп жаңғырды: «Қолыма қалам ұстап, журналист атанған осы бір жылдар ішінде жалғанды жазғам жоқ. Жеке бастың мүддесі үшін бәзбіреулерді мақтап, арзан бедел де жимадым. Қолымдағы қаруым – қаламыммен, түн ұйқымды төрт бөлген азабыммен қарапайым халқымның қасіретін азайтып, қадірін арттыруды арман еттім».
Қаламгердің естелікке айналған осы бір дидары мен дауысы көпшіліктің көңілін босатты. Әсіресе «Арқаның асау қазағы» бейнесюжетінде көрсетілген ағаның жарқын бейнесін көріп, жеке арихивте сақталған қаламгердің өлең оқып тұрған сәттегі жағымды коңыр үнін естігенде көзіне жас алып, көңілі толқымаған жан сирек. Барлығының жанарынан әке, жар, аға, іні, әріптес, ең бастысы, қайраткер тұлғаға деген сағыныш пен аһ ұрған көңілдің күрсінісін көрдік.
Осылай сәл мұңдылау басталған жиын жазушы-журналистің өмір жолына арналған жарқын естеліктер мен шығармашылығын байыпты барлаған әдеби талдау баяндамаларға ұласты. Әділет пен адалдықты ту еткен азаматтың кісілік келбеті, әріптес ағаның абзал әлемі хақында «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары, журналист Қамбар Ахметов тереңнен толғанды.
«Қасиетті Қарқаралы өңірінде туып, қиянға қанат қаққан Жылқыбай Жағыпарұлы саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне арнады. Іргелі басылымдарда жемісті қызмет етті. Соның бірі өзі қызмет еткен «Egemen Qazaqstan» газеті үшін ол кісінің орны ерекше. Оның өкпені қысқан өтпелі кезеңдегі жасаған қайраткерлігі әрбір азаматқа үлгі. Әсіресе Ақмола өңіріндегі қазақ мектептерінің көбеюіне тікелей атсалысқан Жылқыбай Жағыпарұлының еңбегі зор деп білеміз. Оның «Зар-нала», «Кек», «Қарасарт» повестері – ұлт тағдырын шебер суреттеген шығармалар. Келешекте осы туындылар негізінде көркем фильм түсірілсе артық етпейді. Оған шығармалардың драмалық әлеуеті жетіп-ақ тұр. Ешкімді жатырқамай, жатсынбай, әр қазақты бауырындай сүйген Жықаңның арлы аманаты – баршамызға ортақ парыз деп есептеймін», деп тебірене тіл қатқан Қамбар Жұмағалиұлы әрі қарай: «Біз әдетте журналистикадан шыққан жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда тіл қасаңдығын, публицистиканың элементтері араласқан жұтаңдықты жиі байқасақ, Жылқыбай ағаның жазушылығында, керісінше, алғашқы сөйлемінен-ақ өзіне баурап алатын қазақтың керемет бай көркем тілі мен бейнелі суреттеулеріне сүйсініп қана қоймай, сюжетінен этнографиялық танымыңды тереңдететін тамаша тәлім де алуға болады. Мәселен, кейбір әріптестеріміздің қасқыр туралы дайындалған материалынан көп кемшілікті көргенде: «Әттеген-ай, Жылқыбай ағаның мына бір шығармасын оқып алғанда дәл осындай олқылыққа жол берілмес еді ғой» деп ойлағанымыз әлі есте», деп сөзін түйіндеді журналист.
Ал жазушы Әділбек Ыбырайымұлы автордың «Қарасарт» пен «Зар-нала» туындыларының сюжеттік құрылымына тоқталып, көркемдік сипатын баяндады. «Қарқаралының соңғы қабыланы» хикаясының тарихи һәм мазмұндық мәніне терең бойлап, аллегориялық астарын ашуға ұмтылды.
«Былтыр жазушының жаңадан шыққан кітаптарын алып, оқып шықтым. «Қарасарт» хикаятының алғашқы сөйлемін оқығаннан-ақ мені өзіне тартып алып кетті. Қоғам бір кезеңнен екінші кезеңге ауысып жатқан тұсты әдемі жазған екен. Кеңестік жүйенің әбден іріп-шіріп құлаған шағы мен тәулсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның есін жия алмай, аяғын апыл-тапыл басып жатқан тұсын тек әлеуметтік-тұрмыстық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да терең, тұшымды суреттей білген екен. Осы бір ерекшелікті жазушының қай шығармасынан да ұшыратуға болады. Менің бір өкінетінім, Жылқыбай ағамыз журналистиканың қара жұмысымен қарбаласып жүріп, өзінің жазушы ретіндегі мүмкіндігін толық көрсете алмады. Әйтпесе қолымыздағы қай шығармасы да ағамыздың қаламгер ретіндегі пайым-парасат, қабілет-қарымын көрсетіп тұр. Ендігі тілегіміз – жазушының екінші өмірінің баянды болғаны», деген қаламгер сөзін Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы да қолдап, қуаттады. Ол Жылқыбай Жағыпарұлының шығармаларын әдебиеттанушыларға зерттеу нысаны ретінде ұсыну керегін жеткізді. Сонымен қатар еске алу іс-шарасында жазушы, журналист Қайсар Әлім де әріптес туралы әдемі әңгімесін айтып берсе, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ардагері Рахия Әлібекова әріптесінің адамгершілік, қаламгерлік қасиеттері мен еңбекқорлығына айрықша тоқталды. Жиын соңында жазушының жары Қарлығаш Жағыпарова өмірлік серігінің шығармашылық мұрасын насихаттауда еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс айтып, оқырман қауымға ыстық ықыласын жеткізді.
Кітап таныстырылымына жиналғандар осылайша жазушы туралы жып-жылы естеліктерін толассыз төкті. Ағынан ақтарылған лебіздер өн бойында жақсы ағаға, жазушы тұлғаға деген шексіз сағыныш жатты. Біздің де көз алдымыздан желтоқсан аязын жып-жылы еткен редакция есігінің алдындағы сол бір кездесуден кейін жадымызда жатталған аяулы жанның жарқын бейнесі, жайдары жүзі таспаға басылған кадрдай көлбеңдеп өте берді. Сол сәтте ол жүздесудің соңғы екенін сезбесек те, оқырман ретіндегі жазушы шығармашылығымен кездесуіміз соңғы болмайтынын тағы бір мәрте ұғына түскендей болдық. Жетпісіне жете алмаған жазушының жүзжылдықтарға ұласар екінші ғұмыры енді басталғандай...