• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 15 Қазан, 2024

Кремльде алғаш концерт қойған қазақ жастары

303 рет
көрсетілді

Мәскеудің Кремліне қазақтардың алғаш аяқ басуы тек кеңес одағы жылдарынан басталды. Ал бұрынғы астанасы Санкт-Петербургтегі француз үлгісімен салынған Император сарайының табалдырығын төңкеріске дейін біраз қазақ аттаған. Соның ішінде қазақ хандарының патшамен кездесуге барған делегация мүшелері, одан беріде Шоқан Уәлиханов, 1913 жылғы Романовтар династиясы таққа отырғанының 300 жылдық тойына барған өкілдер, тағысын тағы.

1917 жылдың 7 қарашасында билікке келген большевиктер 1918 жылы астанасын Мәскеуге көшірді. 1920 жылдан бері қазақ даласынан басшы қызметке тағайындалған бірлі-жарым адам ғана болмаса, жоғарғы өкімет орналасқан Кремльге қазақтың қарапайым бала­сы кірген емес. 1962 жылдан бері партияның барлық съездері Н.Хрущев салғызған «Кремльдің съездер сарайында» өткізіліп тұрды. Ал бұрынғы қабылдаулар мен әлеуметтік маңызы зор шаралар Кремльдің Владимир, Александр, Андрей және т.б. залдарында өтетін. 

Осындағы Андрей залында қазақ даласынан 1928 жылы алғаш барып концерт қойған – Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық техникумының студенттер хоры екен. Бұл туралы You Tube желісінде «АК-79» арнасын жүргізетін Асланбек Қаңтарбаев алғашқы болып хабарлады. 

Осы уақытқа дейін қазақ баласының Кремльдің төрінде қонақ болуы Қазақ өнері мен әдебиетінің 1936 жылғы алғашқы онкүндігінде болды деп жүрген едік. Сол жылы Жамбыл «Орден алған­да» деген өлеңін айтып, қазақ үнін Кремльде күмбірлеткен. Алайда Жәкең, Сәкен, Мұхтар сияқты ақын-жазу­шылар мен атағы жер жарған Күләш, Қанабек, Құрманбек, Шара, т.б. өнерпаздарымызға дейін қазақ үні Кремльде жаңғырған екен. Оны істеген – 1928 жылы Қызылжар қаласынан барған жастар хоры.  

Әулие апостол «Андрей первоз­данныйдың» аты берілген зал 1849 жылы салынып, 1932 жылға дейін аман тұрған. Ал 1932 жылы оны көршілес Александр залымен қосып, КСРО Жоғары кеңесінің отырыс залына айналдырған. Алайда 1994-1998 жылдары ол қайтадан қалпына келтірілген.

Міне, осы залда қазақ жастары алғаш рет концерт қойып, «Бипыл», «Елім-ай», «Арарай», т.б. он шақты ән әуелеткен екен. Бұдан кейін хор Мәскеудің бірнеше еңбек ұжымы мен әскери бөлімдерінің клубтарында, ММУ студенттерінің алдында, басқа да орындарда ән салған. Бүкілодақтық радиостанса хор әндерін өздерінің қорына жазып алған, деректі фильм түсірген. Студенттерді халық ағарту комиссары А.Луначарский қабылдаған. Ол Студенттер хорын жоғары бағалап, өкімет атынан марапаттаған. Сонымен бірге хордың Мемлекеттік көркем ғылымдар академиясындағы кездесуін ұйымдастырады. Концертке сол жылдарда Мәскеуде қызмет істеген Әбілқайыр Досов, Тұрар Рысқұлов сияқты қазақ қайраткерлері де қатысып, жерлестерінің өнеріне ризашылығын білдірген. Бір мың қазақ әнін жинап, нотаға түсірген музыка зерттеушісі Александр Затаевич Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордадан арнайы келіп, концертті жүргізген.

Ал хорды ұйымдастырған, оның көркемдік жетекшісі болған тағы бір поляк азаматы Иван Коцых. Варшава консерваториясын бітірген ол 1923 жылы Қазақстанға келіп, Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық техникумында ән-күйден сабақ беріп, осы тамаша хорды ұйымдастырады. Кейін оны Алматыға шақырып, Қазақ филармониясында, Абай атындағы Опера және балет театрында хормейстер болып қызмет істеген.

Сол жылдардағы педтехникумның директоры – белгілі Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулин екен. Патша заманында дәрігерлік білім алған ол – Қы­зыл­жар қаласындағы алғашқы қазақ дә­рігерлерінің бірі. Медицина саласы бо­йынша қазақ тілінде сегіз кітап жазған адам. Бұл кісі туралы «Егеменге» бірнеше рет мақала жазғанбыз. Петропавлдың жоғары ме­дициналық колледжіне Ж.Тілеулиннің атын да бергіздік.

Ал 1928 жылы оны педтехникумның директорлығынан босатып, орнына Сыдық Аблановты тағайындайды. Жамбыл облысының тумасы болған бұл ағамыз 1937-1938-дің қырғынында жапа шегіп, атылған. Техникум хорының Мәскеуге барып өнер көрсеткені осы ағамыздың тұсында.

Асланбек Қаңтарбаев ролигінде Пет­ропавл қаласы жастарының Мәскеуге барып өнер көрсетуіне Әбілқайыр Досов ықпал еткенін айтады. Көкшетау өңірі­нен шығып, елімізге белгілі қайраткер бол­ған бұл ағамыз да 38-дің құрбаны болған. Ал сол жылдарда ол Қазақ АКСР-нің БОАК-тегі өкілі, одан кейін осы органда ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, Мәскеуде тұрған. 

Осы оқиға туралы деректердің біразы Петропавлдың «Смычок» деген газетінде жазылыпты. Оны жуырда облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова тауып, Петропавл педтехникумы хорының бір топ суреттерін бізге жолдады. Топпен түскен суретте хорға қатысушылардың арасында Дайырова, Әубәкірова, Тінәлина есімді комсомол қыздардың болғаны айтылады. С.Мәлікова осындағы Мархаба Әубәкірова туралы бір деректерді басқа газеттерден де тауыпты.

1913 жылы Ақмола қаласында туған Мархаба жасынан пысық, белсенді бол­ғанға ұқсайды. «Жойылсын сауатсыз­дық!» ұйымына мүше болып, халықтың сауатын ашуға бағытталған «Қызыл отау­ларды» ұйымдастыруға қатысады. Қоғамдық істермен жүріп, техникумды толық аяқтамаған болуы керек, өйткені Ақ­моланың «Металлист» зауытында жұ­мыс істеп, зейнетке шыққан екен.  Күйеу­ге шыққаннан кейінгі фамилиясы Дайырова.

Міне, тағдырдың жазуымен орыс империясының цитаделі, ең үлкен қорғаны, артынан мемлекеттің жүрегіне айналған сәулет өнерінің ғажайып ескерткіші Кремльдің табалдырығын алғаш аттаған қазақтар туралы шағын дерек осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы