• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Қазан, 2024

Тұрақты даму еңбек нарығына тәуелді

137 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет саға­тында көпті толғандырып жүрген халықтың әлеуметтік ахуалы талқыға салынды. Оның ішінде депутаттар жұмыспен қамтудың жай-күйінен бастап шетелде құлпынай теріп жүрген отандастардың мәселесіне дейін көтеріп, сөз бен істің арасындағы арақашықтықты жақындату қажеттігін алға тартты.

Отырысқа модераторлық еткен палата спикерінің орынбасары Дания Еспаева еңбек нарығын тиімді басқару тұ­рақты экономикалық даму­ға қол жеткізіп жатқанын жеткізді. Осылай деген ол Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында кадрлық әлеует­ті арттыру мәселелерінде бірқа­тар басым бағытты белгілеп, Үкі­метке нақты тапсырмалар бергенін алға тартты. Айта­лық, 2025 жыл «Жұмысшы маман­дықтары» жылы болып жария­ланды. Сарапшылардың мәлі­метінше, қазір кәсіптік-техни­калық білімі бар мамандарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттілік 70%-ға артып отыр.

«Осыған байланысты техни­калық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек. Экономикамызды білікті кадрлармен қамтама­сыз ету мақсатында қазіргі заман­ғы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындары­­ның білім бағдарламаларын қайта қарастырып, экономика­ның нақты секторларымен байланысын күшейту қажет», деді Д.Еспаева.

Ал оны іске асырудың негіз­гі тәсілдері Еңбек нарығын дамытудың 2029 жылға дейін­гі тұжырымдамасында көрсе­тілген. Алайда тұжырым­да­маны іске асыруда берілетін баяндамалар мен жұмыспен қамту шараларының арасында алшақтық көп. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ашылған 1,5 мың жұмыс орнының 90 пайызы – уақытша, ал «2021-2025 жылдарға арнал­ған агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобасындағы 67 мың жұмыс орнының 81 па­йызы – маусымдық. Депутаттың айтуынша, жаңа жұмыс орын­дарының 87%-ы негізі­нен төмен, орташа өнім бере­тін сек­торларда құрылады әрі олар да уақытша сипатқа ие. Бұған қоса, елімізде бейресми экономиканың жоғары үлесі және халықтың мемлекеттік қолдауға тәуелділігінің өсуі сақталып отыр.

«Ерекше алаңдаушылық тудыратын – жастардың жұмыс­сыздығы. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру үшін мемлекет жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқу үшін гранттар береді. Бірақ оқуды аяқтағандардың барлығын жұмысқа орналас­тыру үлкен алаңдаушылық ту­ғызады. Айталық, биыл ма­ман­­дығы бойынша колледж түлектерінің 40%-ы жұмысқа орналастырылды. Оның өзінде мемлекеттік органдар олардың жұмысқа орналасуынан нақты жағдайда таныс емес», деді палата төрағасының орынбасары.

Әйткенмен, Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сөз басында экономикалық дағдарысқа, Covid-19 пандемиясына, сондай-ақ кейінгі 5 жылда бастан кешкен бірқатар ішкі сынға қарамастан, ең­бек нарығында тұрақтылықты сақтауға қол жеткізілгенін атап өтті. Мысалы, еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің бірі – жұмыс күші 5 жылда 420 мың адамға өскен.

Министр еңбек нарығын­дағы тұрақты өсімге қарамас­тан, мемлекет тарапынан тең мүмкіндікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін одан әрі күш салуды талап ететін бірқатар осал тұсын да жоққа шығармады.

С.Жақыпова тиімді, әділ және серпінді еңбек нарығын құру және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ми­нистрлік 5 негізгі жұмыс бағы­тын айқындап отырғанын жет­кізді. Бұл – мемлекеттік инвес­тициялардың тиімділігін арт­тыру, сапалы жұмысшы­лар санын ұлғайту, кадрлық әлеует­ті күшейту, жұмыспен қам­туды заңдық тұрғыдан ресім­деу, жұмыспен қамтудың экожүйесін дамыту. Ал бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін министрлікке еңбек нарығының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, оның ішінде мониторинг пен болжаудың жаңа құралдарын ескере отырып, депутаттардың жан-жақты қолдауы ауадай қажет.

Министр депутаттарға саланың халықты жұ­мыс­пен қамту саласындағы цифр­лық жобалары туралы егжей-тегжей айтып, электрондық штаттық кесте жобасы сәтті іске асып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Еңбек министрлігі мемлекет мүддесіне сай келетін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін теңдестірілген көші-қон саясатын құру бойынша жұмысын жалғастыра береді. Ең маңыздысы, министрлік 2030 жылға қарай әбден тең­дестірілген еңбек нарығын құруды стратегиялық мақсатқа айналдырмақ.

Осы орайда депутаттар елдің әлеуметтік қорғалуында жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселе көп екенін жеткізді. Мысалы, министрлік жыл сайын кадрларға перспек­тивалық қажеттілік болжамын қалыптастырады.

2024 жылға арналған электрондық еңбек биржасын­дағы бос жұмыс орындары­ның қысқамерзімді болжамына сәйкес мәлімделген бос жұмыс орындарының саны шамамен 1,3 млн бірлікті құрайды. Бірақ бос жұмыс орындарының ең көп саны кәсіби мамандарға тиесілі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. Себебі маусымдық жұмыстар кезінде фермерлер мен аграршыларға жұмыс күші жетіспейді.

Депутат Асхат Аймағам­бетов 2008 жылдан бері жұмыс­пен қамтудың бақандай 5 бағ­дарламасы қабылданғанын айтады. Бұл дегеніңіз екі жыл сайын жаңа бағдарлама қа­былданып отырғанын көрсетеді екен. Әйткенмен, осы шаралар жағдайды концептуалды түрде айтарлықтай өзгерте алмаған, негізінен уақытша сипатта болғанын байқатады.

Сол баяғы уақытша жұ­мыс орындарын құру, оқыту, қайта оқыту, шағын несие беру, инфрақұрылымдық жо­баларды іске асыру секіл­ді «тізесі шыққан» шаралар­ды қолданамыз. Ал жер­гілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмайды. Бұлардың қаншалықты тиімді екенін де зерттеп жатқан ешкім жоқ. Осылай деген депутат: «Үкіметтің есебіне сәйкес, жылына шамамен 900 адам жұмысқа орналасады екен. Сонда «жылына миллионға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр?» деген сұрақ мазалайды? Мынандай қарқынмен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді ғой», дейді.

Сондай-ақ ол ведомстволық бытыраңқылық барын айтты. Ал барлық жұмыс орын­дарының 70%-ын немесе жалпы жұмыспен қамтудың 50 па­йы­зына жуығын бизнес емес, мем­лекет қамтамасыз етіп отыр. Көптеген мемлекеттік бағдар­ламада бекітілген көрсеткіштер тек қағаз жүзінде қалып қойған. Ұлттық жобалар сапалы жұмыс орындарын жетілікті деңгейде қамтамасыз етпей отыр.

Осындай бірқатар түйт­кілді тарқатқан депутаттар министр­ліктің жұмысында алға жылжу барын да жоққа шығармады. Алға қойылған жоспарлар мен мақсаттарына жоғары баға берілді. Десе де әлеуметтің мәселесі бір министрліктің емес, барлық мемлекеттік органның жұдырықтай жұмыла көтеріп шешетін жұмысына байланысты екенін айтып тарқасты.