Батыс Қазақстан облысында «Ақжайықтың ақшағаласы» атанған ақын, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жасқа толуына орай айтулы іс-шара өтті.
Қазақтың аяулы ақын қызының мерейтойын туған жерінде атап өтуге жыл бойына көптеген іс-шара жоспарланған еді. Кездесулер, поэзия сағаттары, ақын оқулары, түрлі байқау облыстың бірнеше ауданында өтіп, ақын шығармашылығы кеңінен насихатталды. Бұл іс-шаралардың бәрінде Ақұштап поэзиясымен бірге жалпы әдебиет әлемі, қазақ мәдениеті, ұлттың ұлағаты да шырқау биікке шығып, халық сүйіспеншілігіне бөленді.
Мысалы, ақын мерейтойына орай ұйымдастырылған қыз-келіншектер арасындағы облыстық жыр мүшәйрасына қазылық еткен қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин осындай іс-шаралар жастарды әдебиет әлеміне тартып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға сеп болатынын атап өтті.
Осы мерейтой аясында Орал қаласында «Ақұлпа» республикалық композиторлар байқауы да табысты өтті. Ақынның лирикалық жырлары бұрын да әсем әуенге бөленіп, ел аузында жүрсе, жаңа байқаудың арқасында тағы да бір топ жаңа туынды сахнаға жол тартты. Бұл байқауға Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан үміткерлер өтініш берген екен. Нәтижесінде, бас жүлде ақынның «Махаббатым жайлы жазбас едім» өлеңіне ән шығарған батысқазақстандық жас композитор Елжас Мағзомға бұйырды. Сыйлық сазгерге автордың өз қолымен табысталды. Айта кетейік, жаңа ән шынымен де жүрек қылын шертетін әсерлі дүние болып шыққан. Байқаудың өзге жүлделері де осал емес. Ақынның мерейтойынан күллі қазақ мәдениеті пайда көрді, биіктей түсті деп отырғанымыздың дәлелі осы.
Ақұштап Бақтыгереева мерейтойының шырқау шегі оның туған жері – Теректі ауданында болды. Ақынның кіндік қаны тамған Ақжайық ауылында Әдебиетшілер үйі ашылды. Алты бөлмелі сәулетті сарайда өңірдің өнер адамдарына барлық жағдай жасалған. Ақынның жеке бұйымдарынан жинақталған бөлме – жеке кабинет музей сынды әсер берсе, өзге бөлмелерде жастар бас қосып, түрлі үйірме жұмысын жүргізуіне мүмкіндік жасалған. Батыс Қазақстан облысында бұған дейін де табысты қызмет етіп келе жатқан Жұбан үйі, Қадыр сарайы секілді өнер ордасына айналар деп үміт еттік.
– Бұл Теректі ауданы – тарихы жоғалған, толық түгенделмей жүрген өңір. Өйткені отаршылдықтың оспадар саясаты бұл жерде күшті жүрді. Тіпті кешегі тың игеру науқаны кезінде Теректі топырағы түреннің астында қалды. Ылғи түрмеден шыққан, тек қана трактор айдай білетіндер келді. Теректі ауданының негізін солар құрап, содан бізде тіл жоғалды. Тіл жоғалса, көп нәрсе жоғалады. Енді осы Әдебиетшілер үйінің әсерінен туған жердің төл тарихы жинақталса, тіліміз төрге шықса, менің арманым жоқ. Осыған қатты қуанып отырмын, – деді Ақұштап ақын.
Ақжайықтағы әдебиетшілер үйінің алғашқы іс-шарасы ақынның өзі қатысқан қаламгерлер конференциясы болды. Жиынды Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізіп, бірнеше тақырып талқыланды. «Aqjaiyq» телеарнасының директоры Клара Қамбетова Ақұштап Бақтыгерейқызын арнаның алпыс жылдық мерейтойына арналған мерекелік медальмен марапаттады. Кездесуде ақынның 80 жасына арнайы түсірілген фильмнен үзінді көрсетілді.
Ақын мерейтойына арналған іс-шаралардың қорытынды нүктесі аудан орталығы Теректі ауылында «Ақжайыққа жыр арнағым келеді» атты әдеби-сазды кешпен қойылды. Сахнада ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, жас ақындар той иесіне арнау өлеңдерін оқыды. Өз кезегінде Ақұштап Бақтыгерейқызы да жаңа жырларын ортаға салды.
Кеш соңында ақын сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы» әні шырқалды. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова мерейтой иесінің иығына аудан жұрты атынан камзол мен ақ орамал жапты.
Батыс Қазақстан облысы