• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Есірткі 16 Қазан, 2024

Есірткіге қарсы күрес толастамайды

179 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында есірткіге қарсы күрестің маңызына тоқталып: «Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», деді.

Облыс әкімдігінің отырысында әкімнің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов Солтүстік Қазақстан облысында есірткінің заңсыз айналымы қатерлі деңгейге жет­кенін атап өтіп, жыл басынан бері өңірде 191 есірткі қылмысы тіркелгенін, жарты тоннадан аса (573 кг) түрлі психотроптық заттар мен есірткі тәркіленгенін айтты.

«Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, өскелең ұрпақты улап жатыр. Бұл індетпен азаматтық қоғам институттары құқық қорғау орындарымен бірлесіп күреспесе, ертең тым кеш болуы мүмкін», деді ол.

Құқық қорғау органдары биыл есірткі таралымының алдын алуға 698 шара өткізген. Оларға көмекке 37 мыңнан аса жоғары сынып оқушылары мен студенттер тартылған. Олар, әсіресе графити-хабарландыруларды өшіруде құқық қорғау қызметкерлеріне көп көмек береді. Облыс аумағында есірткіге қарсы 19 билборд ілініп, 60-тан аса алдын алу материалдары жа­рия­­ланған.

Қазір облыста ресми түрде 498 наша­қор тіркелген. Оның 40-ы – әйел және үше­уі – кәмелет жасына толмағандар.

«Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бе­тов­тің қаулы­сы­мен құрамына 90 шараны қам­ты­ған есірткіге қарсы күрес­тің кешенді жоспары бекітілді. Оның  шеңберінде әрбір аудан мен ауылдық округтер көлемінде де жоспарлар жа­салады. Кешенді жоспар жап­пай бейне­бақылау орнату, қа­рал­майтын қуыс­тар қал­дыр­мау, «та­мақтық көкнәр» сататын дү­кен­дерді бақылау және басқа да шараларды қамтиды», деді облыс әкімінің орынбасары.

Әрбір аудан және ауылдық округ­тердің әкімдеріне бұл жұ­мысқа жергілікті белсен­ді­лер­ді, жастардың ресурс орта­лық­тарын, ақсақалдар мен спортшыларды тарту жүктелді.

«Ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желілерге жаңа контенттер ашып, бұл жұ­мыстарға қоғам белсенділерін, бло­гер­лерді тарту ұсынылады. Біз мақса­тымыз – әрбір азаматты осы қауіптен сақтандыру әрі мұның жауапкершілігін білдіру. Сондықтан оған полицейлер ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тартылуы керек. ҮЕҰ бел­сенділігі де төмен болып отыр, ұсы­ныл­ған жобаларды қаржыландыруға алғанда олардың осынау індетке қарсы күрес белсенділігі де ескерілетін болсын. Сондай-ақ жергілікті жерлерде бұл іске жас­тар ресурстары орталығы, ардагерлер, мәдениет пен әдебиет және бизнес өкілдері әлі күнге тартылмай отыр. Ата-аналармен жұмыс та кенжелеп қал­ған. Осы­лардың бәрі де кешенді жос­пар­ды іске асыруда ескерілуі керек», деді Ж.Жұмағұлов.

Есірткі таралымының көбею тенденциясын тоқырату үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының маз­мұнын арттырып, оған аптасына бір рет қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде есірткі таратудың алдын алу мәселелері бо­­йынша сабақтар өткізуді енгізді. Алай­да осының бәрі есірткіге қарсы күрес­те тиімді нәтижелер бере алмай тұр. Оның өсу тенденциясы Айыртау ауданында және облыс орталығында сақталып отыр. Қалған аудандардағы жағдай – баяғы қалпында. Мысалы, Есіл, Аққайың, және Тайынша аудан­дарындағы жағдай өзгер­ме­ген. Жалғыз-ақ М.Жұмабаев ауданында есірткі тарату саны былтырғы 12 жағдайға қарағанда азайып, биыл екеуге түсті.

Петропавл қаласы ПБ Есірткі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл бөлімінің бас­тығы, полиция майоры Жангелді Әпеновтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері полиция есірткі таратушының або­ненттік нөмірін анықтайтын және оның жүріс-тұрысын көрсететін «Айрис» және «Тритон» аппараттық-бағдарламалық кешенін қол­данады. Осы аппараттың көме­гімен ұсталған адам­ның сыбай­лас­тарының телефондары, ком­пьютерлері, ноутбуктері де анық­­та­лады. Сөйтіп, таратушы интернет-дүкендерді табуға болады.

«Осы аппараттың көмегімен биыл біз Петропавл қаласына Көкшетау, Астана және Алматы қалаларынан жет­кізі­летін синте­ти­калық есірткінің 7 арнасын әшкереледік, Мысалы, биылғы ақпан айында 1990 және 1987 жылы туған петропавлдық екі әйелден сатуға әкеле жатқан 1,5 кг «a-PVP», «мефедрон» атты психотроптық заттарын тәркі­ледік. Істі сотқа жеткізіп, на­ша­қор әйелдер 11 және 10 жылға бас еркінен айрылды », дейді Ж.Әпенов.

Дәл сондай синтетикалық есірткілер петропавлдық 2006 және 2003 жылдары туған екеудің бойынан табылып, әрқайсысы 7 және 10 жылға сотталған.

Сонымен қатар Ж.Әпенов есірткі таралуына қарсы жүргізіл­ген «Заслон», «Паутина», «Дәрмен», «Қарасора» опера­ция­лары туралы да айтты. Осы опера­циялардың барысында есірт­кінің заңсыз айналымын болдырмау шаралары жасалып, олардың контрабандалық жолмен тасымалдануы, сондай-ақ емдеу-сауық­тыру мен медици­­­налық мекемелер тек­се­рілген. Дәріханалардағы есірт­кілік зат­­тардың ашық айналымы да бақы­лан­ған.

Есірткіге қарсы күрестің ха­лық­аралық күнінің қарсаңында акция, дөңгелек үстел, семинар, спорттық іс-шара түрінде 50-ден аса алдын алу шаралары өткізіліпті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы