Көкірегі толық, көңілі ақ шүберектей мөлдір кез – тұтас өмірдің іргетасындай. Кейде алақұйын қоғамда абдырап, тірерге табан таппаған тұста артта қалған аусар жылдарға ой жіберіп, өзімізді түзеп алатынымыз бар. Бізде бәрі бар еді, бірақ біртіндеп айырылады екенбіз, жоғалтқанды іздеуден артық азап жоқ.
Ал бүгінгі жас өскіндерде балалық бар ма екен? Болса, қандай? Виртуалды әлемнің қызығы мен шыжығына батып, өз әлеміне келгенде, уайым басқан тұнжыр бала бейнесі елестейді. Психолог Эрик Берннің «Ойын ойнаған адамдар» кітабының «Адам тағдыры» атты бөлімінде адамның тағдыры жақсы немесе жаман болатынын баланың алты жасқа дейінгі көрген, естіген, түйген нәрселері шешеді деген пікір айтады. Яғни адамның миы бағдарлама іспетті. Оған бала күні жазылған дүниелер өз жемісін бермей қоймайды. Бабаларымыз бізге батырлық, ерлік туралы ертегілер айтуының себебі – ондағы әрбір ізгілік хақындағы ойларды балалар кейінгі өмірінде жүзеге асырады екен. Алыптар туралы ертегі тыңдап өскен бала ерлікке құштар болып өсетіні мәлім. Мәселен, қазақ ертегілеріндегі жақсылық пен жамандық образы қатар өрбіп, соңында жақсылықтың үстем болатыны, батырлардың «мұрат-мақсатына жетіп» аяқталатынында үлкен мән бар болып шықты. Қай кезде де аққа Құдай жақтығын, ізгіліктің тасты жарған гүлдей түптің-түбінде жеңіп шығатынын санасына құйған бала өмірдің ирелең жолақтарына мойымасы анық. Ал бүгінгі смартфон ұстаған балалардың қандай бейнебаяндар көріп жүргенін, нендей бейнелерге тап болып жүргенін білеміз бе? Бірінен соң бірі шыға келетін толассыз бейнебаяндардың ішінде қорқынышты сұлбалар мен жалаңаштанған адамдар, қисынсыз даулар мен бет жұлысқан жанжалдар, ұлттық болмысымызға ешқашан жанаспайтын әдеттер мен шетелдік модалар балдырғандардың жадын астан-кестең етіп, қаншалық былғап жатыр десеңші!
АҚШ ғалымдары бірнеше жыл бұрын 2-3 жас аралығындағы 47 баланың миына маңызды зерттеу жұмысын жасаған. Солайша тәулігіне бір сағаттан аса смартфон ұстаған баланың миындағы сөйлеу және жазу қабілетіне зиян келетінін анықтаған. Мұнымен қоса бала тұйықталып һәм өзді-өзімен оңашаланып, қоршаған ортамен байланысудан қалатын көрінеді. Көзге көрініп, қолға ұсталмайтын адам санасы нәзік мәселе десек, жады ақ қағаз секілді балалар естігені мен көргенін әп-сәтте сорып алатын шаңсорғыш іспетті. Ал аппақ қағазға қара ала сия төгуге кім-кімнің де хақысы жоқ.
Көз алдыма жұтылған балалық бейнесі келеді. Ол – қоңыр тайға мінбеген, көк өзеннен қармағы қаппай көңілсіз қайтпаған, қозыға қолмен жем бермеген, қорғасын құйып, асық ойнамаған бала...